Айт намазы, құрбандық шалу: биылғы ерекшелік қандай?

1965

0


Елімізде 2 тамызға дейін карантин режимі енгізілгендіктен мешіттер уақытша жабық, яғни аурудың таралуының алдын алу мақсатында жамағат намазы оқылмайды, оның ішін де Айт намазы да бар.

Сонымен қатар, құрбан шалу рәсімі мешіттерде жүзеге асырылмайды. Жергілікті әкімшілік пен бас санитардың келісімімен арнайы орындарда жүргізілетін болады. Сәйкесінше, рәсімге құрбан шалушы да, ет алушы мұқтаж жандар да қатыстырылмайды.

Аталмыш жұмыстарды жүргізу үшін ҚМДБ qurban2020.kz сайтын іске қосып, құрбан шалушы да, ет алушы да онлайн тапсырыс бере алады. Тапсырысты әр өкілдік жанынан құрылған штаб жүзеге асырады. Құрбан шалушыға қажет болса, рәсім барысында түсірілген фото-видео есеп телефон нөміріне жолданатын болады. Ал, етке мұқтаж жандарға сайтта көрсеткен мекен-жайы бойынша тегін жеткізіліп береді.

«Биылғы «Құрбан айт» мерекесі 31 шілде күніне сәйкес келіп тұр. Бірақ облысымыздағы ешқандай мешітте жылдағыдай құрбандық шалынбайды. Құрбан шалатын орындар қарастырылмады. Өйткені адамдардың көп топтасуына болмайды. Аймақ тұрғындарының көбі жер үйде тұрады. Сондықтан, баршаңызды құрбандықтарыңызды үйде шалуға шақырамын. Мешіттерде айт намазы оқылмайтын болғандықтан, құрбандықты күн шыққаннан кейін 1 сағаттан соң шала берсеңіздер болады. Бұрынғыдай үйге қонақ шақырып, жиын өткізудің қажеті жоқ. Барлығымыз пандемия кезіндегі санитарлық талаптарды қатаң сақтайық!» – деді ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі Болатбек Әбуов.

Құрбан шалу кімдерге уәжіп?

Құрбан шалушы уәжіп болуы үшін ол адам:

мұсылман болуы керек;

жұмысқа қабілетті болуы қажет;

кәмелеттік жасқа толған болуы тиіс;

еркін (бас бостандығы) болуы керек;

тұрғылықты кісі болуы керек, яғни сапарда болмауы керек;

зекет төлейтіндей (негізгі қажеттерден тыс) дүние-мүлікке ие болуы қажет (нисап, ол 85 г. алтын құнына тең)

Құрбандыққа шалуға болатын малдар
Құрбандыққа шалынатын малдардың қатарына жататындар:

Қой мен ешкі (бір жасқа толған болуы керек);

Сиыр, бұқа және енеке (ірі қара мал екі жасқа толған болуы керек);

Түйе (бес жасқа толған болуы керек)

Құрбандыққа жарамайтын малдар
Бұл малдардың тоықтай дені сау болуы қажет, мынадай кемшіліктері болмауы тиіс:

Бір немесе екі көзінің соқыр болуы;

Әлсіздік, арықтық;

Құлағы немесе құйрығының (үштен бірінен астам бөлігі), тісінің (жартысы немесе одан астам) жоқтығы;

Бір не екі мүйізі түбінен сынған болса, егер мүйізсіз мал болса, құрбанға жарайды;

Аяғы ақсақ;

Айқын сырқат;

Тісінің көбі түсіп қалған болса;

Мұрны пұшық болса.

Ені бар малды құрбан шалу мәкруһ саналады. Малдың құлақтарының ұшы кесік, тісі аз түскен, піштірілген малдар құрбандыққа жарамды.


Құрбан шалудағы өкілдік


Құрбандықты әр адам өзі шалған абзал (сүннет). Бірақ, егер сіз өзіңіз малды соя алмайтын халде болсаңыз, оны сіздің атыңыздан союға біреуге өкілдік беруіңізге болады.

Дегенмен, ондай жағдайда да рәсімнің басы-қасында өзіңіздің тұрғаныңыз абзал. Бірақ, құрбан шалу рәсіміне қатысуға мүмкіндігі жоқ адам болса немесе қазіргідей пандемия жағдайында, ниет етіп, құрбандыққа шалынатын малдың ақшасын біреуге беріп, өзінің атынан құрбан шалғызуына болады.


Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі


Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі.

Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады.
Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі.


Құрбандық қалай шалынады?


Құрбан шалмас бұрын ниет етіп, бір орын дайындап, пышақты қайрап қою керек. Пышақты малдың көз алдында қайрауға болмайды, бұл – мәкрух. Құрбандыққа шалынатын малды қырынан жатқызып, басын құбылаға қаратады.


Содан соң дұға ретінде мына аятты оқыған абзал (міндетті емес): «Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрикә ләһ» («Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ үшін. Оның еш серігі жоқ» де).


Содан соң тәкбір айтқан абзал: «Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар, лә иләха илләаллаху, Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар, уа лилләхил-хамд».


Содан соң «Бисмилляхи, Аллаһу Акбар» деп, мал бауыздалады.

Малдың жаны шыққаннан кейін ғана оның терісін алып, етін бөлшектеуге болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<