Талпыныс және табыс

585

0

Сыр өңірінде мемлекеттен көмек алып, кәсібін дөңгелентіп отырған жандар жетерлік. Соның бірі – Гүлзат Әбілова. Кәсіпкер өткен жылдың қараша айында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грант конкурсына «Еуро қоршау»  жобасын әзірлеп, грант иегері атанды.

Қайтарымсыз қаржыға меха­ника­лық және электрлі виброүстел, калибр­леу жабдығын, бетонды біріктіретін құрылғы, вакуумды қалыптау машинасын және түрлі пішіндегі қалыптар сатып алды. Бұдан бөлек, өз қаражатына бетонды араластыратын аппарат пен компрессорға қол жеткізді. Қазір тапсырысқа сәйкес, заманауи үлгідегі еуро қоршау шығаруда. Оның еуропалық үлгідегі темір-бетоннан жасалған өнімдеріне сұраныс та жоғары. Мәселен, 1 апта ішінде арнайы қалыпқа салып әзірленетін еуро қоршаудың 600-800 метрін өндіріп, тапсырыс берушіге жөнелткен.   

– Мен – Тараз қаласының тумасымын. Кәсібімізді алғаш бастарда саланы әбден зерттедік. Ізденіп қарасақ, Қызылордада нарық бос екен. Сонымен күйеуім екеуміз осында қоныс аударып, брюсчатка өндірумен айналыстық. Ол кезде өндірісті өз қаржымызбен бастадық. Былтыр «Қайтарымсыз грант» деген елең еткізді. Содан осы «Еуро қоршау» идеясын қорғап шықтым. Керекті құжаттарды талапқа сай дайындап, комиссиядан сүрінбей өттім. Гранттан түскен қаржыға өз қаражатымды қосып, осы кәсіпке ендім де кеттім. Жалпы, біздің өнім жауын-шашын және басқа да климаттық жағдайларға төзімді әрі бағасы да тиімді. Аптасына 6 күн еңбек етеміз. Өнімге сұраныс та жоғары. Қыста да сұрап жатады. Қаладан бөлек, аудандардан да сұраныс бар.  Мысалы, өткен жылы Қазалы ауданынан көп тапсырыс түсті, – деді ол.

Кәсіпкер қазір суағар, бордюр, баспалдақ қаптағыш, тіпті брусчатканың 12 түрін құйып жатыр. Сол арқылы 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда жұмысшылар цементті әбден араластырып, қажетті түстерге бояйды. Содан соң түрлі пішіндегі қалыптарға құйып, арнайы аппаратпен нығыздайды. Бұл жұмыстың барлығы тапсырыс берушінің қалауы бойынша жасалады.

Жағымды жаңалық мұнымен біткен жоқ. Кәсіпкер биыл жұмыс ауқымы кеңейгесін «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы микро­қаржы ұйымы арқылы 6 пайыздық несиелендіру бойынша «Құрылысқа қажетті темір торлар шығару үшін қажетті құрал-жабдықтар сатып алу» жобасын ұсынып, жеңілдетілген несие­ге қол жеткізді. Қазір қытайлық компаниялармен келісім-шарт ар­қылы құрал-жабдықтарды алдыртуда. Демек, алда жұмыс күшейе түспек.

Отбасы мен кәсібін қатар алып жүр­ген кейіпкеріміз, болашақта жұ­мыс­­­шылар санын арттырып, Қазақ­стан нарығына шығуды жоспарлап отыр.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<