Бұрын «шекара асып, жұмыс іздеп кетіпті» дегенді ести бермейтінбіз. Қайта сырттан нәпақа іздеп келетіндерді кездестіретін едік. Қазір жағдай басқаша. Кейінгі кездері жұмыс іздеп өзге елге сабылатындар көп. Тіпті айналамызда жүрген қаншама жанның шетел асқанын көзіміз көрді. Бұл үйреншікті жағдайға айналды.
Олар – 18 бен 35 жас аралығындағылар. Осы орайда Ұлттық банк жүргізген зерттеу нәтижесін келтірейік, қазақстандықтар тапқан табысының 61 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Талдау елдегі тұрмыстық жағдайдың төмендігін көрсетті. Ішкі істер министрлігінің статистикалық деректеріне үңілсек, өткен жылы Қазақстанға келгендер саны 2,7 пайыз азайса, есесіне елден кеткендер саны 42,1 пайыз өскен. Елдегі жұмыссыздық деңгейі халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша 4,7 пайыз. Алайда жұмыссыз жүргендер бұдан да көп, себебі статистикаға кірмей қалғандар да бар. Жұмыссыздық елдің экономикалық жағдайына тікелей әсер ететіні белгілі. Бүгінде мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсарту ең маңызды мәселе болып тұр.
Жалпы, шетел асып жұмыс іздеуге түрлі себеп бар. Бастысы – жалақының төмендігі, еңбектің бағаланбауы. Бұдан бөлек, бірі несиеден құтылғысы келсе, бірі баспана алуды, баласын оқытуды, кәсібін бастауды көздейді. Бір айлық табыс отбасынан артылмайды. Сондықтан халықтың басым бөлігі несиенің шырмауынан шыға алмай келеді. Ал оны өтеу үшін кемі 5 жыл уақыт керек. Сондықтан жақсы өмір сүру үшін шетелге барып жұмыс істеуді жөн санайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің былтырғы дерегіне сүйенсек, шетелде 194 мың жерлесіміз еңбек етіп жүр. Оның ішінде Ресейде 162 мың, Польшада 13 мың, Ұлыбританияда 6 мың, Оңтүстік Кореяда 6 мың азамат ресми тіркелген. Ал Сыртқы істер министрлігінің дерегінше жыл басынан бері 191 мың азамат шетелге жұмысқа кеткен.
Тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін өзге елде адал еңбек еткені дұрыс-ақ. Абай «Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деп бекер айтпаған. Осы орайда сырт елдерде еңбек етіп, табыс тауып жатқан жандармен пікірлесіп көрген едік.
Ерлі-зайыпты Айназ, Жандос Қарлыхановтар Ресейде 6 ай жұмыс істеп келді. Олар еліміздің белгілі мұнай компаниясында әжептәуір қызмет істеген. Он бес жылдық тәжірибесі бар мамандар. Алайда мекемеде қысқарту жүріп, жұмыстан босап қалған.
– Бұрынғы мекемеде жақсы жалақы алдық. Жұмыстан босаған соң, түрлі салада еңбек еттік. Жолдасым құрылысшы болды. Мен түрлі курстар оқыдым. Бірақ айлық мардымсыз еді. Отбасын асырауға жетпеді. Екінші деңгейлі банктерден қомақты қаражат алып, кәсіп аштық. Көзін таба алмадық па, табысқа шықпадық. Қайта көп қарызданып қалдық. Содан шетелден жұмыс іздей бастадық. Ағылшын тілі курсына қатыстық. Бастысы, тіл білу керек. Содан Еуропа елдеріне баруды көздедік. Жұмыс тауып беруші компаниямен келістік. Тиісті қаражатын бердік. Ол бізге виза, жол ақысы, қонақүй, жұмыс көзін тауып беру керек еді. Белгілі бір уақытта хабарласатын болды. Күттік, ешқандай хабар болмады. Ақыры алданып қалғанымызды түсіндік. Кейін сенімді әрі жақын туысымыз Ресейге кетіп бара жатқанын айтты. Біз де құжаттарды реттеп, бірге жолға шықтық. Онда құрылыста жұмыс істедік. Айлық еңбегімізге сай берілді. Бірақ жұмысы өте ауыр. Алты айдан кейін отбасымызға оралдық. Әжептәуір қаражат жинадық. Несиемізді жауып, енді тағы да үш ай жұмыс істеуге кетіп бара жатырмыз, – дейді олар.
Екінші кейіпкер – Бекарыс Алданазаров. Ол 22 жаста. Көпбалалы отбасынан шыққан. Мектеп бітіргеннен кейін грантқа ілікпеді. Ақылы оқитын қаражаты болмады. Әскерге барып, борышын өтеп келді. Ауылдан жұмыс таба алмады. Мамандық болмаған соң, жалданып түрлі жұмыс істеді. Жеткілікті жалақы болмағаннан кейін, жақын туысы Англияға жұмыс істеуге шақырды. Келісіп, виза мәселесін шешті. Алты ай сыртта жұмыс істеп, жақында елге оралды.
– Ауылда жұмыс табылмаған соң, қалаға да бардым. Арнайы білімім болмағаннан кейін түрлі жұмыстар істей бастадым. Бірақ қаражат жеткіліксіз. Үш ай құрылыста дәнекерлеуші болдым. Еңбекақымызды зорға алдық. Уақыт жақындағанда түрлі сылтау айтады. Әртүрлі желеумен болмашы айлықты қысқартып, тиын-тебен бергенде қолды бір сілтеп кетіп қалғың келеді. Айлықты сұраған кезде басшылар тарапынан қысым болды. Содан қасымдағы 4-5 бала жұмыстан шығып кеттік. Әкем вахталық әдіспен жұмыс істейтін. Оның да шаруасы тоқтады. Ал анам бір мекемеде тазалықшы болды. Екі азамат анамыздың қолына қарап қалдық. Әпкелерім тұрмысқа шыққан. Жалғыз қарындасым колледж оқиды. Оқу ақысына да қаражат жетпей қалатын. Содан жақын туысымыз Англияда жұмыс істеп келді. Келесі кетерінде мені де ала кетті. Виза алты айға беріледі екен. Онда барғаннан кейін ауыл шаруашылығы саласында еңбек еттік. Нақты айтар болсам, қызанақ өсіретін фермаға орналастырды. Жатын жер тегін берілді. Онда 10 шақты жігіт бірге барған едік. Бәріміз де піскен қызанақты жинап, қорапқа салып, дайындап, қоймаға жеткіземіз. Мекеме қызметкерлері өздері алып кетеді. Жұмыс өте ауыр. Бастапқыда қайтқым келді. Дұрыс шешім қабылдамадым деп ойладым. Себебі, 11 сағат жұмыс. Бір апта өткен соң қолыма алғашқы жалақымды алдым. Біздің елде бір айда алатын ақшаны бір аптада алған соң шыдаймын деп шештім. Төрт күн істеп, төрт күн демаламыз. Кейде жұмысқа шығамын десең де өз еркіңде. Жатын жер жатақхана секілді. Барлық жағдай жасалған. Ас бөлме, жуынатын жер бәрі де бар. Аптасына екі рет азық-түлік әкелуге алып барады. Тамағы да жақсы, сапалы. Бағасы аса қымбат емес. Демалыста қаланы аралап, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен, табиғатымен таныстық. Біз шағын қалада болдық. Өте таза. Солай алты ай өтіп, елге келдік, – деді ол.
Бекарыс ауылға келгеннен кейін әкесіне жеміс-жидек дүкенін ашып беріпті. Өзі жеңіл көлік алып, отбасына қолғабыс етіп жүр. Қарындасының оқу ақысын да төлепті. Әңгіме барысында енді тағы да алты айға кететінін айтты. Себебін сұраған едік, отбасын құрмақшы екен. Сонымен бірге онда іштей қорқыныш барын байқадық. Өзге елде, салты, заңы басқа. Тілді де білмейді. Өзі секілді жұмыс іздеп шетел асқандардың қара жұмысқа тартылып, құлдықта болғанын да, келіскеннен өзге жұмыс ұсынып жатқандарды да естігеннен кейін сақ болуы керектігін жеткізді. Тіпті жалған келісім-шарт жасап, алданып қалғандар да бар деп әңгімесін түйіндеді.
Ал қала тұрғыны Шынар Еділова білім саласында еңбек етеді. Жас маман, отбасын құрмаған. Жоғары білімді, екі мамандық иегері. Ол үш ай каникул кезінде Түркияда жұмыс істеуді дағдыға айналдырыпты. Биыл да еңбек демалысында Бодрум қаласында жұмыс істеп келіпті.
– Шетелде жұмыс істегенде, алдымен түрік тілін үйреніп алдым. Кейін сол елде екі рет болған соң тілді толық меңгердім. Жалақы салыстырмалы түрде 200-300 мыңға артық. Бір жағынан ел мен жер көріп келесің. Биыл да жеке компаниямен келісім-шартқа отырдым. Белгілі бір қаражатын төледім. Есесіне, жатын жері, 3 мезгіл тамағы, барып-қайту билеті тегін. Қонақүйге орналастырды. Бір топ жас барған едік. Барлық жерде камера орнатылған. Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған. Бастысы, шетел азаматтарының құқығын қорғайды. Мен үлкен мейрамханада даяшы болдым. Жұмыс 8 сағат, 6 күн. Жұмыс беруші де барлығымызды бөлмей бірдей қарады. Еңбегімізді бағалап, уақытылы жалақымызды беріп отырды. Мереке күндері екі есе ақша төленеді. Ынталандыру сыйлықтарын беріп тұрады. Ешқандай тәртіп бұзбай, жұмысыңды адал атқарсаң, арнайы сертификат беріледі. Қаланы аралап, қыдыруға болады. Медициналық сақтандыру жүреді. Егер ауырып қалсаң жергілікті емханаларға тегін көріне аласың. Байқағаным, мұнда Африка, Үндістан сынды елдерден де жұмыс іздеп келетіндер көп екен. Сондай жандармен бірге еңбек еттік. Үш жарым айдан кейін елге келдім. Оқу жылы аяқталған соң тағы бару жоспарда бар, – дейді ол.
Дегенмен ол ендігі жолы Еуропа елдеріне баруды көздеп, ол үшін сенімді жеке компанияларды зерттеп жүр.
Әлеуметтанушы ғалымдардың пікірінше, елдегі жастар, оның ішінде экономикалық белсенді азаматтар шетелге жұмыс күші ретінде барады. Мемлекеттің бақылауында болады дегенмен, шетел асқандар шамадан тыс көбейсе, елдің еңбек нарығына кері әсерін тигізеді. Мемлекет басшысы әр Жолдауында жастарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аудару керектігін атап айтады. Себебі, халықтың үштен бір бөлігін жастар құрайды. Ал жастар – белсенді топ. Олар көбіне Оңтүстік Корея, АҚШ, Еуропа елдеріне табыс табуға кетіп жатыр. Елімізде мемлекеттік бағдарламалар бар. Кәсіпкерлікті қолдау, қайтарымсыз несие, тұрғын үй алуға арналған жастар бағдарламасы. Дегенмен жұмыспен қамтуға көбірек көңіл бөлу керектігі көзге айқын көрініп тұр. Осы орайда әлеуметтанушы Нұрсұлтан Қаражановтың пікірін білген болатынбыз.
– Шетелге жұмысқа кететіндер неге көбейді? Бұл қоғамға қалай әсер етеді? Сұрақтарға жауап көп қырлы. Біріншіден, жастардың шетелге жұмыс істеуге кетуі – олардың мүмкіндіктер іздеуіне ғана емес, елдегі жүйелік проблемаларға деген реакциясы. Екіншіден, бұл құбылыс тек жеке тұлғаға емес, жалпы қоғамға әсер етеді. Ел талантты мамандарынан айырылып, жұмыс күшінің азаюы және «ми ағылу» проблемасымен бетпе-бет келеді. Олардың шетелге кетуін тоқтату үшін ел ішінде жастардың сұранысына жауап беретін мүмкіндіктер жасау қажет. Әлеуметтік әділеттілік, мансаптық өсу мүмкіндіктері, лайықты жалақы және сапалы білім беру жүйесі – елдің болашағын анықтайтын негізгі құралдар.
Қазақстан жастарының еңбек миграциясы – бұл олардың әлемнен орнын табуға деген ұмтылысы. Бірақ бұл ретте мемлекет өз азаматтарын жоғалтпаудың жолдарын іздестіруі тиіс. Жастарды елде ұстап қалу тек экономикаға ғана емес, елдің мәдени және рухани біртұтастығына да әсер етеді. Бұл – тек мемлекеттің ғана емес, әрбір қазақстандықтың жауапкершілігінде жатқан міндет. Ең бастысы әлеуметтік жағдайды жақсарту үшін енгізілген бағдарлама тиімді жүзеге асу керек, – деді ол.
Жақында Оңтүстік Кореяда жұмыс істеуді ниет етіп жүргендер арнайы еңбек визасын алуы мүмкін делінді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Корея Республикасы еңбек және жұмыспен қамту министрлігінің өкілдері онлайн форматта келіссөздер жүргізіп, осы мәселе талқыланған болатын. Бұл ел азаматтарына Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуға, тең еңбек жағдайлары мен құқығын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бірақ нақты шешім әлі шықпады.
Оңтүстік Кореяда бір жыл еңбек еткен Гүлсім Нартайқызы соңғы уақытта онда жұмыс істейтіндердің саны артқанын айтты. Сондықтан елге еркін кіріп-шығуға жағдай жасалғанын қалайды. Ол Кореяға құрбысымен бірге барыпты. Жалғызбасты ана әлеуметтік жағдайы шиеленіскен соң, осындай шешім қабылдаған.
Әлеуметтік желіде Оңтүстік Кореядан оралған жерлесіміздің видеосы тарады. Ол отбасына 5 жылдан кейін келген. Ата-анасының қуанышында шек жоқ. Әлгі баланың да эмоциясы ерекше. Осы бейнежазбаның астындағы пікірлерді оқып шықтым. Сырт елде жұмыс істеп жатқандар жарыса жазыпты. Үш жылдан бері елге келмепті. Елге деген сағыныштары әсерлі баяндапты. Әлгі жігіттің әлеуметтік желідегі парақшасын шолып шықтым. Ол Оңтүстік Кореяда үздіксіз жұмыс істеп, тапқанын отбасына беріп, баспана салған. Онда өзі секілді қазақ жігіттері көп. Бәрі бірге жұмыс істейді екен. Қандай жұмыс атқарғанын желіге жүктеп отырады.
Заң аясында, еңбек визасымен шетелге жұмысқа барса дұрыс. Бірақ бұл онда жағдай жасалған деген сөз емес. Жеңіл жұмыс, оңай олжа жоқ екені анық. Оны жоғарыда келтірген кейіпкерлердің сөзінен де аңғаруға болады. Жастардың шетелге еріккеннен емес, әлеуметтік жағдайын түзегісі келген соң бағыт алатыны белгілі. Оқуына, отбасына деп алған несиесін жапқысы келеді. Себебі тапқан табысы артылмай, бір басына жетпей қалатыны тағы бар.
Ал экономист мамандар, еліміздегі жұмыссыздық мәселесі күрделі екенін айтады. Көрші елдерге қарағанда жағдай қалыпты көрінгенімен, еңбек нарығында шешілмеген мәселелер де жетерлік. Жастар Ұлыбритания, Ресей, Оңтүстік Кореяға маусымдық немесе басқа да жалақысы көп жұмысқа барады. Бұл – әлемдік үрдіс. Одан қорқудың қажеті жоқ. Бастысы, еңбек қауіпсіздігіне бейжай қарауға болмайтынын айтады. Өйткені шетелге шығып күнкөрісімді жақсартамын деген азаматтар алданып та қалуда. Тайланд, Мьянма және Лаос елдерінің арасындағы алтын үшбұрыш аталып кеткен тропикалық ну орман арасында 100-ге жуық азаматымыз жоғалып кеткен. Арада байланыс жоқ. Соңғы екі жылда қылмыстық топтардың құрығынан 28 қазақстандық құтқарылды. Қалғандарынан хабар жоқ. Келіскеннің орнына басқа жұмыс ұсынатындар да бар екен. Құрлық асып барып тұрған соң кері кетуге де мүмкіндік болмайды. Сондықтан қаншама жас бармақ тістеп қалуда. Бұған не себеп? Әлеуметтік желіде «шетелге жұмысқа келіңіз, күректеп ақша аласыз» деген жарнама көбейген.
Осы тақырыпты зерттеу барысында «ОЛХ» жарнама сайтында «Шет елдегі жұмыс» деген арнайы айдар бар екенін көрдім. Онда 59 хабарлама тұр. Бірінші мемлекет атауы, қай қаласы, қандай қызмет екені жазылған. Тіпті жұмыс ұсынған компания атауы, мекен-жайы, еңбекақысы көрсетілген. Мәселен, Ресейге көбіне вахталық әдіспен, өндіріс орындарына маман іздеген. Айлық 400-900 мың аралығында. Кейбір жұмыс орны 1 млн ұсынған. Ал Германия, Нидерланды, Англия, Түркия, Корея елдері көбіне ауыл шаруашылығы мамандарын іздейді. Қойма, көкөністерді қаптау сынды жұмыстарды жазған. Айлығы 1-3 млн теңге аралығында. Одан да жоғары ұсынатындары бар екен. Әлгі хабарландырудың бірін таңдап, сипаттамасына өттім. Қойылатын талаптары да бар. Ер адам болса оны жазады. Жасы да маңызды. Айлық жөнінде, сыйақы, демалыс күні, жұмыс уақыты бәрі де анық. Егер нақты ақпарат керек болса, байланыс нөмірлері көрсетілген. Тіпті жатын жері тегін екені де жазылған кейбірінде. Сауалнамадан өтіп, өтініш тастап, мақұлданса, жұмысқа шақырады екен. Виза, жол жүру билеті – бәрі де қарастырылады. Міне, көпшілік осылай барады.
P.S. Шетелге ешкім еріккеннен кетпейді. Осындағы жалақысы жақсы болса шетел асып несі бар? Айлыққа әрең жетіп, тиын-тебенін санап жүргендер қаншама?! Қазақ – бауырмал халық. Алдымен баласын ойлайды, тума-туыстың қамын жейді. Бәріне де қарайласқысы келеді. Несиесін несиемен жауып жүргендер де жетерлік. Осылайша жалғасқан тіршілігін түзегісі келіп, жақыннан дорбаламай, алыстан арбалап келеді ғой. Жұмыс іздеушілердің шетел асуы елдегі әлеуметтік жағдайдан хабар береді. Бұл үрдіс жуық арада жалғасын таба беретін сыңайлы. Бірақ, адал еңбекпен ақша тапқанда тұрған не бар?!
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<