Жаңақорғандық Ақбота Төлешова 8 жылдан бері тігіншілікпен айналысады. Өзінің айтуынша, қолөнер, тігіншілік – бүгінде табысты бизнестің бірі. Өйткені, қолдан жасалған дүниеге сұраныс жоғары. Қолөнерді жанына серік еткен ол тапсырыспен түрлі киім тігіп халықтың алғысына бөленуде.
Шебер 2017-2020 жылдар аралығында Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығын тәмамдаған. Қолына дипломын алған бойда кәсібін ашуды жоспарлайды. Бұл саладағы басты қадамының бірі – «Бастау бизнес» жобасына қатысуы еді. Жоба арқылы өзін дамытып, мемлекеттің қайтарымсыз грантына қол жеткізді.
– Менің анам – тігінші. Кішкентайымыздан ол кісінің тігіп берген киімдерін киіп өстік. Анамның қасында жүріп көргенім болмаса, есейгенше қолыма ине ұстамадым. Мені тігінші болады деп ешкім ойламады. Десе де, бұл өнер маған дарыды.
Колледжге түспестен бұрын жеке кәсіпкердің қарамағында жұмыс істедім. Сол жердегі ұстазым Нұргүл апай ине ұстаудан бастап, киім пішу, етек пен балақты тігудің әрбір деталін меңгертті. Одан әрі шеберлігімді колледжде Аягөз Әлиева апай шыңдады. Қос ұстазым киім тігуге деген құштарлығымды оятты. Сол қызығушылық білім алып өз кәсібімді бастауыма сеп болды, – дейді Ақбота.
Бүгінде кәсіп жасаймын деген адам үшін мүмкіндік жеткілікті. Соның бірі – мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттар. Оның игілігін жас тігінші де көруде. Ол 565 мың теңге несиеге қол жеткізіп, оған алғашқы тігін машинасын алды. Осылайша «Ақбота» тігін шеберханасын ашып, жұмысын бастады.
Шеберханада жұмыс қызу, тапсырыс та жеткілікті. Әсіресе, балабақша бүлдіршіндері мен жасы ұлғайған кісілердің көйлегіне деген сұраныс жоғары көрінеді. Оның үстіне бағасы қалтаға қонымды болғандықтан келушілер қатары қалың.
– Бұл – жаныма жақын мамандық. Өзім жақсы көріп жасайтын кәсібім болғандықтан нәсібімді тауып, тұтынушыларымның алғысын арқалап келемін. Тапсырыс берген жандардың киімін межелеген уақытта дайындауға тырысамын. Бағасын халықтың қалтасы көтеретіндей қоямын. Кейде «қалтамда осынша ақша бар» деп келетіндер болады. Барына тігіп бере беремін. Ең бастысы – тіккен дүнием халықтың көңілен шықса болғаны, – дейді шебер.
Әңгіме барысында кейіпкер тігіншіліктің тиімді кәсіп екенін де сөз етті. Оның айтуынша елімізде тігін тігудің қыр-сырын үйренгісі келетін қыз-келіншектердің де қатары көбейіп келеді.
– Әрбір істің өзіндік қиыншылығы мен қызығы болады. Тігінде басты талап – икем мен шыдамдылық, жауапкершілік пен тиянақтылық. Адам өз ісін жақсы көріп жасаса нәтиже болады. Қазір тігінге деген қызығушылық жоғары. Ерінбей ізденіп, қарым-қабілетіне сенсе болғаны. Өзім де үйренемін деген жастарға білгенімді бөлісуге дайынмын, – дейді.
Жас кәсіпкер тігіннен бөлек үш жылдан бері киімдерді химиялық тазартумен де айналысады. Қазіргі уақытта оның шеберханасында өзінен бөлек жастар практикасымен келген 5 тігінші жұмыс жасайды. Ақбота оларға тігін тігудің қыр-сырын үйретуде. Ісмер алдағы уақытта шағын кәсібінің ауқымын кеңейтіп, цех ашуды жоспарлауда.
Асыл қасиет кез келген жанға бақ боп қона бермейтіні анық. Халықтың көңілінен шығып, еліміздегі тігіншілік өнердің дамуына үлес қосып жүрген Ақбота Тілеубайқызының еңбегі елді сүйсінтеді. Жұмыспен қатар бала тәрбиесін де назардан тыс қалдырмай жүрген алтын қолды шебердің еңбекқорлығы өзгеге үлгі боларлықтай.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<