Адал еңбекпен өрілген өмір

848

0

Тіршіліктің барлық саласы сияқты құрылыста да қызығы мен шыжығы, қиындығы мен қуанышты сәттер қатар жүреді. Шынында, құрылыс басында кімнің кім екені анық байқалады. Жақсының қайраткерлігі, жанашырлығы бірден көзге түссе, жаманның жалқаулығы мен керітартпалығы да назардан тыс қалмайды. Сол арқылы нағыз қайраткердің тұлғалық кескін-кейпі қалыптасады. Құрылыстың қазанында қайнап, Сыр өңірінің тарихында есімі алтын әріппен жазылар Орынбек Маханбетов сондай тұлға болатын.

Менің ол кісімен таныстығым 1984 жылы әскерден келіп, «Қызыл­орда құрылыс тресінің» «Үй құры­лысы» ком­бинатына жұмысқа орналас­қаным­нан басталды. Орынбек Маханбетов ағамыз сол мекемеде бас инженер екен. Он жылдай уақыт бірге жұмыс істедік. Әрбір нысанға жанашырлықпен қарап, мамандығының қыр-сырын өзінің бес саусағындай білетін жан ретінде облыс орталығындағы қарқынмен жүрген қай құрылыстың да басы-қасынан табылатын.

Ол кезде қалада құрылыс қарқыны ерекше болды. Бұрынғы «Западный», «Западный – 1», қазіргі «Ақмешіт», «Мерей» шағын аудандары аумағындағы көпқабатты үйлердің барлығы дерлік сол уақытта салынды. «Үй құрылысы» комбинаты – үлкен мекеме, демалыссыз, сенбі-жексенбі күндері де құрылыс алаңында жұмыс қайнап жататын.

Орекең еңбекте қажырлы адам еді. Біз айтқан шағын аудандардың құрылысы жүргізілген шақта еселі еңбек етіп, құрылысшылардың алдыңғы қатарынан көрінді. Шалт қимылдайтын. Бас инженермін деп кеңседе отырмайтын. Мен 1984 жылы шебер, 1985 жылы құрылыс жұмыстарындағы тікелей басшы-прораб, 1986 жылдан учаске бастығы болып қызмет атқардым. Құрылыс алаңына үнемі келіп тұрмаса да болатын. Бірақ мәсе­ленің байыбын тез аңғаратын ағамыз әрбір сметалық-құжаттық жобаны мұқият тек­серіп, жұмыс сапасына қажетті шаруаларды нақтылап жүретін. Жұмыс­шы­лардың жағдайын сұрап, бәрін бақылауда ұстауға тырысатын. Осылайша қашанда қарбаласқан тіршіліктің ортасынан табылатын.

Аянбай тер төгіп, адал еңбегін елінің көркеюіне арнаған құрылысшылар өз қолымен салып жатқан қаланың келешекте көркімен көзтартардай әсем шаһарға айналуын армандаған еді. Олар сапалы құрылыс жүргізіп, күні-түні еңбектену мен жоспарды орындауды ойлады. Қызылорда қаласының қарқынды құрылысына белсене атсалысқан Орын­бек ағаның қолтаңбасы қаладағы ғи­ма­раттарда сайрап тұр десек, артық айтпағанымыз болар.

Ағамыздың ерекшелігі – оның еңбек­қорлығы мен кәсібилігінде еді. Үнемі білімін жетілдірумен, ізденіспен жүретін. Қашан көрсең де алдында кітап жататын. Қалыптасқан мінезі – жауапкершілік, адамгершілік қасиетін еңбекте көрсете білді. Ешқашан «мен мынаны істедім» деп көкірек көтеруді білмеді. Жұмыс бабымен АҚШ-тың үш қаласында болып қайтқан кезінде «Ата-бабамның аяғы тимеген жерді көріп, өмірдің жаңа баспалдағына шыққандай болдым» дегені есімде қалыпты. «Еңбектен бақытымды таптым, жұмыстан қанша шаршасам да істеген жұмысымның нәтижесіне қарағанда кеудемді қуаныш кернейді. Қанша жұмыс істеп жүріп демалысқа шығу дегенді білмеппін» деп те сыр ақтарғаны бар.

Орынбек Пірманұлы 1955 жылы Тереңөзек ауданы Далакөл ауыл советіне қарасты «Жаңа өріс» колхозында дүниеге келген. Ағамыздың шаңырағында сақтал­ған әңгіме – Орекең отбасының жеті қыздан кейін көрген жалғыз ұлы екен. «Әке – балаға сыншы» дейді дана халқымыз. Әкесі Пірман: «Бұл бала бір жерден шығады» деп ұлының болашағына үлкен үміт артыпты. 1972 жылы Аққұм совхозындағы №38 орта мектепті бітірді.  1973 жылы Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургиялық комбина­тының жанындағы завод-жо­ғары техни­калық оқу орнына түсіп, құрылыс-инженер мамандығы бойынша үздік бітіріп шықты. 1978-1981 жылдар аралығында «Облыстық жөндеу құрылысы» тресіне қарасты «Электросантехмонтаж» мекемесінде мастер, одан прораб жұмысында жүріп, асфальт-бетон зауытының құрылысын салып, пайдалануға берді. 1981-1984 жылдары «Қызылорда құрылыс тресінде» бөлім бастығы, 1984-1998 жылдары аталған тресттің «Үй құрылысы» комбинатында бас инженер болып қызмет атқарды. Осы уақыт аралығында елуден астам көпқабатты үйдің құрылысын салып, I-335 АУ сериясын жаңа 97-сериясына қайта жаңғыртып, қуаты жылына 100 мың шаршы метр «Үй құрылысы» комбинаты құрылысын басқарып, өндірісті тоқтатпай іске қосты.

2001-2005 жылдары «Маханбетов» ЖК директоры, «Промстройпроект» ЖШС облыстық филиалының директоры, 2008-2009  жылдары «Промстройпроект» ЖШС аймақтық директоры, 2009-2021 жылдары «Промстройпроект» ЖШС директоры қызметтерін атқарды.

«Промстройпроект» жобалау инс­ти­тутына басшылық жасай отырып, Қызылорда қаласында қонақ үй кешен­дерін жобалап, құрылысын салды. Елба­сының тапсырмасымен жүзеге асқан «100 мектеп, 100 аурухана», «Ауызсу», «Ақбұлақ», бағдарламаларын орындауға қатысып, 20-дан астам ғимараттың жобалау жұмыстарын жүзеге асырды. Еліміздің 50-ден астам елді мекенінің, 5 аудан орталығының, Ақтау қаласын­дағы халықаралық «Кендірлі» демалыс орнының бас жоспарын жасады. Ә.Тәжібаев атын­дағы облыстық әмбебап-ғылыми кітап­ханасы мен №3 қалалық емхана ғимарат­тарының жобаларын жасап, бұл ғимараттар қаланың жаңа сәулетіне көрік берді.

Орынбек Пірманұлымен кейінгі жылдары отбасымызбен араластық. Елордада тұрған кезде жиі баратынмын. Отбасы, бала-шағасы, ағайын-туысқа бауырмал, досқа адал, ер азаматқа лайық мәрт мінезді ағамыз жары Зинамен үш қыз, бір ұл тәрбиелеп, өсірді. Шаттығы жарасқан үлгілі отбасында тәрбиеленген ұрпақтарының әрқайсы өмірде өз орындарын тапқан жандар, бүгінде әртүрлі салада қызмет етуде.

Жаны жайсаң, мейірімді және елгезек азамат Орынбек Пірманұлының адал еңбекпен өрілген өнегелі ғұмыры – бүгінгі жас ұрпаққа үлгі, перзенттері үшін үлкен мақтаныш.

Еңбегімен елге танылған, игі істері­мен көп құрметіне бөленген, өмірдің небір бел-белесінен белі бүгілмей өткен құрыш қолды құрылысшы ағамыз 4 тамыз күні 66 жасында дүниеден өтті. Мәңгілік өлмеудің жалғыз жолы халыққа қызмет ету екенін дәлелдеген қайраткер тұлғаның есімі ел есінде, болмысы жүрегімізде сақталып қала бермек.

Абзал ЕРАЛИЕВ,

Қазақстанның Еңбек Ері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<