Зауытта шығарылғаннан кем емес

576

0

Төремұрат Ермағамбетұлы өзінің іскерлігі мен тәжірибесіне сеніп, 15 жыл мұғалім болған соң кәсіпкерлікке бет бұрған. Құрылыс материалдарын шығаруды жоспарлап жүрген  ол ойға алған жұмысына бел шеше кірісіп, «Барс 1» атты серіктестік құрады. Темір-бетон өнімдерін шығаратын шағын цех ашып, осы салада 17 жыл еңбек етті.  Бүгінде зейнет жасында болса да әлі ісін жалғастыруда.

Шағын цехта темір-бетон өнімдері шығарылады. Құрылыста пайдаланатын бұл құралды көп мекеме арнайы тапсырыспен алдырады. Өндірісті қолға алған тұста оның ең алдымен сапалы әрі бағасының қалтаға қонымды болуын ойластырды. Темір-бетон өнімдерін жасау үшін пайдаланылатын қалып Ресейден шығады, өте қымбат тұрады. Төремұрат Ермағамбетұлы өзінің көпжылдық тәжірибесіне сүйеніп, қалыпты жасап шығарады. Оның технологиясын, мемлекеттік стандартын, жыл сайын өзгеріп отыратын маркаларын шығару үшін де түрлі қоспалар қажет. Шикізаты Қаратаудан шықса, жергілікті жердің құмы мен Өскеменнің цементі қолданылады, қосылатын негізгі металл каркастары Шымкенттен келеді. Қоспасынан қателесуге болмайды. Бір жерден қателессең, еңбегің далаға кетеді. Осындай қоспалардың басын біріктіріп, жасап шығарған дүниесі тәп-тәуір болды.

Бұл уақытта облыста ауыл шаруашылығын суландыруда үлкен жұмыстар басталған-ды. Сапасы жоғары әрі төмен бағадағы өнімнің кәдімгі зауытта шыққаннан еш айырмашылығы жоқ. Шиелі ауданындағы 18 разъезді суландыруға, Қармақшы ауданының «Ақжар» ауылындағы, «Сексеуілдегі», «Қазатомпром» мен РУ-6 мекемелерінің екі ортасындағы жерге, өткен жылы Қазалының «Майдакөл» ауылына цех өнімі алынып, суландыруға пайдаланылған.

Бірде «ТрансАзияКонстракшн» мекемесі ағын суға арналған науаға (лоток) тапсырыс берді.  Ал Қазақстанда оның 70 сантиметрден биігі жоқ. Тәуекелге бел буып, ұзындығы 6  метр, биіктігі 1 метр 80 см болатын науаны қыстың көзі қырауда жасап шығарды.

Қаладағы «Су-3», «Эльмо», «Инфракос», «БаттОйл», «Асетан» «Саутс-Ойл», «Монолитстрой», «Ремстрой» секілді бірнеше серіктестікпен бірлесе жұмыс істейді.

Алда өзге де кәсіп көзін ашуды жоспарлап жүрген Төремұрат Ермағамбетұлының еңбекқорлығы, іскерлігі көпке үлгі.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<