Саудадан есік өндірісіне дейін

282

0

Айналысамын деген адамға кәсіп көп. Тек жолын таба білсе болғаны. Бүгінгі кейіпкеріміз, Қызылорда қаласының тұрғыны Дәулет Пірімжанов тынбай еңбек еткен адамның тұрмысы берекелі болатынына әлдеқашан көз жеткізген. Бүгінде ол есік өндірісінде өзін дәлелдеп үлгерді. Бірақ кәсіпке икемі бары бала күнінде байқалған.

– 8 сыныптан кейін кәсіптік училищеге ауысып оқыдым. Сол кезде-ақ сауда-саттықпен айналыса бастадым. Сырттан киім-кешек әкеп саттым. Азық-түлік саудасында да азды-көпті тәжірибем бар. Кәсіптік училищеден механизатор мамандығын үйреніп шықтым. Дегенмен, бизнестен басталған жолым сол ізбен жалғасты, – дейді Дәулет Пірімжанов.

Ал есік өндірісіне «Covid-19» пандемиясынан туындаған экономикалық дағдарыс кезінде, карантин жарияланып, елдер арасындағы шекара жабылған 2020 жылы ден қойған. Оған дейін өнімді Украина, Беларусь, Қытай, Ресейден тасымалдап келген. Осы мемлекеттерде орналасқан біраз зауытта болып, тәжірибесімен танысқан. Ал өнім тасымалында қиындық туындағанда неге өзімізде өндіріс ашып, оны дамытпасқа деген ойға тоқтаған. Таңсық кәсіптің қыр-сырын меңгеру үшін Мәскеуде, Қытайдың Гуанчжоу  қаласында болған.

– Шет елдерден ешқандай маман алдыртқан жоқпыз. Ынталы жігіттерге үйретіп, қазіргі күні бүкіл жұмысты өзіміз атқарып жатырмыз. Алдымен сырттан сауда нүктелерін аштық. Бұл – шығарған өнімді сату үшін өте тиімді тәсіл. Есік өндірісінде 25 шақты адам еңбек етуде. Есіктерді Астана, Алматы, Түркістан, Шымкент, Тараз, Ақтау қалаларына жібереміз. Одан бөлек, біз Қызылордадағы шыны зауытынан шыққан әйнекті өңдеп, безендіріп, жиһаздарға қолданамыз. Қажет шикізатты Қытайдан алдырамыз, – дейді кәсіпкер.

Заман талабына сай жабдықталған цехта жылына 400-500 шақты есік шығарылады. Өндіріс басшылығы сапа мен бағаның қалтаға қонымды болуын басты орынға қояды. Темір есіктер қалыңдығы мен сериясына қарай 60-120 мың теңге аралығында саудалануда. Одан бөлек, ағаш есіктерге де сұраныс жоғары. Жаңа үй-жайлар үшін тапысырыс алу арқылы да жоспарды орындап келеді.

– Жұмысты станок атқарғанымен бір есіктің өзі 15 адамның қолынан өтеді. Демек, сапалы маман қай жерде де керек. Үкімет қолдауын үнемі сезініп келеміз. «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген шартпен несие алып, өндірісімізді аяққа тұрғыздық, – дейді кейіпкеріміз.

Есік, жиһаз шығару бағытында үнемі тәжірибе толықтыру үшін ол үнемі әртүрлі мемлекеттерде өтетін маңызды іс-шараларға қатысады. Соның ішінде 2019 жылдан бері Қытай сауда және экономикалық ынтымақтастығын ілгерілетуге бағытталған Кантон көрмесінен қалған емес. Кәсіпкер жәрмеңкені түгел аралап шығу үшін 4-5 күн уақыт кететінін, Қытайда қызмет көрсету сапасы алға озғанын, аспанасты елінен бізге де үлгі алу керек екенін айтты.

Дәулет Пірімжанов ағаш өндірісінің қыр-сырын үйрену үшін Ресейдің Владимирский облысынан маман шақыртты, ендігі кезекте бірлескен кәсіпорын ашуға ниетті. Алдағы уақытта осылайша кәсіпкерлік аясын кеңейткісі келеді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<