2021 жылы жылжымайтын мүліктің бірыңғай кадастры іске қосылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жер қатынастары бойынша басты үш проблема бар. Ең бастысы – ұзақ және күрделі процестер. Екіншіден, жер учаскелері шекараларының сәйкестігіне байланысты көптеген шағымдар келіп түсуде және әр өңірде аудан деңгейінде 200-ден астам дерек қорлары бөлек пайдаланылуда. Ол ақпараттық қауіпсіздік және адами фактор тәуекелдеріне әкеледі. Қазіргі таңда көптеген координаттық жүйелер қолданылуда. Ал картографияның, геодезияның, навигацияның негізгі жетістіктерін пайдалану үшін бізге қазақстандық координаттық жүйе қажет», – деді министр.
Бағдат Мусин осы мақсатта «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ұлттық кеңістік деректерінің инфрақұрылымы жобасын 2024 жылға дейін іске асыру жоспарланып отырғанын айтады.
«Сонымен қатар жер қатынастары саласында есептік кадастрының 2 түрі қолданылуда. Ол – 200-ден астам жер кадасты және жылжымайтын мүлік тіркелімі деректер қорлары. Жер учаскесінің техникалық сипаттамасы, оның иесі туралы және тағы басқа ақпарат осы екі кадастрда қайталанып тіркеледі. Оларды біріктіру, жер қатынастары бойынша процестерді автоматтандыру, құжаттар саны мен мерзімдерді қысқартуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта «Цифрлық Қазақстан« аясында жылжымайтын мүліктің бірыңғай кадастры жобасы іске асырылады. Жылдың соңында техникалық жұмыстар аяқталады. Келесі жылы іске қосамыз», – деді ол.
Министр техникалық жағдайы бар жер учаскелерін ұсыну қызметін онлайн форматта көрсету Ақтөбе қаласында пилоттық режимде іске қосылғанын айтты.
«Жаа процестерді мүлдем өзгерттік. Жер уачаскесін ашық кадастрлық карта арқылы онлайн түрде таңдауға болады. Өтініштен бастап бұйрық, әкімнің шешімдері, неше түрлі актілер мен келісімшарттар, барлық құжаттар электронды форматта рәсімделеді. Осы пилоттық жоба аясында қазіргі таңда Ақтөбе қаласында екі жер учаскесі аталған порталға салынған», – деді Бағдат Мусин.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<