Жер астындағы жылыжай

650

0

Өңірдің сор топырағын игеріп, жылыжайда түрлі өнім алып отырған еңбекқор жандар бар. «Сабалақ» саяжайының тұрғыны Дархан Қалыбеков денсаулығына байланысты өзінің жұмысынан бас тартып, кәсіппен айналысуды ұйғарған. Үшінші топ мүгедегімін демей, бірнеше кәсіптің көзін үйлестіре білген. Соның ішінде негізгі табысы жылыжайдан түседі.

Былтыр «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында кәсіп бастау үшін мемлекеттік қайтарымсыз грант ұтып алған. Оған қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, жылыжай тұрғызады. Бұл саяжайға әлі «көгілдір отын» келмегендіктен, жерасты жылуын тиімді пайдалану үшін оны тереңдігі 5,5, ал ұзындығы 25 метр болатындай етіп қаздырады. Ішіне кірсеңіз ұядай жып-жылы. Қияр мен қызанақ, аскөк пен лимон көшеттері жайқалып тұр. Қаңтар айында еккен өнімдері наурыз айында жемісін бермек.

–       Қораның іші кең. Бұрын өнімдерді тек көктем басталардан бір ай бұрын егетінмін. Ал енді жыл бойы өнім алуға мүмкіндік бар. Қайтарымсыз грантқа жылу жүргіздім. Біздің саяжайға газ келмегендіктен, көмірмен жылытамыз. Тәулігіне 12 шелек көмір жағамын. Қаңтар айында қияр мен қызанақ және аскөктің тұқымын бір-бірлеп әр ұяға бөлек ектім. Бір түп 10 келідей өнім береді.  Ерте көктемде өнім алсам, одан кейін құлпынай, банан, лимон секілді жеміс түрлерін егіп тәжірибе жасаймын. Мен ешқандай қосымша тыңайтқыш қолданбаймын. Таза табиғи өнімге биогумус өндіру арқылы қол жеткіздім. Кәдімгі калифорниялық қызыл құртты қора ішінде көбейтіп жатырмын. Содан алынған биогумус өнімнің тез түсуіне әрі сапалы болуына септігін тигізеді. Осы жердің тұрғындары өздері үйден келіп алып кетеді. Қосымша дүкендерге де базар бағасынан арзан өткіземін, – дейді Д.Қалыбеков.

Еңбектенген жанға Жер-ананың берер ырзығы мен несібесі мол. Осыны түсінген кәсіпкер тынымсыз тер төгуде. Мұнан бөлек, есік алдына тауық асырап, оның да жұмыртқасын сатады. Келешекте наубайхана ашу жоспарында бар екенін жеткізді.

 Бір отбасын асырап отырған оның ісіне қызыға қарайсың. Жұмыс жоқ деп сылтау айтатындарға оның ісін үлгі етуге әбден болады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<