Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 32 жастағы жігітке қатысты айыптау үкімі жарияланды.
2016 жылдың көктем мезгілінде сотталушы 2017 жылғы сот үкімімен сотталған сыбайластарымен бірге адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, ірі мөлшерде құрамында есірткі заттары бар сора өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру мақсатында, оларды өсіру үшін жағымды жағдайлар жасап, яғни, суға жақын жерде орналасқан, Шиелі ауданы Майлытоғай ауылы тұсындағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолынан күн шығысқа қарай 17 шақырым жердегі, «Тораңғылды қақ» деп аталатын жерде орналасқан «Нәнсай» канал жағалауында көлемі 40х7 метр құрайтын алқабына құрамында есірткі заттары бар сора өсімдіктерді заңсыз егіп, күтіп, баптап 1212 түп сора өсімдіктерін өсіруге жәрдемдескен.
Содан, сотталушы 2017 жылғы сот үкімімен сотталған сыбайластарымен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының 1870 шақырымында жол бойында тұрған автокөліктің ішінен жәбірленушілердің азық-түліктерін, көлік жөндейтін құралдарын, киімдерін, жалпы 53 000 теңге тұратын заттарын жасырын жымқырған.
Содан кейін, сотталушы сот үкімі шыққан сыбайластарымен аталған автокөліктің егелері – жәбірленушілер келген соң, оларды ұрып, соғып, жәбірленушінің біреуіне жеңіл дене жарақатын салса, екіншісінің қаза болуына, яғни, қасақана адам өлтіру қылмысына жәрдемдескен. Сонымен қатар, жәбірленушілерді автокөлікке салып алып, қол-аяғын байлап, шөптің арасына апарып, келесі күннің түс мезгіліне дейін ұстаған.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 300-бабының 2-бөлігінің 1,3-тармақтарымен (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіруге жәрдемдескен), 28 бабының 5 бөлігі, 99-бабының 2-бөлігінің, 8-тармағымен (пайдакүнемдік ниетпен, басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату қылмысының жасалуына жәрдемдескен), 188-бабының 2-бөлігінің 1,2,3-тармақтарымен (бірнеше рет адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, көлік құралына заңсыз кірумен бөтеннің мүлкін бірнеше рет жасырын жымқырған), 125-бабының 2-бөлігінің 1,8-тармақтарымен (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, денсаулыққа қауіпті күш қолданып, екі немесе одан да көп адамды пайдакүнемдік ниетпен ұрлаған) кінәлі деп танылып, түпкілікті 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсізді барынша жоғары мекемелерінде өтеуге деп белгіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қызылорда облысының қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<