65 ауылдың өз бюджеті бар

424

0

65 ауылдың өз бюджеті бар Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  облыстық қазынашылық департаментінің басшысы Әуезбек Дүйсенбаев Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер мен өткен жылы атқарылған жұмыстар барысын,  алдағы жоспарларын айтып берді.

Жалпы облыс бойынша  қазынашылық департаменті жоспарға сәйкес тиісті стратегиялық, күрделі және ағымдағы бағыттар бойынша жұмыстар атқарған. Өткен жылы департамент  тарапынан 556 мемлекеттік мекемеге қызмет көрсетілді. Сонымен бірге, «Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесі мемлекеттік мекемелердің бюджеттік қаржыларының мақсатты жұмсалуын, атқарылуы жөніндегі операцияларын мұқият қадағалады. Мәселен, 2017 жылы департамент арқылы мемлекеттік мекемелерден 422296 қаржылық құжат қабылданып, оның 411553-і орындалды. Ал, орындалмаған 10743-і ресми хат арқылы  кері қайтарылды.

Брифингте департамент басшысы  IV деңгейдегі бюджетті қазынашылықтың ақпараттық жүйелеріне енгізу жұмыстарын жүргізу үшін өткен жылы тест базасында қажетті мәліметтер жинақталып, комитетке жолданғанын жеткізді. Осы ретте «Мемлекеттік қызметшілерді және бюджетті сала қызметкерлерін қайта даярлау және біліктілігін арттыру» өңірлік оқыту орталығында ауыл әкімдеріне арналған семинар-кеңестер, сабақтар өтті.

Айта кетерлігі, ауылдық округ, ауыл, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейіндегі жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін тиімді және қиындықсыз енгізу барысында аудандық, қалалық қазынашылық басқармаларымен бірігіп, тест базасына дайындық жұмыстары жасалды. Бүгінгі күні облыс бойынша аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округтердің саны 146-ға жеткен. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап бірінші кезең бойынша тұрғыны 2000-нан асқан 65 ауыл IV деңгейдегі бюджетке қосылды.  Ал екінші кезең 2020 жылға жоспарланып отыр. Ол кезде бұл нормалар барлық елді мекендерде күшіне енетін болады.

ҚР Қаржы министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында Қазынашылық органдары арқылы қаржылық құжаттардың тексеріп өңделуі және төлем жүйесі арқылы өткізілуі бұрын 7 сағат болса, биылғы жылдан бастап 6 сағатта жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, мекемеде іс-құжаттар толығымен мемлекеттік тілде жүргізіледі.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<