Қазалыда жасалған

710

0

Қазалыда «қамданған қапы қалмайды» дейтін тәмсілді берік ұстанғандар бар. Мемлекет тарапынан берілген көп мүмкіндіктерге жергілікті атқарушы орындардың көмегімен қол жеткізіп, грант ұтып, аз процентпен несие алушылар да жеткілікті. Бұның барлығы «өз кәсібімді ашып, өзгеге масыл болмайын» деген ниеттен туып жатады. Осының арасында жобасын қорғап, жоспарын іске асырғандардың бірімен  тілдескенбіз. Кәсіп ашуға ниеті орындалып, өз жағдайын жасап қоймай, жұртқа жұмыс беріп жүрген жігіт бүгінде ел ішіне керекті дүниені шығарып жүр.

35 жастағы Әсет Әзілханов құрылыс жұмыстарына қажетті газоблок шығарумен айналысады. Бұл – төзімді, өртке қауіпсіз, экологиялық таза, жылу сақтайтын, салмағы да ауыр емес әрі  өңдеуге ыңғайлы құрылыс материалы.

– 2018 жылы «Бизнес-Бастау» курсын оқып, келесі жылы мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алдым. Оған өзімдегі бар қаржымды қостым. Қызылордадан қажетті құрылғыларды алдырып, өз күшімізбен бастап кеттік. Әдепкіде қиын болды, бірақ біртіндеп бұл кәсіпке төселіп келеміз. Жасыратыны жоқ, былтыр қараша айынан бастап шағын цехымыз ауданға танылып, тапсырыстар түсе бастады. Ендігі мақсат – цех көлемін үлкейтіп, соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықтау. Мемлекет тарапынан шағын кәсіпкерлікке қолдау үзілмесе, «жұмыс істеймін, кәсіп ашамын» дейтін жас жігіттер бізде жеткілікті, – дейді кәсіпкер.

Әсеттің айтуынша, ең бастысы, өнім сапасына мән беру керек. Екіншіден, жергілікті жерден шыққан кез келген заттың бағасы сырттан тасымалдағаннан әлдеқайда арзанға түседі. Қазір ол шығарған құрылыс материалын Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының тұрғындары пайдаланып келеді. Әзірге жеке үй салушылар мен түрлі ғимарат құрылысын жүргізіп жатқандар кәсіпкерге шағым айта қоймапты. Сондай-ақ ауылдық округтерден, көрші Байқоңыр қаласы мен Арал ауданынан да тапсырыс бар.

Қазалылық кәсіпкер 3 адамды жұмысқа алған. Ал шағын цех күніне 100-150 газоблок шығаруда.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<