Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Сириядағы отандастарымызды қайтару бойынша қазақстандық арнайы қызметтің жүзеге асырған «Жусан» операциясы туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мен бұл азаматтарды біздің арнайы қызметтегілер нағыз тозақтан алып шықты десем артық айтқаным емес. Сондықтан, Мемлекет басшысы аталмыш операцияны өзінің жеке бақылауына алған болатын. Өз кезегінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ҚР СІМ өте ауқымды әрі ауыр жұмысты атқарғанын айта кету керек», – дейді Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, Сирияға кеткендердің көбі діни себептерге байланысты елді тастап кеткен.
«Әйелдер ерлерінің соңына ере барған. Ал Сирияға барғаннан кейін мұсылмандар мұсылмандарды қалай қырып жатқанына куә болған. Ашықтан ашық дарға асу – күнделікті көретін жағдай болып кеткен. Тонаушылық кең етек жайған. Балаларды жауынгерлік лагерьлерде дайындаған. Ері қайтыс болған әйелдерді бірден басқаға бере салып отырған. Мұндаймен бетпе-бет келген кейбір қазақстандықтар қашып та кетпек болған. Алайда террористер қашқандарды ұстап, өлтіретін арнайы жазалау жасағын құрған. Ол аз десеңіз, лагерьлерден шығатын жолдардың бәріне бомба қойылған. Тек өткен жылы ғана террористердің басшылығына сыни пікір айтқан 7 қазақстандық дарға асылғаны белгілі болды», – дейді Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, әйелдер мен балалар ешқандай медициналық жай-күйі жоқ, азық-түлігі жеткіліксіз күйде палаткалы лагерьлерде тұрған.
«Сөз аяғында шағын ғана бір жайды айта кетсем деймін: ол жақтағы біздің отандастар құтқарылатыны туралы операция жайлы естіген кезде қуанғандарынан барлық құнды заттарын сатып, сол ақшаға мерекелік дастархан жаю үшін бір тауық сатып алған екен. Менің ойымша, олардың жағдайы туралы бұдан артық айтудың да қажеті жоқ», – дейді Дәурен Абаев.
Еске сала кетсек, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша гуманитарлық операцияға байланысты мәлімдеме жасаған болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, 6 қаңтарда құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан Қазақстанның 47 азаматы, соның ішінде 30 бала елге қайтарылды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<