Тары түйген ауыл

919

0

Шиелідегі «Ортақшыл» ауылының тарихы тым әріде. 1928 жылы ұжымдастыру науқанымен «Тегісшіл» елді мекені құрылады. Бір жылдан соң қайта «Ортақшыл» атанып, елуінші жылдары Сталин есімі де таңылған. Ал 1960 жылы Сырдария өзенінің арғы бетіндегі «Қызылқайың» совхозымен біріктірілген. Атауы тағы өзгеріп, «Сырдария»  болып құрылған соң орталығы «Жөлек» ауылы болды.

Қанша жерден аты өзгергенмен, бұл елдің әу бастағы тұрмысы мен тіршілігі – төрт түлік өсіру, егін егу. 2005 жылдан бастап өз алдына округ болған ауыл құрамына қазір «Ортақшыл» мен «Қызылқайың» елді мекендері кіреді.  270-тен астам шаңырақ бар. Аудан орталығы – Шиелі де алыс емес. Бар-жоғы 30 шақырымдай.

– Ауылдағылардың негізгі күнкөрісі – егін мен мал шаруашылығы, –деді бізбен тілдескен ауылдық әкімдіктің жетекші маманы Нұршат Бағдатұлы.  – Соның ішінде облыс бойынша тарыны ең көп егетін де біздің ауыл. Биыл 140 гектар жерге осы дақыл егілді. Жай ғана егіп қоймай, оны сөк пен талқан етіп өңдейтін екі цех бар. Жалпы ауыл бойынша 350 гектарға жуық жерге егін ексек, оның көбі тары мен бақша. Картоп пен көкөністі де өсіргендер жетерлік. Сондай-ақ, ірі қара бағып, өз шаруа қожалығын жандандырып отырған азаматтар да жоқ емес.

Нұршаттың айтуынша, ауылдық округте көліктерге сервистік қызмет көрсету орталығы, монша, азық-түлік дүкендері, ұстахана және шаштараз жұмыс істеп тұр. Бұл – кәсіпкерлікке ден қойғандар көбейген деген сөз.

Шынымен ауылдан мемлекеттік бағдарлама көмегімен кәсібін ашқандарды көзбен көрдік. Жергілікті тұрғын Қылышбек Айтбай өз жобасы арқылы қайтарымсыз қаржы алып, тұрғын үйлердің сыртқы қасбетін әрлейтін құрылыс заттарын шығарып жүр. Бес адамды жұмысқа алған. Өз үйінің ауласынан цех ашып, түрлі түске боялған жабынды панельдер құйып дайындайтын жігіттің өніміне сұраныс жоғары. Ауылдан бөлек, аудан тұрғындары да тапсырыс береді.

Ал жоғарыда айтқандай, тары өсіруден алда тұрған ауылда сол дақылды өңдейтін цехты көруге арнайы бұрылғанбыз. Алғашында қайтарымсыз грант ұтып, кейіннен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алған Қалима апай тұрғындарға монша ашып, сөк пен талқан шығаратын шағын цехын іске қосқан.

– Бұл ауылдың басты кәсібі – тары өсіру. Біз де отбасымызбен 1 гектар жерге тары егеміз. 2016 жылы қайтарымсыз грант ұтып, тары өңдейтін шағын цех ашқанбыз. Кейін өз қаражатымызбен оны үлкейтіп, жабдықтарын ауыстырдық, жаңадан құрылғылар алдық. Өзімізден бөлек, келісілген бағада осы елдегі тары еккендердің сөгін түйіп, талқанын тартып береміз. Дәні толыққанды болса, бір қап қуырылған тарыдан 36-40 келіге дейін сөк аламыз. Ал осы салмақтағы сөкті талқан етіп тартсақ та сол салмақ жоғалмайды.  Сондай-ақ екі жыл бұрын ауылдастарға арналған қоғамдық монша салдық. Жолдасым Әбдікәрім Дүйсебек екеуміз осылай тіршілік етудеміз, – дейді Қалима Жұматай.

Мұндағы ағайынның айтуынша, жердің құнарына қарай гектарына бірнеше қап тары алуға болады. Суы қанық, жері тың болса, гектарына 80-90 қап өнім жиясыз. Айта кетсек, бүгінде «Ортақшылдың» сөгі мен талқаны біздің аймақ қана емес, өзге облыстарда сатылып жүр.

– Жерге дәнді қалай септің, сол күннен бастап 90 күн уақыт өту керек. Үш айдан соң ғана тарыға орақ салуға болады. Қол орақпен ору керек, өйткені, піскен тары өзге дақылдай емес, қауызынан төгілуге дайын тұрады. Ала жаз бойы алты рет суарып, құстан қорып, әбден қырманға бастырғанша бейнеті көп қой. Бірақ, осы тарының сөгі мен талқаны адамға ерекше күш-қуат береді. Дәрумен көп мұнда. Қазір менің жасым 78-ге таяды. Бала күннен әке-шешемізге көмектесіп, тары мен бақша ектік. Сол кәсіпті әлі жалғастырып келемін. Ілгері уақытта көптеп егуші едік. Жасымыз келген соң азайттық. Биыл бір гектар жерге ғана тары ектім, – дейді ортақшылдық қария Қарсыбай Сағындықов.

Ақсақал айтқандай, тарының денсаулыққа пайдасын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деген сөз бар. Ағзаға тоқтықпен қатар, қан қысымын реттеуге, асқазан жұмысын жақсартуға септігін тигізетін көрінеді. Бауырға пайдалы, денедегі артық тұзды да шығаратыны бар.

Ал біз ауылды аралай жүріп, тарыдан бөлек, «Ортақшылда» өз бетінше еңбек етіп, тіршілігін түзеген жігіттерді де кездестірдік. Атап айтсақ, осындағы Руслан және Бағлан Жүзімовтер жұрт сұранысына қарай үй жанынан қамкесек басуда. Олар бір аптада екі үйге кететін 60 мың кесекті дайындап береді. Ағайындылар өздерімен қоса, ауылдағы 15 жігітті ұйымдастырып, екі ауысыммен маусымдық жұмысты үйлестіріп жүр. Ал кепкен кесекті «Ортақшылдан» бөлек, Шиелі кентінде тұратындар да сатып алады екен.

Иә, ауыл тұрмысы жаман емес. Инфрақұрылым жағы толық шешілмесе де күйі кетіп тұрған көше көрмедік. Кейінгі жылдары бұл салаға қолдау көп. Мысалы, Нұрмахан Бәйімбетов, Амангелді Иманов, Кәрібай Ерубаев, Сыздық Тілеубаев және Абай Құнанбаев көшелеріне жөндеу жұмыстары жүріпті. Сондай-ақ жеті көшеге түнгі жарық шамдары орнатылған. «Қызылқайыңдағы» «Достық» көшесінен спорттық, «Ортақшылдағы» Сәкен Сейфуллин мен Есабыз ата көшесінен балаларға арналған ойын алаңы салыныпты. Бұған қосымша осы ауылда мәдени іс-шараларды өткізетін алаң да бар. Ұялы телефон байланысын жақсарту үшін «Ксеll» байланыс операторының мобильдік мұнарасы орнатылған.

Былтыр «Қызылқайың» елді мекеніне ауызсу апару үшін жоба-сметалық құжаты дайындалып, сараптамадан оң қорытынды алған еді. Биыл бұған 209 млн теңге қаржы  бөлініпті. Мердігер мекеме «Дәнекер» ЖШС маусым айында құрылысты бастаған. Жоба бойынша 15 тонналық су мұнарасы, екі ұңғыма қазылады. Сонымен қатар, екі шақырымға жуық ауызсу құбыры жүргізілмек.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<