«7-20-25» бағдарламасы бойынша ең өзекті 16 сұраққа жауап

377

0

«7-20-25» бағдарламасы бойынша ең өзекті 16 сұраққа жауап «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасының іске қосылғанына көп уақыт өткен жоқ. Жаңа бағдарлама бойынша бүгінде 200 қазақстандық баспаналы болып үлгерді. «ҚазАқпарат» ХАА бағдарламаға қатысу ережесіне шолу ұсынады.

Біріншіден, бағдарламаның ресми мәтініне сәйкес, жаңа ипотека бойынша баспана алуды қалайтындар төрт негізгі критерийге сәйкес келуі керек. Үміткер Қазақстан Республикасының азаматы болып, жеке басында ҚР аумағында отбасының әр мүшесіне шаққанда 15 шаршы метрден аспайтын жатақхана бөлмелері мен апатты жағдайдағы үйлерден басқа тұрғын үйі болмауы керек. Сондай-ақ, әлеуетті қатысушының ипотекалық заемдар бойынша өтелмеген қарызы болмауы қажет және кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен түсетін табысын көрсетуі тиіс. Әйтсе де, бағдарлама операторы болып саналатын ҚР Ұлттық банкінің еншілес ұйымы – «Баспана» халық тарапынан ең жиі түсетін сұрақтарды жариялады. Осы орайда ҚазАқпарат бағдарлама туралы ең өзекті сұрақтардың жауабын тізіп көрді.
 №1 сұрақ: Ресми табыс көзін көрсетпей-ақ, бағдарлама заемын алуға бола ма? Жауап: Болмайды, себебі өтінім беруші төлеуге қабілетсіз болып саналады.
№2 сұрақ: Заем алу үшін еңбекақы (табыс) көлемі қанша болуы қажет?Жауап: Бағдарламада ең төменгі табыс көлемі көрсетілмеген. Өтінім беруші қарызды өтеуге жеткілікті табысты көрсетуі керек. Егер көрсетілген табыс жеткіліксіз болса, қосалқы қарыз алушыны тартуға болады.
№3 сұрақ: Жақын туыстар, күйеу немесе жұбай қосалқы қарыз алушы бола ала ма? Жауап: Бола алады.
№4 сұрақ: Қосалқы қарыз алушы ретінде баспанасы бар адамды шақыра аламын ба? Жауап: Қосалқы қарыз алушыға бағдарлама еш талап қоймайды. Барлық талапты «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотека беретін банктер дербес белгілейді. №5 сұрақ: Әлі өтелмеген ипотекалық заеммен қатар бағдарламаға қатысуға бола ма?Жауап: Болмайды.
 №6 сұрақ: Өзге ипотекалық заем бойынша қосалқы қарыз алушы бола аламын ба?Жауап: Болмайды, себебі қосалқы қарыз алушы негізгі қарыз алушымен бірдей заем бойынша борышкер болып саналады.
№7 сұрақ: Қанша жасқа дейін бағдарламаға өтінім беруге болады?Жауап: Бағдарламада жас бойынша шектеулер жоқ. №8 сұрақ: Бағдарлама бойынша несие беру кезінде қарыз алушының зейнеткерлік жасына дейінгі мерзімі ескеріле ме? Жауап: Мұндай жағдай бағдарлама арқылы орнатылмайды. Несие мерзімін қарыз алушы банкпен кеңесу арқылы белгілейді.
№9 сұрақ: Бағдарламаға мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, мүгедектер мен көпбалалы отбасылар қатыса ала ма? Оларға арналған жеңілдіктер бар ма? Жауап: Бағдарламаға Қазақстанның барлық азаматтары қатыса алады. Ереже барлығына ортақ, сондықтан ешқандай жеңілдік жоқ.
№10 сұрақ: Қай мерзімге дейін қарыз алушы меншігінде баспана болмауы керек?Жауап: Ең бастысы – өтінім беру кезінде тұрғын үй болмауы керек.
 №11 сұрақ: Ерлі-зайыптылардың бірінде баспана болса, бағдарламаға қатысуға бола ма?Жауап: Болады, баспананың болмауы туралы талап несие алушыға ғана қатысты.
№12 сұрақ: Ерлі-зайыптылардың ортақ баспанасы болса, заем алуға бола ма? Жауап: Болмайды.
 №13 сұрақ: Ортақ үлестік меншікте тұрғын үй болса, бағдарлама қатысушысы бола аламын ба? Жауап: Бола аласыз, себебі меншіктегі үлес жылжымайтын мүліктің жеке нысаны болып табылмайды.
 №14 сұрақ: Меншікте жер учаскесі болса, бағдарламаға қатысуға бола ма? Жауап: Тұрғын үй құрылысы жоқ жер учаскесі баспана болып саналмайды, осыған байланысты жер учаскесі бар адам бағдарламаға қатыса алады.
№15 сұрақ: Сатып алу құқығымен баспана жалдау туралы келісім бекітіп қойғандар заем ала ма? Жауап: Банкке өтінім берген сәтте жалдамалы пәтер қарыз алушының меншігіне өтпеген болса, заем алуға болады.
№16 сұрақ: Бастапқы жарнаға 20% артық төлем жасауға бола ма? Жауап: Жоқ, бағдарламада 20% көлеміндегі бастапқы жарна бекітілген және заем алу үшін бір мезгілде төленуі тиіс. Егер бастапқы жарна үшін көп қаражатыңыз болса, үлкен мөлшерде жарна төлеуге мүмкіндік беретін басқа ипотекалық өнімдерді пайдалана аласыз. Бұған дейін ҚазАқпарат «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспана алу жолдарын жазған болатын.
Айжан Серікжанқызы

inform.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<