Байқайсыз ба, кейінгі уақытта белгілі бір өнім шығаруға ынталы кәсіпкерлер көбеюде. Мәселен, өткен жылы Әйтеке би кентінің тұрғыны Гүлзира Нұрлыбекова «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында мемлекеттік гранттар байқауына қатысуға өтініш білдірген. Ауданда ешкімнің жұмысын қайталамаған ол жеңімпаз атанды. Осылайша жаңашыл ойының арқасында 4500000 теңге қайтарымсыз грантты ұтып алды. Мұндай қаржыға механикалық және электрлі виброүстел, калибрлеу жабдығын, пенопласт пен бетонды біріктіретін құрылғы, вакуумды қалыптау машинасын және пластикалық қалыптар алынды. Бұдан бөлек өз ақшасына бетонды былғайтын аппарат пен компрессорға қол жеткізді.
Қазір 2 адам жұмыспен қамтыған. Кәсіпкер тұрғын үйлер мен ғимараттарға талғамына қарай ою-өрнекті, тегіс және әртүрлі көлемдегі заманауи полифасад өнімін ұсынып отыр. Бүгінде сапалы бұл өнім – қасбетті өңдеу мен әрлеуде таптырмас дүние.
– Ерекшелігі, 10-15 жылға дейін төзімді, үнемді, бойында жылу сақтайды. Дыбыс өткізбейді, жарылып кетпейді. Ғимарат сыртын бір қаптап және сапалы бояумен сырласа, ұзақ тұрады. Аптасына 6 күн 8 сағат еңбек етеміз. Өз ауламыздан ашқан 300 шаршы метр аумақты қамтитын ашық және жабық жағдайдағы цех бар. Әзірленген қалыптың кебуіне 3-4 күн қажет. Бес күннен кейін қолдануға болады, – дейді Гүлзира Нұрлыбекова.
Қазір күніге 400 қалып бастырылып шығарылады. Үлкен коттеджге шамамен 1600-дей, шағын нысанға 1000-дай қалып кетеді екен. Бір қалып 400-450 теңгеге бағаланады. Бұл күні сұраныс жақсы. Тұрақты тұтынушылардың пікірінше, штукатуркаға уақыт кетпейді, аса көп шығын шықпайды. Есесіне ақша үнемделеді. Сондықтан мұндай пайдалы тұсын түсінгендер тапсырыс беріп жатыр.
Гүлзираның айтуынша, полифасад жасау үшін қажетті құрал-жабдықтар Севастопольден әкелінген. Сол қалада жолдасымен бірге өндірістік процесті үйреніп, қазір алған білімдерін үйде сәтті қолдануда.
Кәсіпкердің айтуынша, бүгінде олардың өнімдеріне белгілі бір сұраныс бар. Өйткені, тиімді бағадағы құрылыс бұйымы жауын-шашыннан және басқа да климаттық жағдайлардан қорғайды.
Гүлзира жолдасы Асқармен бірге Әлихан, Мансұр, Әлинұр және Фалих атты ұлдарын тәрбиелеп отыр. Олар отбасылық бизнесін ұлғайтуды мақсат етуде. Қосымша гипстен терезе-есік жақтауларына қасбетті әрлейтін өнімдер шығаруды көздейді. Мұнымен қоса, еуроқоршау жасауды да қолға алмақ.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<