Бала мінезі, азаматтық көзқарасы ата-ана, орта, мектеп тәрбиесі арқылы қалыптасады. Рас, сәби ақ қағаздай болып дүниеге келмек. Қағазға шимайды қалай салсаң, солай түседі. Бала тәрбиесі де осыған ұқсас. Бүгінде білім беру мекемелері осы қағиданы ескеріп, оқушылар бойында әділдік, адалдық қасиеттерін қалыптастыру мақсатында жаңа жобалар жүргізуде. Облыстық білім басқармасы, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің Қызылорда облысы бойынша ұйымдастыруымен өткен «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының ІІ облыстық слеті осы сөзіміздің айғағы.
Жиын алдында «Адал және сатылмайтын еңбек бейнесі» тақырыбында көрме таныстырылды. Оқушылар парақор бейнесін қылқалам арқылы күлкілі әрі аянышты етіп бейнелеп, карикатура жасаған. Ал слет барысында департамент басшысы Абзал Мұхимов ерікті мектеп клубының мақсатын атап өтті.
– Ұлы ұлт даму үшін ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу керек. «Адал ұрпақ» – жасөспірім оқушы, балаларымыздың кеудесіне ізгіліктің нұрын сеуіп, жаман індетке, ел экономикасына қауіпті құбылыстарға қарсы тұру иммунитетін қалыптастыру мақсатында құрылған жоба. Қазір «Адал ұрпақтың» облыс бойынша 293 мектепте 16 мыңнан астам мүшесі бар, – деді ол.
Жиын аясында мектеп клубының белсенді мүшелері марапатталып, барлық ауданнан жиылған бірқатар оқушы облыстық қауымдастық құрамына қабылданды. Ал, клубтың ұйымдастыруымен оқу орнында қандай жұмыс атқарылатынын Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушысы Асан Ердәулет айтып берді.
– «Адал ұрпақ» мектеп клубы 2016-2017 оқу жылынан бастап жұмыс жүргізіп келеді. Мектептегі клубқа мүше 210 оқушы түрлі форматта шаралар өткізеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім секциясы аясында «Қоғамдық тәртіп негіздері», «Біздің таңдауымыз – заңды мемлекет», «Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу» тақырыптарында іскерлік ойын, танымдық сабақтар жаңа инновациялық формада ұйымдастырылады, – деді ол.
Слетте оқушылардың тап-таза тілегі мен алғаусыз көңілі елге деген құрметпен ұштасқанын байқадық. Сондай-ақ, бұл күні «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының облыстық қауымдастығына қабылданған оқушылар қаланың мәдени орындарына саяхат жасады.
Айдана Жұмадинова,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<