Адам өмірінің мәні өнегелі жолымен өлшенеді. Соңында ізгілікті ізі, салиқалы ұрпақ, елдің ықыласы мен алғысын қалдырған жан нағыз бақытты адам. Осындай ардақты азаматтың бірі медицина саласының майталманы, білікті басшы, ұтымды ұйымдастырушы, халық құрметтеген абзал азамат, үздік дәрігер Файзрахман Жұмағұлов еді.
Ол тағдырдың талай сынынан өтті. Әкесі Рахманберді Жұмағұлов 1941 жылы әскерге шақырылып, алдымен Шығысқа, кейін Батыс майданына жөнелтіледі. 1943 жылы ұрыс даласында хабарсыз кетті делінген «қаралы қағаз» келеді. Небәрі тоғыз жасында әкесінен айырылған ұлды өмір ерте есейтті. Соғыс жылдарының ауыртпалығы, жоқшылық пен қиындық бала жүрегіне салмақ салып, ширықтыра түседі. Түске дейін мектепке барып, түс қайта анасына көмектесіп, мал бақты, онжылдықты үздік аяқтап, алтын медаль алып шығады.
Карточкамен берілген азын-аулақ ас, жалғыз сиырдың сүтімен күнелтсе де анасы баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп өсіреді. Қыстың көзі қырауда көмір сатып, жазда мал бағып, еңбектен бел жазбай жүріп, ұлының білім алуына жағдай жасады.
Файзрахман алдымен ҚазМУ-ге түсуге талаптанады. Құжаты уақытында тіркелмей қалады. Бірақ оған мойымай, Алматыдағы медицина институтының ректорына жолығып, талпынысының арқасында оқуға қабылданды.
Қайсарлық мектебі
Файзрахман Жұмағұловтың өмір жолындағы кызық та, күрделі кезең студенттік жылдары еді. 1950 жылы Қазақ мемлекеттік медициналық институтына оқуға түскен талапкер 1956 жылы емдеу факультетін ойдағыдай тәмамдайды. Алты жылдық азық білімдар жанға теориялық іліммен бірге төзім мен қайсарлықтың мектебі болады.
Артынан ақша жіберіп тұратын жақыны да жоқ жігіт сол уақыт аралығында туған жері Қазалыға бар-жоғы төрт-ақ рет қана барады. Күнкөріс үшін демалыс кезінде теміржол маңына барып, түрлі қол жұмыстарын атқарып, қаржы тауып, өз қажеттілігін өзі өтейді.
Бірінші курстағы жатақханасы институттың спорт залы болады. Қырық төрт студент жатыпты. Бір адамдық төсекке екі студент қатар жатса, сегіз адамға бір ғана тумбочка берілген. Мұндай жағдайда өмір сүрудің қаншалықты қиын болғанын көзге елестетудің өзі ауыр. Кей күндері тек шай мен қара нанға қарап күнелтуге тура келеді.
Жоқшылыққа жасымаған жігерлі жан институтты абыроймен аяқтап шығады.
Еңбек жолындағы қадам
Әкесі көзі тірісінде: «Баламды оқыт» дегенді нықтап тапсырған екен. Анасы осы аманаттың жүгін жықпай, ұрпағын білімге жетеледі. Ұлы институтты тәмамдағанда, көз жасын тия алмай «Аманатың орындалды, әкесі» деп қуанады.
1956 жылы жас маман ауданның ең үлкен колхозына жолдамамен келіп, ауылдық учаскелік ауруханаға бас дәрігер болып тағайындалды. Сондай-ақ ол сол кезде бүкіл аудандағы жалғыз жоғары білімді медицина маманы болады.
Жағдайы жұтаң, тар әрі тартымсыз аурухана, орын тапшылығы жас дәрігердің жауапкершілігін одан әрі күшейте түседі. Елмен ақылдасып, халықты жұмылдырып, асарлатып жаңа аурухана салуға бастамашы болды. Бұл дәрігер еңбегіне халықтың сенімін күшейткен алғашқы қадам еді.
Ол өз ісіне мамандануда тынымсыз тер төгеді. Бір жолы сол тұстағы Денсаулық сақтау министрі келіп, дәрігердің жұмысына оң бағасын берген. Аудандық газеттің редакторы Әлмәмбет Әлішев «Жас дәрігер» атты мақала жариялап, маманның табандылығы мен біліктілігін халыққа танытады.
Мұнан соң облыстық ауруханада жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайды. Қызылорда қаласында қызмет етіп жүрген жылдары досы Сұлтан Амановты үйіне жатқызып, екі балалы отбасының шағын ғана жалдамалы бөлмеден орын беруі де адамгершіліктің үлгісі еді.
Ф.Жұмағұловтың жемісті еңбек жолы Тереңөзек ауданында жалғасты. Екі жыл аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары қызметін атқарды. Осында жүргенде Мәскеуге төрт айлық білім жетілдіру тәжірибелік оқуға жіберіледі. Табанды еңбек етіп, үлкен тәжірибеден өткен маман туған жері Қазалы ауданына бас дәрігер болып жіберіледі. Бұл оның біліктілігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне берілген зор баға еді.
Туған жерге қызмет
1962 жылдан бастап ауданның бас дәрігері ретінде үлкен жауапкершілікті мойнына алады. Бұл қызметті ол 1985 жылға дейін, жиырма үш жыл бойы абыроймен атқарды.
Ол қызметке келген кезде аудандық аурухананың жағдайы айтарлықтай емес еді. Ғимараттары ескі, науқастарға арналған орын саны аз, кадр тапшылығы тағы бар. Бір жүз отыз бес төсектік ауруханада он үш дәрігер ғана еңбек етеді. Терапия бөлімінде тіпті бірде-бір дәрігер болмаған. Бас дәрігер науқастарды өзі қабылдап, диагноз қойып, жұмыс үдерісінің үзілмеуіне үлес қосады.
Кездескен мәселелерді басшы бірнеше рет жиналыстарда көтеріп, жағдайды жан-жақты талқылап, жоғары жаққа дәлелді құжаттар жіберіп, ахуалдың дұрысталуына көмек сұрайды. Оның жастық жігерімен айтқан сындары кейде өзіне де тиіп жатады. Бірде бас бухгалтердің кеңесімен қосымша қаржы сұрағаны үшін облыстан арнайы комиссия келіп, аурухананы тексереді. Олар штаттық кестеде артық қызметкерлер бар деген желеумен қарапайым техникалық қызметкерлерден бастап санитарларға дейін қысқартуды талап етеді. Тіпті аурухананың шаруашылығында жүрген қара өгізді де «штаттық артық мүлік» деп жойып, ауданға бөлінген азғантай қаражаттан айыруға тұжырымдама шығарады.
Осындай қиындықтарға қарамастан бас дәрігер аудандық аурухананы еңселі мекемеге айналдыруға, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге бар күшін салады. Жылдар өте келе кадр мәселесі шешіле бастайды. Медициналық мамандар даярлайтын оқу орындарымен байланыс орнатып, жас мамандарды ауданға шақырады. Осылайша Қазалыға алғашқы қазақ дәрігерлерінің келуіне мұрындық болды. Бұрын жетіспей келген терапевт, педиатр, хирург сияқты негізгі салалардың мамандары дайындалды. Бұл – аудан халқы үшін оң өзгеріс еді.
Файзрахман Рахманбердіұлы аурухананың материалдық-техникалық базасын жаңартуға да көп күш салды. Жоғары жақтан қаржы, жабдық сұрап, әрбір мүмкіндікті тиімді пайдаланады. Оның табандылығының арқасында облыста бірінші болып, 1972 жылы стандартқа сай жаңа аурухана бой көтеріп, науқастарға арналған орындар саны артады. Жаңа ота жасау бөлмелері, зертхана, балалар бөлімі ашылады.
Жұмағұлов еңбек еткен жылдары аудандық аурухана тек Қазалы халқына ғана емес, көршілес аудандарға да қызмет көрсететін деңгейге жетеді. Жас дәрігерлерге тәлімгер болып, тәжірибесімен бөлісіп, олардың кәсіби өсуіне жағдай жасайды. Әсіресе ауылдық жердегі медицина пункттерінің жұмысын жандандырып, әрбір ауылды дәрігермен қамтамасыз етілуін басты назарда ұстайды.
Оның әділдігі мен іскерлігі емделушілер мен әріптестері арасында да үлкен абырой әкелді. Өз ісінің білгірі қандай қиындық кездессе де, тиімді тетігін тауып, әр науқасқа мейіріммен қарады. Сондықтан да жұртшылық арасында: «Файзрахман дәрігердің сөзінен де, қолынан да шипа табылады» деген сөз жиі айтылды.
Ұзақ жылдар абыройлы еңбек еткен Файзрахман Жұмағұлов 1985 жылы құрметті зейнеткерлікке шықты. Бірақ ол өмірінің соңына дейін саланың дамуына, елдің өркендеуіне өз үлесін қосып өтті.
Үлгілі әулет
Жұмағұловтың өмірлік жары Пердегүл азаматын ардақтап, отбасының берекесін келтірген асыл ана, ардақты жан болды. Өмірін қызметке арнаған азаматты тұрмыстық жағдаймен титықтатпай, бала тәрбиесінде де жауапкершілікті өз мойнына алған.
Бірде балабақша меңгерушісі қызы Индирадан: «Папаң үйде мамаңа көмектесе ме?» деп сұрағанда, қыз: «Папам үйде тек бәтеңкесінің бауын өзі байлайды, қалғанын мамам істейді» деп жауап беріпті. Баланың өмірді боямасыз қабылдайтыны бар. Естелікті «Қызымның бұл жауабы – әділ де әділетті баға» деп өзінің «Өмір өрнегі» атты кітабында жазады.
1988 жылы Мурманскіде әскери борышын өтеп жүрген ұлы Қайраттан хат келеді. Мәтінде: «Комсомолдың 70 жылдығына орай, Солтүстік теңіз құрылысшыларында қызмет етіп жүрген сарбаздардың аналарының слеті өтеді. Балаңыз міндетін абыроймен атқарып жүр. Сол себепті Сізді осы слетке шақырамыз» делінген.
Қыстың ызғарына қарамай, Пердегүл слетке қатысып, төрде отырып сөз сөйлейді. Оның сөздері радио мен газет беттерінде жарияланып, үлкен қошеметке бөленеді. Тәртіпті қызметі мен жақсы мінез-құлқы үшін Қайратты мерзімінен бірнеше ай бұрын босатып, еліне жібереді.
Міне, осындай әмбебап жарына риза болған отағасы:
Пердегүл – батыр ана, бақытты ана,
Дейді ғой халқың сені туған дара.
Жүре бер денің сау боп ортамызда,
Немере-шөберелер айналаңда! – деп жүрекжарды тілегін арнаған екен.
Дәрігердің бар жан-тәнімен қызметке берілуінің басты себебі – осындай асыл жарының қолдауы болса, екінші жағынан аяулы Әлипа мен Алмаш аналардың өнегесі еді.
Жарасты жұптан он екі ұл-қыз дүниеге келеді. Бүгінде олардан 29 немере, 37 шөбере өсіп-өніп отыр. Балаларының барлығы дерлік жоғары білім алып, қазіргі таңда шетелдерде, Астана, Алматы, Қызылорда, Орал, Петропавл қалаларында еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүр. Перзенттерінің ішінде ұлы Қайрат қана әке жолын жалғап, дәрігер мамандығын алып шықты. Бүгінде ол облыстық диагностика орталығында УЗИ бөлімінің меңгерушісі.
Ұрпақтары жыл құрғатпай, Қазалыға келіп, ағайын-туысына сәлем беріп, ата-бабаларының рухына Құран бағыштап тұрады. Биыл ұлы Болат жары Ләззатпен келсе, былтыр немерелері Салтанат, Аида, Мадина ата-бабасына садақа берген еді. Ал жақында ғана немересі, Солтүстік Қазақтан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп жанына Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, қазалылық дәрігерлер династиясынан шыққан Ғ.Елеуовті ерте келіп, ауданның жетістіктерін көріп, атасы жұмыс жасаған аудандық ауруханаға барып, үлкендерге сәлем беріп, дидарласып батасын алып қайтты.
Алғыс алған, арымас
Файзрахман Жұмағұлов өзінің абыройлы болуының бір себебі – жанындағы жақын достары мен шәкірттерінің де ықпалынан екенін айтатын.
Біз ақылын алып, шекпенінен шыққан шәкірттері үшін Жұмағұлов үлкен үлгі. Белгілі медицина қайраткерлері О.Бекетаев, М.Жансейтов, А.Аманов, П.Қадырбаев, Ж.Сапарбаев, Б.Елеуова, А.Сисенов, Н.Мұратбаев С.Берденов, Т.Мүбереков, А.Қадірбаев, Мырзалиевтер, Қ.Ысқақов, Ж.Сүйеубаев, С.Әлиев, Ж.Сембиев, С.Мұстафаев сынды дәрігерлер осы ағамыздың мектебінен шыққан тұлғалар.
Еңбек елеусіз қалған жоқ. Ол – Қазалы ауданының Құрметті азаматы, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Көптеген алғыс хаттар мен құрмет грамоталарының иегері. Бірнеше мәрте депутат болып сайланып, съездерге қатысқан. Алматы қаласы мен Алмалы ауданында өткен «Үлгілі отбасы» байқауында да топ жарды.
Биыл ардақты азаматтың өмірден өткеніне бес жыл толып отыр. Ендігі кезекте оның есімін мәңгілік қалдыру үшін Әйтеке би кентінен көше атауын, аудандық ауруханаға есімін беру, аурухана алдына бюстін орнату мәселелері тұр. Бұл бастамаларды аудан халқы, медицина ардагерлері мен қызметкерлері қолдап, тиісті органдар оң шешім қабылдайды деп сенеміз.
Сержанқожа БЕРДЕНҰЛЫ,
Денсаулық сақтау саласының ардагері, Қазалы ауданының құрметті азаматы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі





