Абыз ақсақал туралы толғау

348

0

Құтты болсын бүгінгі,

Сексен атты жасыңыз

Жаратқаным жар болып,

Жүзге қадам басыңыз

Әр күніңіз қуантып,

Бақытына бөлесін

Немерелер,шөбере

Ән-жырымен тербесін!

Қызылорда «Болашақ» университеті осыдан 30 жыл бұрын Мәскеу халықаралық бизнес және ақпараттық технологиялар университетінің базасында ашылып,Сыр өңіріндегі білім,ғылым мәдениеттің орталығына айналды.Университеттің негізін қалаушы,ғылыми жетекшісі,бүгінгі күні сексен жасқа толып отырған Сыр елінің абыз ақсақалы,Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының Академигі,экономика ғылымдарының докторы,профессор  Бақберген Сәрсенұлы Досманбетов 1945 жылдың 21 қыркүйегінде Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы,Диірментөбе темір жол бекетінде туған.

Мәскеу инженер-экономикалық институтының (қазіргі аты — басқару университеті) құрылыс және қала шаруашылығының экономикасы, оны басқаруды ұйымдастыру факультетін, оның аспирантурасын бітірген. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, Академик.

Еліміздің экономика ғылымының теориясы мен халық шаруашылығы практикасына ғылыми зерттеулерді енгізуге елеулі үлес қосқан экономист-ғалым. Зерттеулерінің негізгі бағыттары — құрылыстың экономикасы, демографиясы, статистика, еңбек, әлеуметтік пробле- малар. 100-ден аса ғылыми жарияланымның, оның ішінде 10 монографиялық еңбектің авторы.

Ғылыми, педагогикалық және ұйымдастырушылық қызметі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетімен тікелей байланысты. Аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, проректор, ректор қызметтерін атқарған. Он бес кандидаттық, үш докторлық диссертация қорғаушыларға ғылыми жетекшілік етті.

1996–1999 жылдары Қызылорда қаласының әкімі — арнайы экономикалық аймақ Әкімшілік кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының (ЕҚЫҰ) Парламентаралық Ассамблеясының 12 жылдан бері тұрақты мүшесі. 2010 жылы Астанада өткен ЕҚЫҰ VII Саммитіне Қазақстан делегациясы құрамында қатысты.

Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының, Қазақстан инженерлік ғылымдар академиясының, Халықаралық жоғары мектеп ғылымдары академиясының, әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі,Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Сеул (Оңтүстік Корея) университетінің құрметті профессоры. Қызылорда облысының құрметті азаматы.

Экономика және білім беру саласында, мемлекеттік, қоғамдық қызметтерде сіңірген нәтижелі еңбектері үшін

«Құрмет»(2004 жыл), «Парасат»(2010), II дәрежелі «Барыс»(2020 жыл)  ордендерімен, бірнеше мерекелік медальдармен,Елбасы және Президент Алғыс хаттарымен,Қазақстан Республикасының «Құрметті құрылысшысы» төсбелгісі(2016),Қызылорда облысының,қаласының «Құрметті азаматы» марапатталған.Жақында Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаевтың қолынан  «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» медалі табысталды.

1993 жылы «Қазаақстан халқының дамуы»,1994  жылы «Население Казахстана»,1998 жылы авторлық құраммен «Арал аймағы:медициналық,әлеуметтік демографиялық сипаттама»,2005 жылы «Сүйем сені, Сыр елі» ғұмырнамалық дилогиясының бірінші кітабы жарық көрсе, 2011 жылы «Ұстаным» атты кітабы жарық көрді. Кітапта Сыр бойынан Қазақтан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына екі кезеңге сайланған автор кітабында заң шығарушы органның іскерлік белсенділігі,күнделікті тыныс-тіршілігі және әріптестердің іс-қимыл бағытындағы заң қабылдаудағы ой-пікір жиынтығы,зерделеу үдірісі,халықтың мүддесін көздейтін депутаттық сауалдар жолдаудағы Сенат жұмысы туралы депуттатардың кәсіби деңгейін ашып көрсетеді.2012 жылы  «Демографическое развития Казахстана» кітабы, 2015 жылы «Түркі халықтары тарихы (этнодемографиялық аспект)кітабында түркі тілдес халықтардың қалыптасу тарихы,атаулардың шығу шежіресі,олардың қоныстануы,шаруашылығы,тіршілік көздері,тілдік диалектілері,қазіргі кезеңдегі өмірлерінің кейбір көріністері этнодемографиялық аспектіде ғылыми негізде талданып,әдебиет-тарихшы ғалымдарға арналған.

Бақберген Сәрсенұлы — жас кезінде Қызылорда педагогикалық институтының комсомол ұйымының жетекшісі, кейін ректоры, Қызылорда қаласының әкімі қызметтерін атқарған. 1999–2011 жылдары Сенат депутаты болды.

Сенатта  Бақберген Сарсенұлы экономикалық реформа және қаржы комитетінің хатшысы қызметін атқарады. Республикамыз тәуелсіздік алған алғашқы жылдан бастап он жылға жуық мерзімде мейлінше жайлаған экономикалық дағдарысты басынан өткізгені мәлім. Әсіресе, еліміздің әлеуметтік салалары көп зардап шекті. 90-жылдардың соны 2000-шы жылдардың басында ғана жаңа экономикалық реформалардың алғашқы нәтижелері бойкөрсете бастады. Жаңа технологиялар іске қосылып, өнім өндіру тұрақталуға бет алды. Үкімет қазынасы түсімдермен толығып, қаржылық тиянақтылық қалыптасып, экономиканың жүрісі түзеліп, тіршілік тынысы кеңи түсті. Дағдарыс басталғалы доғарылып қалған әлеуметтік нысандарды қайта жаңғыртып жандандыруға бет түзелді. Мемлекетімізде мектептер, ауруханалар, тағы басқа әлеуметтік, халық тұрмысының мұқтаждарын қамту шаралары, жаңа құрылыс салу қолға алына бастады. Ауыл- дардың әлеуметтік тұрмысын жақсарту бағытыңда «Ауыз су» бағдарламасы жүзеге асырылды.

Сенатор Бақберген Досманбетов сол жылдары Сенаттың өкілетті жиындарында өзі сайланған Қызылорда облысының әлеуметтік мәселелерін үздіксіз әрі орынды түрде біліктілікпен көтере отырып, оның әділ шешілуіне барынша, атсалысып, мемлекеттің заң шығарушы құзырлы жоғары органының ең белсенді мүшелерінің бірі болып танылды. Ол республикалық бюджеттің ұтымды жоспарланып, тиімді орындалуына білікті маман, білгір ұйымдастырушы дәрежесінде білек сыбана араласты.[1, 6-9 бб]

Сондай-ақ, ол сол жылдары Сенаттан Еуропадағы Қауіпсіздікпен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Қазақстан делегациясының мүшесі болып сайланып, халықаралық парламенттік мінберден талай толымды ой, келелі пікіп айта білді. Байқоңырдағы ғарыш алағының қызметіне байланысты қала тұрғындарының әлеуметтік тұрмысы мен мектеп оқушыларының құқықтық мәселелерінің әділдікпен шешілу мәселелерінде Бәкең аянып қалған жоқ. Бақберген Сәрсенұлының бөліп айтар бір қасиеті — ешнарсеге бей-жай қарай алмайтындығы. Сөзінде тұратындығы, айтқан уәдесін орындауға жанын салатындығы. Бұл тұрғыда Үкіметке де орынды, дәлелді сын айтудан тартынбауымен бірге, ол кемшілітерді жою жолдарын да ортаға салатын.

Сондай ұстанымының дәлелі ретінде оның 2000 жылы Сенаттың бір отырысында сөйлеген мына сөзіне назар аударсақ та жеткілікті «… Біздің көбіміз қан базардай қиналған елдің ортасынан, әлеуметтік, экономикалық реформалардың күрделі де қиын тұстарын игеруге ұмтылған ат үстінен су ішкен кезеңмен бетпе-бет жүздескен ха- лықтың арасынан олардың мұқтаждықтары мен қажеттіліктерін зерттеп-саралап, екшеп келіп отырмыз…

Еліміздің әл-ауқатын жақсарту үшін зиялы заңдар керек екенін, шала туған заңдарға терапевтік емдеу кажеттігін Үкімет ұмытып кеткен сияқты. Соның салдарынан Парламенттік талқылауға нақты жобалар ұсынылмай отыр. Үкімет Күлтөбенің басында күнде кеңес құрып, Цицеронның шеңберінен шеберліктерін шыңдаудан ары аса алар емес…

Үкімет тарапынан аса қажетті заңдар жобасының дер кезінде ұсынылмауы, Елбасымыздың ел экономикасын реформалауға негізгі стратегиялық бағыттарына кедергі келтіруі емес пе?-дей келіп, Парламент жұмысының сапасын көтеруге қатысты нақты ұсыныстарын ортаға салған.

 Жоғарыда аталған өмірбаяндық кітабында Бақберген Сәрсенұлы өзінің балалық, бозбалалық, жігіттік шақтарын дәл сол кезеңдердегі сезім, әсермен, дүниетаным ой байламдарын қаз қалпында өте нанымды, тартымды баяндаған. Ұтқырлығы сол — баяндаулар өмірдің шынайы оқиға, суреттерімен, адамдардың мінез, құлықтары, іс-әрекеттері арқылы өте ширақ әрі табиғи суреттелген. Бастап оқыған адам, әсіресе замандастары, әрқайсысы өз әлеміне кіріп кеткендей бас алмай, қызыға оқып, ризалығымен тәмамдайды.

Балалық шақтағы кішкентай «Диірментөбе» ауылы, Теміржол бекеті. Құм. Шексіз дала. Алғашқы мұғалім. Класстас достар. Ержету, оқу бітіріп, еңбекке араласу жолындағы тамаша адамдар, ізгілікті істер. Ат жалын тартып, азамат болып, ел жүгін арқалап, ел алдына шыққан лау- азымды қызметтер. Адамдар арасындағы әрқилы қатына- стар. Бір-біріне ұқсамайтын образдар. Барлығы да өте бір жинақылықпен әрі сезімтал көркем шығармаға бейім ше- берлікпен, шұрайлы тілмен жазылған. Кітап авторының әңгімелері жалықтырмайды, қайта қызықтырады. «Мен кереметпін» дегеннен аулақ, кәдімгі адамдардың өмірі шынайлықпен кітаптің дәрежесін көтеріп тұр.

Әсіресе, есейген шағында Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Ғасырдан да ұзақ күн» («Боранды бекет») шығармасынан өзінің «Диірментөбесін» көруі, ұлы суреткермен арнайы іздеп барып, әңгімелесуі — адам жанына шуақ түсірер сана мәдениетінің көрінісі. Сондай-ақ, Бәкең өзі де осы өмірбаяндық шығармасында халық қазынасынан бала кезінде естіген талай әдемі, әсерлі аңыздар мен оқиғаларды орынды, ұтымды пайдалана білген. Ол да болса Бәкеннің интеллектуалдық, білімділік мүмкіндігі мен білгіштік қорын көрсетері анық.

Бақберген Сәрсенұлы экономика, демография әлеуметтік қатынастар саласында он шақты монографиялық, жүзден астам зерттеу мақалаларын жариялады. Оның еңбектері жоғары оқу орындары студенттерінің, сарапшыларының, саясаткерлердың, жас ғалымдардың сұранысына әрқашан ие.[2, 12-24 бб]

Ғалымның зерттеушілік, шығармашылық қабілеттері оның ұйымдастырушылық, қайраткерлік таланттарымен мейлінше ұштасып жатады. Ол Қызылорда облысының«Болашақ» университетін ұйымдастырып, оны заман талабына сай жаңа технологиямен жабдықтау негізінде дамытып, еліміздің әлеуеті жоғары оқу орнына айналдыра алды. Университет студенттеріне, оқытушы-профессорлардың оқу, тұрмыстық жағдайлары толық қамтамасыз етілген. Әсіресе, университетін оқу кешендері жаңа үлгіде, сапалы құрылыс материалдарымен, сәулет өнерінің сән-салтанатымен салынған. Бәкең суреткер-дизайнерлік өнерімен оқу ғимараттарының іші-сыртын әшекейлеуден шығармашылық ләззат алып еңбектенетінімен орынды мақтана алады.                 

Бақберген Сәрсенұлы — ізденімпаз адам. Бір шаруаны тындырдым деп тыным тауып отыра алмайды. Әр кезде жолыққан сайын өз тіршілігінде бір жаңалық айтып отырады. Оқу корпусының құрылысы аяқталса-не соныңфойесін немесе ауласын әшекейлеп, жаңа істі бастап жатқаны.

Соңғы ретте жас ұрпақ, студенттер тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа тарихын қалтқысыз оқып, білсін деген мақсатпен Астанадағы Ұлттық музеймен әріптесіп, оның қорынан құнды жәдігерлердің көшірмелерін жинақтап, «Болашақ» университетінде Елбасы,ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының және Әбіш Кекілбаев атындағы аудиториялар ашты.Сонымен бірге мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев атындағы Атриум залы ашылды.

2019-2025 жылдар аралығында оқу ғимаратында заман талабына   аудиториялар,конференц-залдар,»Болашақ» спорт сауықтыру кешені,оқушыларға арналған екі жатақхана,500 орындық Атриум залы,қысқы бақтар,электрондық және оқу залымен жасақталған бай қоры бар кітапхана,200 орындық асхана,»Болашақ ТВ» журналистика студиясы,медициналық клиника,1100 орындық «Болашақ Холл» ғимараты жақында  ашылады деп күтілуде.

Бақберген Сәрсенұлы  тек университет Құрылысымен шектеліп жүрген жоқ. Өз өмірінде де, өңір өмірінде де, жүрген жерінде де жаңалық ашумен, жаңалыққа деген іңкәр құштарлығымен келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылордадан қырық шақырым жерде қамыс, қоға қаулап өсіп, суы тартылып бара жатқан көлге қамқорлық жасап, тінін тазартып, суын жаңартып, балық өсіріп, жағасын жайқалтты. Құм, сор, тұз-ешнарсе өспейді деген он гектардан астам жерге Сыр өзенінен насоспен су шығарып, қияр, қызанақ, асқабақ, қауын, қарбыз, пияз, сәбіз басқа да көкөніс өнімдерін жайқалтты. Алты мың түп алма ағашының, үш мың түп жүзімнің жас көшеттерін отырғызды. Шаруаға жұмылдырылған жігіттерге жағдай жасап, оларды жерді пайдалануға, игеруге үйретті. Шөлейт жатқан алқапты алма баққа, бау-бақшаға айналдырып, сазарып, шаң қауып жатқан даланы өзгертті, құлпыртты. Сырдариясының жағасындағы қалың жыңғылға омарта орналастырып, жыңғыл гүлінен бал өндіре бастады. Бір кісінің басына осылардың өзі де ғажап істер емес пе? Әсіресе, табиғатты қатаң, жері сортаң, желі аңызақ, жазы ыстық, қысы қара суық Сыр өңіріндегі әлгіндей тіршіліктің әрқайсысына тағзым етіп, құрмет көрсетуге болар еді-ау. Мен Бәкеннің, абзал тіршіліктерін көріп, көңілім толып, көргенімді өнеге етіп, таяқ шаншыса саялы бақ өсетін жай- қалған Жетісудың жігіттеріне де әлденеше рет айттым… Жердің жұмағындай көкорай шалғын, атты кісінің бойымен таласып өсетін мың түрлі қалың шөпке оранған Шалкөде, Белжайлау, Асы алқаптарында бірде-бір бал омартасы жоқ қой…

Бәкең «бұл жер сортаң, құм, жел, ыстық-бау-бақша өспейді, омарта ұстайтын Алтайдың, Алатаудың гүл шөптері жоқ» деп қалыптасқан ұғымды, сананы түбірімен өзгертіп отыр. Бәкеңмен бірге сол өзгерістерге еңбек етіп жүрген Сырдың азаматтарының өздерінің көзі жетіп, санасы, көзқарастарының өрісі кеңіп, тұрмыстары, әлеуеті жаңа сапаға көтерілумен келеді.[3,103-113 бб]

Бақберген Сарсенұлы  осы үлгіні Елбасының Астананың айналасына 70 мың гектар орман өсіріп, аң, құс жібергенінен алды. Нұрсұлтан Әбішұлы Арқаның кең даласын орманмен орап, көмкеру туралы айтып, орындата бастағаннан-ақ Бәкеннің «Қызылорданың төңірегіне де бау-бақша, орман отырғызып, өсіруге кірісуім керек» деп өзіне өзі тапсырма беріп, міндеттеме алып, мақсат қойып жүргеніне ғалым Әділ Ахметов пен Куаныш Сұлтанов  куә болғандары да шындық. Осы бағытта Бәкеннің әлі де ойына алған арманы, айтылмаған сыры баршылық. Оның ойы, істеген жұмысы, ізденімпаздығы мен жасампаздығы қандай да құрметке лайық.

Бақберген Сәрсенұлының таланты сан қырлы, қабілеті қайран қаларлық. Оның саятшылдығы, аңшылығы, мергендігі туралы бөлек хикая жазу керек. Аңшылық дегенде тоқтауы да, тағаты да жоқ. Көпшілігіміздің түсінігімізде аңшылық сапарға алдын ала жабдықталып, сай- ланып, киіміңді ыңгайлап, мылтығыңды баптап, бірнеше күн бұрын жоспарлап шығу қажет сияқты. Бәкеннің жолы ашық, аяғы жеңіл. Қазір ғана жағасына галстук тағып, қалада жүрсе, бірер сағатта далада, тауда жүргенінен хабар аласың. Әуежайға кетіп барам, Оңтүстік Африкаға. Аңшылыққа…» дегені саятшылыққа деген құдіреті. Өз елімізде оның кезбеген даласы, араламаған орманы, шықпаған тауы, кешпеген суы кемде-кем деуге болады. Табиғатқұмар. Табиғатпен үндес. Ыстыққа да, суыққа да көнбіс, көнтері. Төзімді. Желге төсін, жауынға басын тосады.

Тыным таппайды. Бір жолы Мәскеуден хабарласып,«Болашақ» университеті мен Мәскеу университеттері арасында әріптестік байланыс орнатып жатырмын»,— десе, келесі кезекте Қытайдан Пекин қаласынан соғады,Қызылордада Конфуций институтын ашайын деп жүрмін деп. Іздегені ізгілік.[4,156-157 бб]   

Бақберген Сәрсенұлының дәл осылай шарықтап жүруі — отбасының берекесі-зайыбы Зейнегүл Рамазанқызының ақылы мен сабырлығы, ұлдарының өмірден өз орындарын тауып азамат, келіндерінің құт, немерелерінің нұр болуының арқасы десек те артық болмас. Туысқандарына қолынан келгенін аямай, қамқор бола білді.2021 жылы сұм ажал әулеттің Отанасы Зейнегүл Рамазанқызы науқастан ауырып, қайтыс болды. Бақберген Сарсенұлы «Зейнешімнің бейнесі» аты кітабында автор 53 жыл отасқан асыл жарының өмірдегі қас-қағым сәтін бейнелеген сырлы суреттерге сөзбен жан жалған.XYII ғасырда сүйіктісі Мұмтазға арнап Тәж-Махалды тұрғызған Жаһан шахтан бастап жарын жоқтаған қаншама адамдар өшпес із қалдырды.Қызылорда қаласындағы Сырдарияның сол жағалауындағы еліміздің белгілі жоғары оқу орны «Болашақ» университетінің кампусы алыстан көз тартады. Жақын барған адам алып қақпа алдында болашаққа ой жүздірген ғалым-ұстаз,Кете әулетінің абыз келіні,ізденімпаз студенттердің демеуші Анасы, «Болашақ» университетінің негізін қалаушылардың бірі Зейнегүл Рамазанқызының қола бейнесімен кездеседі.Бұл бейне Бақберген Сарсенұлының сүйген жары,махаббатпен безендірілген ескерткіші,өзі сүйген жарының әдемі болмысы сомдалып,оқу ордасының аяулы жанға арналған махаббат іспетті ескерткіші болып табылады. [5,3-4 бб]

Жоғарыда айтылған қыр-сырларынан басқа бойында ақындық таланты да жеткілікті. Сексен деген ата жасына жетіп отырған абыз ақсақал  Бақберген Сарсенұлы шаршамай, шалдықпай, қалғымай, мүлгімей тынымсыз еңбек, талмай ізденіс үстінде жетіп отырғаны тек оның қайраттылығын ғана көрсетіп отырған жоқ, Бәкең сияқты азаматтардың мүмкүндігін,біздің  мемлекетіміздің азаматтық қоғамының келбеті мен қуатын да көрсетсе керек. Бақберген Сарсенұлы өзінің жас кезіндегідей оқуға, білуге, көруге, солардан жинақтаған жаңа жобаларын жариялап, жарқыратып сән-салтанат жасап қоюға жаны құштар. Сондықтан да оның «болдым, толдым» деп тоқмейілсуге ыңғайы да, бейімі де, ойы да жоқ. Ол-бюрократиялық марғаулықтан аулақ, ішкі, сыртқы мәдениеті бай, жаңалыққа жаны құштар тұлға. Ондай адамдар тек өздері ғана жарылқанбайды, төңірегіне нұр шашып, өмірдің жарығы мен жақсылығын көбейтіп жүреді. 80-ке толып отырған мақтан тұтар әулет мақтанышы,абыз ақсақал Бақберген Сарсенұлына 100 жасап ортамызда жүре беруін Алладан тілейміз.Әумин!

Қанат Қыпшақбаев,

педагогика ғылымдарының магистрі