Сапалы өнімге сұраныс жоғары

440

0

Елімізде шағын және орта кәсіпті дамыту, бизнес жолындағы кедергілерді жою мемлекеттің басты бағыттарының бірі болып отыр. Әсіресе қазіргі таңда шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан беріліп жатқан көп мүмкіндіктің арқасында кәсібіңізді кез келген жерде дөңгеленте аласыз. Бұл орайда бағыт-бағдары айқын мемлекеттік бағдарламалар халық игілігі үшін жұмыс жасауда. Осындай берері мол бағдарламаның бірі – «Ауыл аманаты» жобасы.

Аталған жоба аясында «Таң» ауылында қап шығаратын зауыт іске қосылды. Жергілікті кәсіпкер Дәурен Құдабай бауыры Рүстем екеуі бірлесіп өнім шығаруда.

− Өзім негізі мұғаліммін. Кәсіпке келмес бұрын Қызылорда қаласында мектепте ұстаздық еттім. Мамандығым – тарихшы. Әкемнің зейнетке шығуына байланысты ауылға келіп, әкем негізін қалаған  «Нұр» қожалығының шаруасын қолға алдым. Қожалық күріш егумен айналысады. Шағын күріш ақтау цехымыз да бар. Қап шығару кәсібіне өзіміздің қажеттілікті өтеу үшін келдім. Оның үстіне қаптың барлығы Қытайдан келеді әрі бағасы мен сапасы сын көтермейді. Сондықтан өзіміз шығарып, халыққа да сапалы дүние ұсынайық деп шештік, − дейді кәсіпкер.

Бүгінде қап шығаратын зауыттың өніміне сұраныс жоғары. Отандық өнімнің әлеуетін арттырғысы келетін кәсіп иелерінің басты мақсаты – сырттан келетін тауарларды ығыстырып, өнімнің қолданыс аясын кеңейту.

− Зауытты ашу үшін «Құдабай» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрып, «Ауыл аманаты» жобасымен 2,5 пайызбен жеңілдетілген 14 млн теңге несие алдық. Технологияны Қытайдан әкелсек, шикізатты Өзбекстаннан алып отырмыз. Қап шығарудағы мақсатымыз – пайда табу емес. Керісінше,  халыққа сапалы өнім ұсыну, − дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, зауыт негізгі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сұранысына сәйкес әртүрлі көлемде қаптар дайындауда. Күніне 10 мың қап тоқиды. Қыркүйек айынан бастап, яғни егін науқаны кезінде қапқа деген сұраныс артатын көрінеді. Қазір зауыт 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда. Әңгімелесу барысында кәсіпкер мемлекеттік бағдарламалардың көп пайдасы барын да тілге тиек етті.

− Кәсіпкерлікте  шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған бағдарламалар өте тиімді. Мемлекет төмен пайыздық несие, қайтарымсыз гранттар дейсіз бе, барлығын ұсынып отыр. Ал оның игілігін көру – әркімнің  өз ынта-ықыласына байланысты. Кәсібің – нәсібің,   сондықтан ерінбей еңбек ету керек. Мүмкіндікті барынша пайдаланған дұрыс, − дейді.

Кәсіпкердің алға қойған жоспары да ауқымды. Жуырда тағы бір өндіріс орны – аяқ-киім тігу цехын ашуды жоспарлап отыр.

− Цехтың барлық технологиясы дайын. Іске қосылғанда, қазақы нақыштағы етіктерді тігетін  боламыз. Қазір балам аяқкиім тігу  технологиясын үйреніп жатыр. Мұның барлығы өзімнің қаржыммен жүзеге аспақ, − дейді Дәурен.

Ағайындылардың бір емес, бірнеше кәсіпті жолға қойғаны елді сүйсінтеді. Осы ретте еңбекқор жанның жаңа бастамасына тек табыс тілейміз.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<