Тоқыма бұйымдар сәннен қалмайды

379

0

Тоқыма – ежелден келе жатқан және бүгін де өзектілігін жоғалтпаған өнер. Ол шығармашылық пен техникалық шеберлікті біріктіріп, әсем туындылар жасауға мүмкіндік береді. Жанға жайлы, денеге жұмсақ тоқыма бұйымдары әлі күнге дейін сәннен қалмай келетіні де сондықтан.

Қайтарымсыз несиеге ие болған Арал ауданы Сексеуіл кентінің тұрғыны Арайлым Ерімбетова тоқыма өнеріне бала кезінен қызыққан. Алғашында ілмекпен тоқуды ұстазы Сұлушаш Жүсіповадан үйренген. Ал қазір сол қызығушылығын кәсіп көзіне айналдырып, табыс табуда.

– Әр кәсіптің өзіне тән қиындығы мен жауапкершілігі бар. Менің ісіме ең алдымен отбасым қолдау танытады. Әсіресе, қыздарымды қолөнерге баулып келемін. Үлкен екі қызым тоқуды әжептәуір меңгерген, кіші қызым небәрі 1-сынып оқушысы болса да, ынтасы мол. Тоқыма өнері сәннен қалмайды және заман талабына сай жаңа брендтер шығаруға болады. Бұл біріншіден, еңбекті кәсіпке айналдырса, екінші жағынан логикалық ойлауға әсері мол. Мұнда түстердің үйлесімділігі, бір-бірімен жарасымы, дәлдігі маңызды, – дейді қолөнерші.

«Күміс алқалы» ана моншақтардан түрлі бұйымдармен бірге тоқыма аяқ киімдер жасайды. Тұрақты тұтынушылар мен тапсырыс берушілер көп.  Өткен жылы ауданда  ұйымдастырылған «Болашаққа қадам» көрмесінде қолөнер бұйымдары көпшіліктің көңілінен шығып, тез сатылып кетіпті. Алдағы уақытта тынымсыз еңбек етіп, өнерін өрістетіп, кәсібін дамытуды көздейді.

Назерке   НҰРХАН,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<