Ат айналып қазығын тапса, айыбын кешкен елміз. Кешегі тоқыраудың уағындағы солқылдақ заңнамалардың кесірінен талай жас теріс пиғылды топтарға тізгінін беріп қойды. Әй дейтін әже жоқ кезде еркінсіген, есірген діни ағымдар есімізден тандыра жаздады.
Адасқанның білгені бар, білмегені бар, адасқанның қасында жүргені бар. Жаза басып, жаңылған талай жас темір тордың ар жағына тоғытылды. Өкінеді, мойындайды. Ата-аналарын, бауырларын сағынады. Демек, кеудесінде жаны бар тірі пенде әлі де көрер жақсылығынан үмітін еш үзбейді.
Қателігін түсінген азаматтарымызды қатарымызға қосу, тәрбиелеу – біздің де қоғамдағы міндетіміз.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі ұлттық мерекемізге орай облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 түзету мекемесінде жат діннің жетегінде кетемін деп ұрынып, қазір жазасын өтеп жатқан азаматтар арасында Абайдың 175 жылдығына орай ақын шығармаларын жатқа оқудан сайыс өтті. Дәстүрлі дінге қайта оралып, ұлттық құндылықтарға қайта бейімделіп жатқан 16 бірдей жігіт ұлы ақынның өлеңдерінен, қара сөздерін жарыса жаттаса, арасында Абайға өз туындыларын арнаған бауырларымыз тіпті таң қалдырды.
Болашақтан, бостандықтан үмітті жастар білім іздеп, оқу оқып бағуда. Бағалауға лайық қадам деп білемін.
Бақтияр Оспанов,
дінтанушы
Арнау
Әр ұлттың бар ойшылы, дана ақыны,
Ел саулығын ойлаған жанашыры.
Қазағымның маңдайына біткен бағы,
Құнанбайдың ұлы ол – Абай сынды.
Қалдырып қара сөзін ұрпағына,
Қам жеді жастайынан өмірді ұға.
Иман менен ар-намыс бірге жиып,
Арнаған өмірін ұлт бақытына.
Өмірінен алайық біз өнеге,
Зер салып өсиетіне ілесуге.
Адамдықтың белгісі болары анық,
Қалансақ бұл дүниенің кетігіне!
С. Д. С. 15.12.2020 жыл
Абай
Абай – дара тұлға, дана тұлға,
Абайды берді Алашқа Хақ Тағала.
Қамсыз жатқан қазақты ұйқыдағы,
Күш-жігерін салды ол оятуға.
Қара сөзде қазаққа дес бермеген,
Халқына ақыл айтты өлең-сөзбен.
«Қайткенде еліме нұр түседі?» – деп,
Қаламын қолынан бір түсірмеген.
Емес оның еңбегі ұсақ-майда,
Көп халық сөздерінен алған пайда.
Алаштың ол данасы, ақылшысы,
Абайдай енді бізде дана қайда?!
Таныды барша әлем Ұлы Абайды,
Әлі де танып жатыр сыр-Абайды.
Жырыменен жүректерді тербеген,
Сөздерінде ашылмаған сыр бар әлі.
Б.Е.Н. 11.12.2020 жыл
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<