Үй іргесіндегі кондитерлік цех

1078

0

Туған күн мерекесін тортсыз елестете алмаймыз. Бұл – мейрамда әр үйдің дастарханынан міндетті түрде табылатын дәм.

Ал қазір оның сан алуан түрі бар. Тек ең дәмдісін, сапалысын таңдай білсеңіз болды. Қалалықтар мен Тасбөгет кентінің тұрғындарын осындай дәмді өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған Ботагөз Төлегенова үй іргесінен шағын кондитерлік цех ашып, кәсібін дөңгелентіп отыр.

Ол 2018 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасымен 3 миллион теңге алған. Бүгінде тоқаш, бәліштің 50-ден астам түрін пісіреді. Кәсіпкер нан өнімдерін қала тұрғындары мен кенттегі дүкендерге жеткізіп, мереке күндері тапсырыстар қабылдайды. Тәттілерді ыстық ықыласпен дайындап, сол ісінен ерекше шабыт алатынын айтады.

– Негізгі мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Алайда жаныма жақын іспен айналысуды жөн санадым. Бұған дейін басқа цехта жұмыс істедім. Кейін жеке  кәсібімді ашуды ұйғардым. Бізде нан өнімінің көптеген түрі бар. Мәселен, үйлену тойларына арнап үлкен торттарға тапсырыс қабылдаймыз. Өнім бағасын жергілікті дүкен иелерімен бірге ақылдасып қоямыз. Өйткені күнделікті өтімі жоғары болғаны дұрыс. Сондықтан көпшіліктің қалтасына салмақ түспейтін бағада ұсынамыз. Жаз мезгілінде тез бұзылатындықтан, сол жағын да ескереміз.  Қарамағымда көмектесетін 7 жұмысшы бар. Жалақылары тұрақты. Қазір үйдің жанынан үлкен цехтың құрылысын бастадық. Бұйырса бұл ісімізді кеңейтіп, кент және қала тұрғындарын тәттілермен қамтамасыз етеміз, – дейді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<