Бүгін Astana Media Week аясында аймақтық БАҚ форумы жұмысын бастады. Осы орайда Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өңірлік ақпарат құралдарының тұрған міндеттерді атады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Биыл үшінші жыл өңірлік масс-медиа өкілдерінің басын қосып отырған форум Astana Media Week аясында өтіп жатқаны баршаңызға мәлім. Журналистер үшін баспасөз қызметі мен ақпарат саласының басқа да қызметкерлері үшін семинар, тренингтер өтті. Мемлекеттік мүддені халыққа жеткізуде, қоғамдық өзгерістерге сай көзқарас қалыптастыруда аймақтық медианың атқарар маңызы зор», – деді министр.
Абаев осы орайда қазіргі күні өңірлік ақпарат құралдарының алдында үлкен мақсат-міндеттер тұрғанын атап өтті. Ол – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан саяси, экономикалық және «Рухани жаңғыру» жөніндегі кешенді реформаларға жұмыс жасауға жұмылдыру.
«Маңызды шаралар дәстүрлі аймақтық БАҚ форумында жалғасын тауып отыр. «Бір ауылдан мың туысың болғанша, әр ауылда бір туысың болсын» деген сөз бар. Мұндағы негізгі мақсаттардың бірі сіздер бір-бірлеріңізді танып, пікір алмассын деген ниет. Осылайша еліміздің медиа саласын әр тараптан емес ортақ мүдде аясында дамысын деген тілек. Өткен жылы аймақтық БАҚ тарапынан бірқатар мәселелер көтерілген болатын. Сол уақыттан бері Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұсыныстарыңызды зерделеп, аймақтық медиа қызметінің сапасын арттыру бойынша бірқатар шараларды іске қосты. Атап айтқанда, қазір министрлік эфирде цифрлық форматта телехабар таратуға ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деп мәлімдеді Абаев.
Ақпарат және коммуникациялар министрінің айтуынша, аймақтық форумның көздеген тағы бір мақсаты – ел тұрғындардың медиа сауаттылығын арттыру, медиа мәдениетін қалыптастыру.
«Аймақтық журналистер тарапынан осындай мәселелер көтеріліп, оның белгілі бір деңгейде шешімін табуы форумның пайдалы тұсын аңғартады. Алдағы уақытта аймақтық медиа форум өзара пікір мен тәжірибе алмасудың тұрақты алаңына айналады деп сенемін. Министрлік өңірлік мас-медианың сапасын арттыратын кез келген бастаманы қолдауға әзір», – деп сөзін түйіндеді ол.
Сондай-ақ, Аймақтық БАҚ форумы аясында өңірлік мерейтой иелері Шығыс Қазақстан облысы «Рудный Алтай» басылымы, «Атырау» газеті, Ақмола облысының «Есіл-Нұра», Қызылорда облысы «Жаңақорған тынысы» газеті, Алматы облысы «Заман» газеті, Павлодар облсының «Ақ жол» газеті мен «Халық» радиосы, Қарағанды облысы «Жаңаарқа» газеті, «Вечерний Алматы» газеті, «Маңғыстау» газеті, Қарағанды облысы «Сарыарқа» газеті, «Алматы Ақшамы» газеті, Қостанай облысының «Алау тв» телекомпаниясын марапаттау рәсімі өтті.
Еске сала кетсек, Астанада «Қазмедиа орталығында» отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары мен басқа да сала өкілдерінің басын қосатын Astana Media Week басталғанын хабарлаған болатынбыз. Astana Media Week апталығы 26-28 қыркүйек аралығында өтеді.
Сонымен қатар, Еуразия ұлттық университеті Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, профессор Намазалы Омашев Astana Media Week медиа апталықта қазақ журналистикасының қазіргі жағдайы туралы баяндады.
Сондай-ақ, қыркүйекте жұмысын бастаған ойын-сауықтық Tamasha TV теларнасының директоры Есен Елеукен Astana Media Week медиа-апталығында қазақстандық телеарналар отандық өнімге ерекше назар аудару керек деген пікір білдірді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<