Жаңа наубайхана жұмысын бастады

489

0

Кейінгі жылдары өңірімізде кәсіпкерлікті қолдау ісі қарқын алды. Кеше Қызылорда қаласының «Саяхат» шағын ауданынан  жаңа наубайxана ашылып, ел ырысын еселемекке бағыт алды. Жеке кәсіпкер Азамат Кобдиковтың бастамасымен бой көтерген наубайхананың ашылуына қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев пен қала әкімінің орынбасары Дінмұхамед Ермеков арнайы қатысып, кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді. 

Наубайxана нан пісіруге қажетті барлық заманауи құрал-жабдықтармен толық жарақталған. Мұнда тәулігіне тапсырысқа сай 20 000 дана нан пісіріледі. Толық қуатымен жұмыс істесе күніне 10 тонна нан шығаруға мүмкіндігі бар. Өзге де кондитерлік тағамдар сатылымға шығарылады.

«Ақжелең» атты бұл нысанда 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіп иесі Азамат Мәдениетұлы жалпы құны 400 миллион теңгені құрайтын жаңа наубайхананы іске қосу үшін 215 миллион теңге жеке қаражатын салған. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында субсидиялау бағыты бойынша «Даму кәсіпкерлікті қолдау қоры» арқылы 185 миллион теңгеге «Халық банкінен» қаржы алған.

– Жұмысты енді бастадық. Қазіргі мақсатымыз – тынбай еңбек ету. Сәтін салса әрі қарай аяқтандыруға тырысамыз. Бұның бәрі оңай келген жоқ, қаншама бейнет жатыр. Лайым кәсібіміздің берекесін көрейік, – дейді кәсіпкер.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<