«Баспана» ипотекалық компаниясы күн сайын call-орталық, әлеуметтік желілер, интернет-конференциялар мен сайттың кері байланысы арқылы мыңдаған сұрақтар қабылдайды. Осы уақыт аралығында «7-20-25» бағдарламасы бойынша қазақстандықтарды көп жағдайда қандай сұрақтар мазалайтынына үлкен талдау жұмысы жүргізілді. Осы орайда, «Баспана» ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков аталмыш бағдарламамен үй алуды көздеп жүрген азаматтарға бес кеңесін беріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
1. Ешқашан тоқтап қалмаңыз
«7-20-25» бағдарламасы бойынша үй алуды шештіңіз делік. Құттықтаймын, сіз мақсатқа жету жолында жарты жолды басып өттіңіз. Ең бастысы әрі маңыздысы – шешім қабылдау. Жарты жолды басып өтсеңіз, артқа қарайлаудың қажеті жоқ. Тек алға басыңыз. Пәтерді тауып алыңыз да, сенімді түрде үй салушымен келіссөз жүргізіңіз. Банк үшін құжаттардың толық пакетін жинақтауға тырысыңыз. Күтіп қаламын деп жасқанудың қажеті жоқ. Банк шешімін немесе салушымен сату-сатып алу келісімін жасауды күту, құрылысшылардың жұмысының соңын тосу болсын, мейлі уақыт өтсе да ақырын тосыңыз. Үй мәселесі күтуге тұрарлық шаруа.
2. Ипотека алуды әбден ойланып шешіңіз
Ипотека – бұл қарыз. Сыйлық та, көмек те емес. Міне, сондықтан, займ келісіміне қол қоймас бұрын, бәрін қайтадан ой елегінен өткізіп алған дұрыс. Ай сайынғы төлемге шамаңыз жете ме? Бағдарламаға қатысу үшін жеткілікті кіріс керек. Бәлкім, банктер өтініш берушінің төлем қабілетін жіті тексеретінін байқаған боларсыз. Себебі, бағдарлама қаржылық тәуекелдерге мемлекет емес, банктердің өздері баратындай жасақталған. Банктер несие бойынша өздері шешім қабылдайды. Себебі, мемлекет емес, банктер тәуекелге барып отыр.
Ал егер жеке кәсіпкер болсаңыз не істеу керек? «7-20-25» бағдарламасының ережелері жеке кәсіпкерлердің де үй алу мүмкіндігіне жол ашып отыр. Бірақ, жеке кәсіпкерлердің қаржылық ахуалын банктер микроскоппен қарайтындай дәрежеде тексеретінін біліп қойыңыз. Жеке кәсіпкер шынында да, жұмыс істеп жатқан жағдайда оған несие беріледі. Алайда банктердің бәрі де жеке кәсіпкерлерге несие бере қоймайтынын да ескеру керек.
3. «7-20-25» бағдарламасы шеңберіндегі барлық ақпаратты тексеріп алыңыз
«7-20-25» бағдарламасы қазір халықтың назарында. Оған айтылатын сын да, мақтау да жетерлік. Бағдарламаға ешкім селқос қарап отырған жоқ. Әлбетте, нарық бұл өзгерістерге жедел жауап қатуда. «7-20-25» бағдарламасының айналасында әртүрлі мердігерлер, тұрғын үй кооперативтері, микроқаржылық институттар мен тіпті жеке адамдар да өздерінің коммерциялық мүдделерін жүргізу үстінде. Әрдайым ақпаратты тексеріп алыңыз. «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотеканы: құрылыс компаниялары, микроқаржылық ұйымдар, тұрғын үй кооперативтері мен жеке адамдар бермейді. Тек серіктес-банктер ғана береді. Сіздің негізгі қарыздың қалдығына қосылатын жылдық 7 пайыздық ставкаңыздан басқа ешқандай артық төлеміңіз болмауы керек.
Ай сайынғы төлемді әрқашан мына кесте арқылы тексеріп алыңыз:
Баспана бағасы
Ай сайынғы төлем (25 жылға займ алған жағдайда)
5 млн. тг.
28 271 тг.
10 млн. тг.
56 542 тг.
15 млн. тг.
84 814 тг.
20 млн. тг.
113 085 тг.
25 млн. тг.
141 356 тг.
4. Тұрғын үйді салушымен саудаласудан жасқанбаңыз
Компания баспананы нарықтық бағамен салыстырғанда қымбатырақ сатқысы келуі мүмкін. Банктер несие берген кезде тәуелсіз бағалаушы айқындаған бағаны негізге алады. Мәселен, егер үй салушы компания пәтер бағасын 15 млн теңге десе, ал бағалаушы 12 млн теңге деп шешті делік. Онда банктер сізге 9,6 млн теңге несие беруге дайын болады. Сонымен бірге, оның үстіне 2,4 млн теңге – ол сіздің 12 млн теңгеге қосар, 20 пайыздық алғашқы жарнаңыз. Қалған 3 млн теңгені қайдан табу керек? Бұл ретте үй салушымен саудаласуға болады. Егер ортақ келісімге келе алмасаңыз, жетпей тұрған соманы өз қалтаңыздан шығарасыз, болмаса басқа үй іздейсіз.
5. Сіз ипотеканы 25 жылға алуға міндетті емессіз
Көптеген азаматтар «7-20-25» бағдарламасы бойынша үй тек 25 жылға беріледі деп ойлайды. Бұл қате пікір. 25 жыл – несие берілетін ең ұзақ мерзім. Алайда минималды мерзім тұрғысында шектеу жоқ. Сіз ипотеканы 1 немесе 5 жылға, болмаса 10 жылға ала аласыз. Демек, мерзімді тек өзіңіз белгілей аласыз.
Несиені алдын ала жабу мүмкіндігі де сізге беріледі. Сіз кез келген уақытта қарызды уақытынан бұрын жауып, несиенің негізгі қарыжысын азайта аласыз. Бұның бәрі де қосымша төлем немесе айыппұл санкцияларсыз жүргізіледі. Пайыздар тек несиенің күші бар кезеңде қосылады. Мәселен, сіз 25 жыл мерзімге 12 млн теңгелік үй алдыңыз делік. Ай сайынғы төлеміңіз, 68 мың теңге. Егер 25 жыл бойы төлесеңіз, 107 млн теңге ақша артық төлейсіз. Алайда сіз үш жылдан кейін қарызды уақытынан бұрын жабуды көздедіңіз делік. Бұл жағдайда сіздің қорытынды артық төлеміңіздің мөлшері тек 1,9 млн теңге болмақ. Қалған 22 жыл бойы артық пайызды төлемейсіз.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<