Тұжырымдама кәсіпкерлікке қарқын қосады

625

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқтала келіп, «бизнес өкілдерінің және азаматтардың нақты сұранысы негізінде шешімдер әрі кеткенде үш күн ішінде, тіпті, қажет болса бір тәулікте қабылдануға тиіс» деген болатын. Әрине, бұл сөзден кәсіпкерлерге деген қамқорлықты, қолдауды байқау қиын емес.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2020 жылы жасаған Жолдауында «игілік пен міндетті тең бөлу, жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі, жаңа кәсіпкерлерге арналған нарықты қалыптастырып, әділ бәсекелестікке жағдай жасау – негізгі бағыт» деген еді. Одан бөлек те, Президент әр жылдары жиындарда, жолдауларда кәсіпкерлерді қолдауды ашық айтып жүр. ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 8-ші съезінде шағын және орта кәсіпкерліктің 2030 жылға дейінгі жаңа даму стратегиясын айқындау міндетін де басты орынға қойған болатын. Осы тапсырманы орындау үшін ҚР шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Үкімет оны мақұлдады.

Осыған дейін ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері қаралды. Онда бірқатар жауапты тұлғалар баяндама жасап, шағын және орта кәсіпкерлікті қалай дамытудың жолын, тұжырымдамасын талқылады.

2015 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму серпіні оң нәтижені көрсетті. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 7,9%-ке артып, 34,7%-ке жетті. ШОК өнімдерін шығару 2 есеге артып, номиналды мәнде 29,7 трлн теңгені құрады. Жұмыс істеп тұрған ШОК-тың жалпы саны 15,2%-ке артып, 1,4 млн субъекті болды. ШОК-та жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10,6%-ке артып, 3,5 млн адамды толтырды. Әрине, бұл көрсеткіштерге қуануымыз керек. Десе де, әлі де атқарылар жұмыстар бар. Негізі кәсіпкерлік қызметті одан әрі дамытуға қолайсыз реттегіш жүйе мен шектен тыс әкімшілік жүктеме кедергі келтіреді. Бұл мәселені Мемлекет басшысы 2021 жылдың аяғында қол қойған жаңа реттеу саясатын енгізу мәселелері жөніндегі заң аясында екі кезеңде шешу жоспарланып отыр. Мәселен, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында төрт басым салада: сауда қызметі, көлік, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру және қонақүй қызметтері секілді салаларда реттеушілік талаптар қайта қаралатын болады. Аталған салаларда ШОК субъектілерін қамту шамамен 60%-ті  құрайды.  2022  жылдың екінші жартыжылдығында және 2023 жылы денсаулық сақтау, құрылыс, өнеркәсіп және т.б. (ШОК қамту – 40%) секілді қалған салаларда бизнеске қойылатын талаптарды (40 мыңнан астам) қайта қарау жоспарланып отыр. Жаңа тәсілдерді іске асыру бизнеске түсетін жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа экономика жағдайында іскерлік белсенділікті дамытуға серпін беруге жол ашады.

Қолдаудың тағы бір құралы – шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы. Оның аясында нарықтың жекелеген қатысушыларына әділетсіз артықшылықтар беретін заңнамалық,  реттеуші актілердің күшін жою, жаңа бастаған, жұмыс істеп тұрған бизнес үшін сапалы өнеркәсіптік, инновациялық, креативті инфрақұрылымның артық ұсынысын жасауды ынталандыру, бизнестің есептілігін автоматтандыру және рұқсат беру құжаттарының санын қысқарту, шектеулі бюджет ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру үшін жеке тұлғалар алдында ұжымдық пайданың басымдығын қамтамасыз ету, ШОК үшін реттеушілік кедергілерді қысқарту көзделіп отыр.

Сөз басында айтып кеткеніміздей, Үкімет шағын және орта кәсіпкерлік тұжырымдамасында ұсынылған тәсілдерді қолдады. Премьер-министр Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау үшін тұрақты негізде сындарлы жұмыс жүргізуде. Мәселен, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бекітіліп, кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеу саясатын енгізу мәселелері туралы заң қабылданды. Өз кезегінде Үкімет «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы» аясында қолдау шараларын жалғастыратын болады. Бұл да – кәсіпкерлікке жасалған ерекше қолдау. Өйткені, аталған бағдарламалардың шарапаты кәсіп бастаған көптеген жанға тигені анық.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін 2030 жылға дейінгі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Бұл құжатқа сәйкес, шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін беру үшін қажетті институционалдық жағдайлар мен алғышарттар қабылданатын болады. Тұжырымдаманы іске асыру 2030 жылға қарай осы салада жұмыс істейтіндердің санын 5 млн адамға дейін ұлғайтуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі ШОК үлесін 40%-ке, жалпы ішкі өнімдегі орташа компаниялардың үлесін 20%-ке дейін арттыруға мүмкіндік береді. Азаматтарға кәсіпкерлік қабілеттерін іске асыруға тиісті жағдай жасап, ашық әрі адал бизнес жүргізгенде ғана аталған мақсаттарға қол жеткізу мүмкін болады», – деп атап өтті Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Құжатта өсу әлеуеті бар ШОК-қа басым қолдау көрсетуге бағытталған саланы дамыту тәсілдері қалыптастырылған. Әзірленген тәсілдерді іске асыру оңайға соқпасы анық. Ол үшін кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және ынталандыру, фискалдық парасаттылықты көтермелеу, көлеңкеден шығуға ықпал ету, ШОК-тің бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне жәрдемдесу қағидаттарын сақтау маңызды.

Осы күні БАҚ беттерінде ШОК-ты дамыту тәсілдері пирамида қағидаты бойынша құрылатыны жазылып жатыр. Қазақстан Республикасында ШОК-ты дамыту проблемаларын шешуге бағытталған міндеттер де айтылуда. Олар – кәсіпкерлік белсенділікті қамтамасыз ететін институционалдық орта құру, бизнес-ахуал мен бизнес-ортаға әсер ететін кәсіпкерлік қызметті реттеуді дамыту, мемлекеттік қолдау шаралары құрылымының тиімділігін қамтамасыз ету.

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірге Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасын сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді, кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілдерін іске асыру үшін салалық мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктеріне бірінші басшылардың жауапты орынбасарларын белгілеуді тапсырғаны көпшілікке мәлім. Сонымен қатар ҚР Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге Тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде бизнесті мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыру жөніндегі жол картасын әзірлеу туралы баса айтты. Мұның бәрі алдағы уақытта жүзеге асуы тиіс. Ел игілігі жолында еңбек ету – біздің басты мақсатымыз.

Фердоуси ҚОЖАБЕРГЕНОВ,

облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<