Шеберлік пен ұшқыр ой тоғысқанда

839

0

«Тәуекел етпей табыс жоқ». Кейіпкеріміздің негізгі ұстанымы осындай. Қазалылық Мархаббат Асанова да әу баста жұрт секілді педагогикалық мамандыққа оқуға түсіп, жоғары білімді тарих пәнінің мұғалімі біліктілігін алған. Бірақ білім беру ісінде қолтаңбасы жоқ. Есесіне, 2017 жылдан бастап жеке кәсіп ашуға бел буды. Алдымен Қазалы ауданы халқының тұрмысына қажетті өнім дайындады. Үй ішіне сән беретін перделер тігіп, ол сатып алушыларға бірден ұнаған.

Мархаббат кәсібін бастау үшін арнайы білім жетілдіріп, мамандардан дәріс алған. 2017 жылы Астана қаласындағы «Сырлы саусақ» сән үйінен «Пішу және тігу» үш айлық курсын бітіріпті. Дәл сол жылы Ақтөбедегі  «Құрақ өрлеу» сән үйінде де білімін толықтырған.

Қазір ол тігін өнеріне деген бейімі мен табандылығының арқасында пердеден бөлек, ұзатылатын арулардың жасауы мен әсем қазақи нақышта өрнектелген  көрпе-төсек тігумен де айналысады. Жас кәсіпкер Іnstagram желісі арқылы Қазақстанның барлық қалаларынан тапсырыс алып жүр.

– Алдымен киім пішіп, оны тігуді үйрендік. Қолымыз әбден дағдыланған соң перделерге тапсырыс ала бастадық. Былтыр үйімнің ауласынан жеке тігін цехын тұрғыздым. Жеті адамды жұмыспен қамтып отырмын. Әлеуметтік желіден бөлек, Қазалы ауданы, көршілес Арал, Байқоңыр қаласы тұрғындарынан тапсырыс көп түседі. Осы кезге дейін қыз жасауын, перделер тігіп келдік. Биыл ақпан айында Астана қаласынан жеке өлшемдегі авточехол тігу және пішу жолдарын үйреніп қайттым. Қазір «M&D» брендімен автоателье ашып, аудан бойынша көліктерге қызмет көрсетіп жатырмыз, – дейді Мархаббат.

Кәсіпкердің бұл салада жетістіктері жоқ емес. 2018-2019 жылдары аудандық, облыстық, республикалық қолөнер шеберлері көрмесінің ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарын алып, 2018 жылы «Қазалы ауданының ең үздік жас кәсіпкері» номинациясының иегері атанған.

Мархаббат қайырымдылық шараларымен жиі айналысады. «Мейірім» қайырымдылық клубын құрып, аз қамтылған отбасыларға жиі көмек көрсетіп жүр. Белсенді жастарды, аудан кәсіпкерлерін ұйымдастырып, Қазалы қаласындағы баспанаға мұқтаж отбасыға үй тұрғызып бергені де көпшіліктің есінде.

Иә, Қазалыда өз мүмкіндігін жіберіп алмай, кішігірім бизнес бастаған жандар бүгінде кәсіп көкжиегін кеңейтіп келеді. Ал Мархаббаттың айтуынша, кәсіппен айналысу – жеке табыс табу ғана емес, ел мүддесіне, халық ықыласына жұмыс істеу. Осы салада сапалы өнім дайындап, еселі еңбек етіп келе жатқан білікті маман иесі әрдайым өз тұтынушыларынан алғыс алып келеді.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<