Құс баққанға құт қонады

1248

0

Әуелде мұның бәрі әуесқойлықтан басталған. Бес-алты мекиен мен қоразды қорасында ұстады. Хобби деуші ме еді мұндайды? Байқап отырса, тауық шіркіннің бабын жасасаң берері көп екен. Бұл үй дүкеннен жұмыртқа сатып алмағалы қай заман? Ал келіншегі құс етін қай тамақ түріне де жарата берді. Сол кезден бастап тауықтың санын көбейтті. Қыт-қыттаған бұл шіркіндердің қасына қаз бен үйректің түрлі тұқымы да келіп жайғасқан еді. Әрине, кейінгі 3-4 жылда.

Қала іргесіндегі «Қарауылтөбе» ауылында тұратын Абай Игембаевтың ауласында үй құсының түр-түрі барын естігенбіз. Барып көрмекке ниеттендік. Қызығы сол, кейіпкеріміз мемлекет тарапынан ешқандай көмек не кеңес алмапты. Өз қалауынша құс санын көбейткен. Жақын маңдағы мектепте жұмысшы болып істейтін оның бұл кәсібі жоқтан бар жасауға келетін сияқты.

– 2018 жылы үй құстарын баға бастадым. Оған себепші болған ағам Қайрат. Оның бұл кәсіппен айналысқанына он жыл болды. Қазір бөдене бағып, сол шаруашылықпен шұғылдануда. Бүгінде өзімде 150-ден астам тауық бар. «Супер Ник», «Коралл», «Джерсийский гигант», «Кучинский» деп аталатын бағалы түрлерін өсірудемін. Сойып етін сатамыз, күнделікті жұмыртқасын ауылдастар-ақ қоймайды. Инкубатор арқылы балапан шығарып, оны да саудалайтындар жеткілікті. Мысалы, бір инкубатор аппаратына 720 жұмыртқа саламыз. Оның ішінде жарамсыз жұмыртқалар да болуы мүмкін. Сонда 600-ден астам тауық балапанын шығаруға болады, – дейді А.Игембаев.

Құс өсірушінің айтуынша, жем-суы тұрақты берілсе, тауықтың жұмыртқалауына еш кедергі жоқ. Сондай-ақ кейінгі екі жылда қаз бен үйрек өсіруді қолға алған ол жақында Ресейден осы құстардың түрлі тұқымын әкеліпті.

– Жергілікті жерге тез бейімделеді. Әрі бұлардың еті өте дәмді. Қаз бағуға қызығушылар бар. Ауа райына бейімдеп өсірушілер де біздің облыста көбейіп келеді. Менің қолымда «Крупный серый», «Линда», «Губернатор» деп аталатын тұқымдары өсуде. Барлығы 300 балапан. Бұларды ет бағытында өсіреміз, бес айдан кейін союға жарамды. Бір қызығы, қаздың ит орнына қарауыл болып жүретіні бар. Аулаға өзге адам кірсе, айбат шегіп, тістеуге ұмтылады, – деп күлді құс өсіруші ағамыз.

Абай Игембаевтың үйректері де бар. Бізге «Пекинский» деп аталатын тұқымнан 40 шақты балапанды да көрсетті. Ал құстарына күнделікті берер жемді көрші Түркістан облысынан алдырады екен. Олардың басты азығы – жүгері, бидай, соя сияқты дақыл мен балық сүйегінен дайындалған ұн түйіршіктері.

Мұны демалыс, кәсіп әрі табыс көзі деп есептейтін қарауылтөбелік жігіт ағасы осылай тіршілік қылуда. Етінен бөлек, жұмыртқасын сатылымға шығарып, жергілікті тұрғындарды қажетті өніммен қамтып отыр. Расы сол, күнделікті ас мәзірінде құс жұмыртқасы мен етінің маңызы ерекше. Тез қорытылады, протеинге бай, емдік әрі жеңіл ас. Ал  Абайдың ендігі мақсаты – құсхана көлемін үлкейтіп, түрлі тауық пен қаз-үйрек санын арттыру.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<