Трендтегі туындылар

521

0

Ұлттық қолөнер бағзы заманнан бері қалыптасып келеді. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты қолөнердің сан алуан түрі бар десек, соңғы жылдары күнделікті тұрмыстық заттардан бастап, қыздардың әшекей бұйымдары, киім–кешек, ыдыс-аяқ, тіпті, жолдорбаларына дейін ұлттық нақыштағы бояуға қанық.

Қызылордалық Амира Исабаева – ұлттық нақышта заманауи жолдорба мен қол сөмкелерін тігіп, көпшілікке ұсынып жүрген қолөнерші. Қолөнер саласына келгеніне көп уақыт бола қоймаса да, жастар мен тұрғындардың талғамына сай дүниелері қазір трендте.

– Адамға адам себепші. Қолыма ине-жіп ұстап көрмеген адамның бірі мен едім. Белгілі бір себептерге байланысты алдыңғы жұмысымнан өз еркіммен бір күнде шығып кетіп, жұмыс іздестіріп жүргенмін. Інім ол кезде авточехол тігумен айналысатын. Бір күні өзі үлгермей жатқан кезде маған өтініш айтып, «жайнамаз тігу сенің қолыңнан келеді» деп сеніп тапсырды. Осылайша тігін тігіп үйреніп, тәжірибе жинақтай бастадым. Ата-анам да, бауырларым да қолдау көрсетті. Содан кейін іштей сенімділік пен тігін өнеріне деген құштарлық пайда болды. Кейіннен неге өз қалауыма сай басқа нәрселер тігіп көрмеске деп Астана қаласындағы Дамуспренттен жаңа әдіс-тәсілдерді үйреніп қайттым. Онда 1,5 айдай оқыдым. Келген соң түрлі идеяларымды іске асыра бастадым.

Өзіме ұнайтын трансформер, яғни, ұзартылып-қысқартылатын жол сөмкелеріне қызылордалықтардың көзқарасы басқаша болды. Алайда осы бағытта жұмысымды жалғастыра бердім. Шамамен 3 айдан соң қаладағы асабалар, өнер адамдары тапсырыс бере бастады. Негізінен Ақтау, Атырау қаласының тұрғындары жиі тапсырыс беріп, алдырып жатады. Тігуге қажетті заттарын, эко тері мен теріні алмастырушы материалдарды Алматы қаласынан алдырамын. Өйткені аймақ тұрғындарының қаржылық мүмкіндігіне байланысты эко теріден дайындалған өнімдер сұранысқа ие. Таза табиғи теріден жасауға болар еді, алайда оны сатып алуға халықтың қалтасы көтермейді. Соны ескере отырып, матасын да, сапасын да, бағасын да халықтың сұранысына сай етіп ұсынудамыз, – дейді Амира Қасқырбайқызы.

Қолөнершінің ассортиментінде жолдорба, иықдорба, ноутбук салуға арналған, спорттық сөмкелер, сонымен қатар ұлттық нақыштағы үйге киюге арналған аяқкиімдер мен машинада отырғанда белге қоятын жастықшалар, трансформер жамылғыштар бар. Амираның қолынан шыққан дүниелердің ерекшелігі – ұлттық нақыш пен заманауи стильдің тоғысуында. Әрі түрлі жағдайға сай сөмкелер ұзартып, қысқартуға ыңғайлы. Тек қана жастар емес, жалпы әртүрлі жастағы адамдарға жақсы таңдау.

– Алда жоспарым көп. Бұйырса, осы жазда Астана қаласындағы ұлттық қолөнер бұйымдары көрмесіне қатысу ниетім бар. Мұндай республикалық көрмеге бірінші рет қатысқалы тұрмын. Әрі алдағы уақытта облыс бойынша да  қолөнер бұйымдарына арналған көрмелер жиі ұйымдастырылып тұрса, тәжірибе алмасып, өзімізден шыққан өнімдерді өзіміз танысақ, қолдасақ дегім келеді, – дейді кәсіпкер.

Дина Мәделханқызы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<