Қаржылық сауаттылыққа жеті қадам

496

0

Қазіргі қарқынды дамып жатқан цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект заманында әрбір азаматқа қаржы саласында сауатты болу – уақыт талабы. Бұл мәселе тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өзекті. Қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығы қандай дәрежеде, күнделікті өмірімізге еніп жатқан жаңа өнімдерді меңгеруге қаншалықты қабілеттіміз?

Қаржылық сауаттылық – бұл халықтың қаржылық өнімдер туралы білімі, оларды қолдана білу, сонымен бірге белгілі бір пайда табу және өзіңізді тәуекелдерден қорғау. Бүгінде айналамызға көз салсақ, жалақыдан жалақыға дейін қиыншылық көретіндердің, капиталды арттыруды қалайтын адамдардың саны күннен күнге өсіп келе жатқанын байқауға болады. Тағы бір кеңінен таралған жағдай – қарызға алынған қаражатты сауатсыз пайдалану себебінен борыш шұңқырына түсу. Статистикаға қарасақ, Қазақстан – Орталық Азиядағы ең көп несиелендірілген ел. Мұндай жағдайлардың бәрі –  халықтың қаржылық сауатсыздығының дәлелі. Сондықтан оны арттыру – тек мемлекеттің ғана емес, сол сияқты әрбір азаматтың міндеті.

Бүгінде мемлекет, Ұлттық банк, жергілікті атқарушы органдар тарапынан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қаржылық сауаттылықты әркім өз бюджетін дұрыс жоспарлау және алаяқтықтың қауіпті жағдайларына тап болмау үшін игеруі керек. Өз бетімен сауат ашамын дегендерге ақпарат жеткілікті. Неден бастасам екен деген ойлары бар азаматтарға қандай кеңес берер едік? Ол үшін қарапайым жеті қадамнан бастаса болады.

Бірінші қадам – ақшаға деген көзқарасыңызды айқындау. Ақша қандай елде, қандай ғасырда болмасын күнделікті пайдаланылады, бірақ ақшаны қалай және не үшін басқару керегін түсінетіндер аз. Тауарды несиеге аласыз, бірақ тауар үшін төлем әрқашан ақшалай         болады. Негізсіз шығындардан аулақ болуға тырысу керек. Ақша сіз үшін қызмет ететін жағдай жасауға ұмтылу керек.

Екінші қадам – шығын әрқашан кірістен аз болуы керек. Бұл – маңызды ереже. Егер тапқаныңыздың бәрін толықтай жұмсасаңыз, ештеңе қалмайды, демек өз ақшаңызды қалай басқаруды білмейсіз. Тапқаннан көп ақша жұмсасаңыз, одан да жаман. Жалақы алдыңыз, бәрін жұмсадыңыз, ал келесі жалақыға дейін әлі ұзақ, туыстарыңызға, достарыңызға барып, қарызға ақша сұрайсыз. Осылайша өз шығындарыңызды ұйымдастыра алмайсыз.

Әрбір азамат тұрақты табыс деңгейіне қарамастан, өз шығындарын дұрыс бөлуді үйренуі керек. Егер мұны білсеңіз және шығыныңыз табысыңыздан 20%-ға аз болса, алға қарай жүресіз және қаржылық сауаттылықты үйрене аласыз.

Үшінші қадам – қаржылық міндеттемелер азайған сайын өміріңіз барынша жеңіл болады. Біздің қазіргі әлемде шатасуға, алдануға мүмкіндік көп. Жарнамаға қараңыз, бұқаралық ақпарат құралдарын тыңдаңыз, барлық жерде несиелер мен займдар ұсынады. Пайыздарды төлеу мүмкіндіктерін нақты бағалау қажет, өйткені пайыздық төлемдерді төлеу қосымша несие қажеттілігіне әкелуі мүмкін.  Қаржылық өмірді ауыр, көтере алмайтын борыштық міндеттемелерсіз құрған абзал.

Төртінші қадам – міндетті ақша резерві. Өзіңізді белгілі бір ақша резервін сақтауға үйретіңіз, ол өте аз болса да, кез келген жалақыдан кейінге қалдырылуы керек. Ақшалай резервті жалақыдан 10% бөлуден бастаңыз, шығындарыңызды қайта қарастырыңыз, артық зат сатып алмаңыз.  Содан кейін жалақыңыздың 20%-ға дейінгісін сақтауға тырысыңыз, бұл жинақтау үшін ең оңтайлы резерв болып саналады. Оны банкке салуға, содан кейін бағалы қағаздарға инвестициялауға, бір бөлігін болашақ зейнетақы үшін зейнетақы қорына салуға болады. Ақша резерві сіз үшін жұмыс жасасын.

Бесінші қадам – отбасылық бюджетті құрыңыз. Өткен айдың кірістері мен шығыстарын талдаңыз, осы айға отбасылық бюджет жасаңыз, әр шығын бабын мұқият қараңыз, қай жерде көп шығын бар екенін көріңіз, мүмкін бұл қажетсіз шығындар болар.

Алтыншы қадам – нақты мақсат қойыңыз. Өміріңізді, не істеп жатқаныңызды, уақытыңызды не үшін жұмсайтыныңызды қайта қарастырыңыз. Өмірде не істегеніңізді және не істегіңіз келетінін қараңыз.

Өзіңіз үшін жаңа және қызықты іспен айналысыңыз. Не керек, немен айналысқыңыз келетінін анықтап, бірақ осы сәтте ол шешіміңізді жүзеге асыра алмайтын болсаңыз, ренжімеңіз. Күн сайын не істегіңіз келетінін есте сақтаңыз және арманыңызға бір қадам жасаңыз. Мақсат қойыңыз және қорықпаңыз, оған қарай жүріңіз.

Жетінші қадам – әрқашан епті болыңыз. Отбасы шығындары мәселесіне ептілік тұрғысынан қарау керек. Көршілер, әріптестер, туыстар не айтатынына қарамаңыз, биік мәртебеге ұмтылмаңыз. Қарапайым өмір сүріп үйреніңіз. Мысалы, пәтер сатып алуға шешім қабылдадыңыз. Оны біреу үшін емес, өзіңіз үшін таңдайсыз. Ыңғайлы пәтерді таңдаңыз, мүмкін қайталама тұрғын үйден аларсыз, бұл пәтер нарықта арзанырақ болады. Таңдағанда, қандай пәтер қажет екенін және шынайы төлей алатыныңызды бағалаңыз. Есептеңіз, бағалап, сонан соң сатып алыңыз.

Ұсынылған қаржылық сауаттылыққа жеті қадам –  қаржылық білім берудің бастапқы буыны.

Айгүл Макенова,

Қорқыт ата атындағы  Қызылорда

университетінің аға оқытушысы,

экономика ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<