Сыңғыр шолпы шашбаулым, жарасады таққаның…

433

0

Ұлттық бұйымдарды заманауи стильмен сәйкестендіріп ұсынуға, күнделікті образдарға қоса білуге де ептілік пен талғам керек. Он саусағынан өнері тамған қазалылық Нұрбану Сағырбек – кәсіби білім алмаса да, тәжірибе мен талғамы арқылы түрлі ұлттық әшекейлер мен тақияға тапсырыс қабылдап жүрген қолөнер шебері.

Қыз баласын ерекше қадірлеген қазақ халқы бойжеткеннің бұрымына тағатын әшекейіне де көңіл бөлгені белгілі. Әсіресе, екі үзбелі етіп, күмістен соғылған шолпы қазақ қызының қадірі мен құрметін одан әрі арттыра түскен. Ұлттық әшекейге бүгінгі қоғамның да сұранысы жоғары.

– Зергерлер бұдан басқа да шаш салпыншағын – шашбауды, сондай-ақ білезік, жүзік, сырға, қапсырма, ілгек, сәукеле әшекейін, түйме мен түрлі түйреуіш жасаған. Қазір де көптің талғамы мен сұранысына ие болған шашбау – қыз-келіншектер тағатын сәндік әшекей бұйымның бірі. Әйел шашының ажарын аша түсіп, өрілген бұрымның ұшын бекіту үшін алтын, күміс тиындар, кейде маржан қадалған бұйым таққан. Оны түркі халықтары ежелден қолданып келеді. Бір жағынан бұл бұйым шаштың өсуіне ықпал етеді.

Ал сырға тағу барлық елдің дәстүрінде бар. Қазақы нақыштағы сырғада ою-өрнек пен ұлттық бояу қанық. Сондай-ақ ұзатылатын қызға алдымен сырға салу дәстүрі де қазірге дейін жалғасып келеді. Ассортиментте шашбау, шекелік, тақия, шолпы, алқа, сырға бар, – дейді кәсіпкер.

Әйтеке би кенті «Арзан» базарында орналасқан қолөнершінің жұмыстарын Instagram әлеуметтік желісінде @kazaly_ruchnaya.rabota парақшасынан да көріп, танысуға, онлайн тапсырыс беруге болады. Тұрақты тапсырыс берушілері мен өз аудиториясын жинай білген қолөнершінің айтуынша, әшекей бұйымдарды жасау аса қиындық тудырып, ұзақ уақыт алмайды.

– Дайын фурнитураларды біріктіріп, ұлттық әшекейлерді құрастырамын. Атадан балаға жалғасқан өнер десек болатын шығар. Анам – қолөнерге жақын адам. «Шеше көрген тон пішер» дейді қазақ. Менің қолымнан шыққан ұлттық әшекейлерге қызығып, үйренгісі келетін қыздар да көп. Олардың да дайын фурнитураларды арнайы алдырып, қиялына қарай қанат бітіруіне болады. Әрине, қолдың ептілігі мен шыдамдылық қажет. Әшекей жасау емес, тігін бойынша курс өткізу ойымда бар. Алдағы уақытта жақсылап жоспарлап алып кіріссем деймін.

Ұлттық әшекей бұйымдарға Қазалы қаласының өзінен, ауылдарынан, тіпті, өзге қалалардан тапсырыс берушілер де бар. Онлайн тапсырыс қабылдау арқылы осы жылы көбіне өзге қалаларға әдеттегіден де мол сырға мен шашбау дайындадым. Мен секілді қолөнермен айналысатын, қазақы әшекейлерді ұсынатын кәсіпкерлер көп. Тіптен, жыл сайын саны артуда. Сондықтан бағаны арзан, халықтың қалтасына қонымды етіп ұсындым. Ең арзан баға деп танылып, адамдар бір-бірінен естіп білді ме, биыл тапсырыс бірнеше есе артты. Наурыз мерекесі мен Ұлттық киім күні қарсаңында тақия мен қазақша корсеттер де сатылымнан түспеді. Кәсіпте береке бар деп жатады. Ал мен маңдай тердің мерейі дер едім, – дейді ол.

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<