Қаржы министрі міндетін атқарушы Берік Оспанқұлов алдағы жылы зейнетақының ең төменгі мөлшері 36 108 теңге болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Есеп комитетінің отырысында 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстырған
Берік Шолпанқұлов алдағы жылдары қазынадан азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыруға қанша қаржы бөлінетінін айтты.
«Үш жылдық кезеңде әлеуметтік блоктың шығындары 15,4 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде 2019 жылға 4,7 трлн теңге немесе жалпы шығынның 44,1%. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 48,3%-ті құрамақ. Әлеуметтік шығынның негізгі үлесі азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған. Жоспарлы кезеңде аталған бағытқа 9,5 трлн теңге жоспарланған. Ал 2019 жылы осы салаға 3 трлн теңге бөлінеді», – деді басшы.
Оның айтуынша, аталған қаржы есебінен зейнетақы мен жәрдемақы төленеді.
«Нәтижесінде 2019 жылы зейнетақының ең төменгі мөлшері 36 108 теңгені құрайды. Базалық зейнетақының орташа мөлшері 27 732 теңге мөлшерінде жоспарланып отыр. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақының орташа мөлшері базалық зейнетақының орташа мөлшерін есепке алғанда, 5 728 теңгеге өсіп, 87 243 теңгені құрайды», – деп түйіндеді сөзін Берік Шолпанқұлов.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<