(Еңбек ардагері Оспан Тәуекелұлы Жанұзақов туралы ойтолғау)
Бүгінде тоқсаныншы жазын көріп отырған ақсақал бүкіл өмірінің еңбекпен өрілгеніне ризалығын білдіре келіп: «Адам баласы еңбектен қалған күні өлімге қарай бет түзейді. Менің осы жасқа жетуім де еңбектің арқасы» деп ойын тұжырымдады. Алғашқы желі. Мақсат – білім алу. Ол өткен күндерді оймен шола біруақ үнсіз қалды да сөзін жалғады.
«Біздер балалығын соғыс ұрлаған ұрпақпыз. Әкем палуан болған екен, аштық жылдары Өзбекстан жақта 2-3 жыл тұрып, кейін елге қайта оралып, колхозға кіреді. Бірақ қатты науқастанып, мен екі жарым жасқа келгенде өмірден озады, қарындасым сол кезде анамның құрсағында қалады да, әкем қайтқасын үш айдан соң өмірге келеді, сөйтіп біз әке алақанының жылуын көрмей өстік. Шешем колхоз жұмысында. Он жастан бастап колхоз жұмысына араластым. Каникул, демалыс күндері міндетті түрде жұмыс басында боламыз. Ол кезде трактор деген өте аз, өгізбен жер жыртамыз, мен соқаның тұтқасын ұстаймын. Мекебай деген ағамыз өгізді жетелейді. Қырғи деген жерде табандыққа тары септік. Соқаны бар күшпен басамын, егер жер тайыз жыртылса таяқ жейсің. Сондықтан бар күшіңді сала қимылдайсың. Бәрінен де бір бетті жыртып барып, бері қайтар кез қиын, соқаны көтеріп, кері салу оңай шаруа емес еді. Сондайда іштей өзімді қайрап, «Қалайда оқып, білімді маман болуым керек» деп ойлайтынмын».
Иә, ол еңбекпен есейді. Бүкіл ер азамат соғысқа кеткен, жұмыста қарттар мен әйелдер, жасы оннан асқан балалар. Бес жылға созылған бірде тоқ, бірде аш күндер. Барлық табыс майданға жөнелтілуде. Өлмеу үшін тамақ табу керек қой, бұлар ұрланып барып масақ тереді. «Бәрібір қар астында қалатын масақ қой, соны да бригадирлер тергізбейтін. Масақ теремін деп сотталғандар да болды. Ой, несін сұрайсың, небір күндер өтті ғой. Бірде масақ теріп жүргенімді көріп қалған бригадир аттың бауырына алып сабасын. Қашамын, аздан соң құлап түсемін. Атты адам құтқара ма, аяушылық жоқ, қамшымен осып-осып кетеді. Сөйтіп бір құлағанымда атынан түсе салып, бидай салған қалтамды тартып алды. Сөйтіп алдына салып айдап келіп, әлгі бидайды таразыға тартып еді 150 грамм болды. 200 грамм болғанда жауапқа тартатын еді. Одан аман қалдым, бірақ, азарын айтсайшы» деп бір күрсінді ақсақал.
1935 жылы Жалағаш ауданының Белсенді колхозында (қазіргі М.Шәменов ауылы) өмірге келген Оспан Жанұзақов 1947 жылы шешесі қайтыс болып, қарындасы екеуі ғана қалады да, Қаракеткенге көшеді. Ол кезде колхоздан көшу, шығу дегенге жергілікті билік қатаң қараса керек, түнде жасырына көшеді. Ата-әжесінің қолына келген қарындасы екеуі оқуларын осындағы мектепте жалғастырды. «Ол кезде мұнда балық колхозы орталығы, МТС, нефтебаза, заготзерно және т.б. мекемелер бар, үлкен станса. Осындағы жетіжылдықты бітіргесін Шәмші деген жиеншар екеуміз Қызылордаға барып, ауыл шаруашылығы техникумының полеводческий (агрономия) бөліміне оқуға түстік. Бірақ стипендиясы өте мардымсыз, оған күн көре алмайтын болғасын елге қайтып, оқуды Жалағашта жалғастырдым. 1954 жылы мектепті 45 бала бітіріп, барлығымыз бір оқуда оқимыз деп уәделесіп, Алматыдағы зооветинститутқа құжат тапсырдық. Сұмдық конкурс болды, оны жасап отырған өзіміз, қырық бесіміз бір мамандыққа тапсырып тұрмыз ғой. Балалық дейсің бе, әлде арманшыл болдық па. Содан менің балым жетпей түсе алмай Талғардағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түстім, бірақ оқуға бірге барған інім түсе алмағасын құжаттарымды алып, оқ шығаратын әскери зауытқа жұмысқа тұрдым. Екі-үш айдан соң әскерге шақырылдым. Оқу, мамандық алу – арман боп қала берді.
Екінші желі. Ажалсыз пенде өлмейді. Саратов маңындағы әскери бөлімге түскен оны алты айдан соң Севастопольдегі №550 әскери бөлім жанындағы химиялық оқу орнына жібереді. Химиялық қарумен жұмыс істейтін және оны залалсыздандыру маманы болып шыққан ол әскери қызметті жалғастыра берді. Ол кезде құрлықтағы әскерде болу мерзімі 3 жыл, теңіздегілер үшін 5 жыл. Соғыстан кейінгі кез ғой, жаһандық қырғында көп адам опат болды, сондықтан бұл түсінікті жайт еді. Ол қызметіне өте мұқият болып, борышын адал атқарды. Бір рет өлім аузынан аман қалды. «Улы зат бізге балонмен келеді, ондағы қысым 10 атмосфера болады. Соны пайдаланамыз. Уландырғыш затпен оқу-жаттығу жұмысы біткесін, балондағы улы зат толық шығарылады, сонан соң оны техсохлормен тазалау керек. Тазалау жұмысында тұрғанмын, біреулер балонды толық пайдаланбай жіберіпті, мен оның үстіне техсохлорды құйған кезде балон 800 келілік фугас бомбасы күшімен атылды. Мені он бес-жиырма метрдей жерге лақтырып жіберіпті. Есімді санчаста жинадым. Дәрігер маған «Ұзақ өмір жасамайсың, қиналып өлесің» деді. Комиссават етті. Елге оралдым. Ажалсыз пенде өлмейді екен. Аллаға шүкір, әлгі дәрігер Құдайдың құдіретін, біздің елдің суы мен ауасының күшін есепке алмады-ау» деп қоямын қазір іштей» – дейді ақсақал жымия күліп. Иә, елге оралған ол қайтадан еңбекке араласты.
Үшінші желі. Су – тіршілік көзі. Осы бір тәмсіл оған сонау балалық шақтан өмір бағдары ретінде қалыптасқан болатын. Еңбек ете жүріп мамандық алуды арман етті, оқуға аттанды. 1960 жылы гидротехникумды бітіріп, елге су технигі болып оралды. «Мен 15 наурызда елге келген бойда жұмысқа кірісіп кеттім, Дауылбай деген жерді су алайын деп тұр екен. Жағдай өте қиын, жайылған су шетіне көз жетпейді. Күн-түні екі су өткізгіштің басында болып, су өтуін бақылауда ұстадым. Ол кезде қазіргідей техника жоқ, кей кезде белге арқан байлап алып, су астына сүңгіп өткізгішті ағып келген шөп, тал және тағы басқалардан тазалап тұруға мәжбүр болдым. Жас кез ғой, көктемнің суығын да елең қылмайсың, сөйтіп Жалағашты топан судан аман алып қалдық. Судың беті қайтқанда ғана шаршағанымды сездім. Содан соң ауданнан тапсырма келіп, вагонмен Қаракеткенге келдім. Шәменов ауылымен екі орта телегей теңіз сынды, енді болмаса екі ауылды да басып қалу жағдайында екен. Бірнеше жұмысшылар бар мұнда да күні-түні жұмыс істеуге тура келді, судың молдығы сондай сол кездегі ең үлкен тракторлардың бірі – «С-100» тракторының ішінде аяқты көтеріп отырамыз. Трактордың күштілігі ғой, суды бел ортасына дейін кешіп жүре беретін. Мұндағы жұмыстарды 15-сәуірде аяқтадық. Оқуды бітіре салысымен осындай қиын кезге тап болғанмен міндетті абыроймен атқарып шыққаныма қуандым» деді Оспан ақсақал ой тізбегін тарқата.
Сол жылғы топан судың молдығы сондай Шәменов ауылында су үйлердің есігі биіктігінен асып кеткен болатын. Ел жанталаса жұмылды. Көктемнің кезі, жер әлі босамаған, сондықтан жарылыс жасап барып, топырақ алып жатқан бұлардың төбесіне бірде бір тікұшақтың келе қалғаны. Суды көруге шыққан облыс басшылары болса керек, сірә. Оспанның зәресі ұшты. Дәл жарылыс үстіне әлгілер тап болса, аман қалмасы анық. Алла сәтін салып, олар сол жарылыс жасаған жерге үш минуттан соң келді. Бұлар «уһ» деп демдерін бір-ақ алды. Сол жылы ол Шынарға үйленді. Содан кейінгі бүкіл өмірі су саласында болды. Жоғары оқу орнын сырттай оқып бітірді. Қармақшы, Жалағаш аудандарында су шаруашылығы бөлімінің бастығы болып, Қызылқұм, Қарақұмдағы мал жайылымдарын суландыру жұмысына басшылық жасады. Небір қиын күндер де, қуанышты сәттер де бастан өтті.
Шынар екеуі бала-шағалы болды, немере сүйді, шөбере көрді. Үлкені Ғалия – қазір зейнеткер, Жалағаш ауданы денсаулық саласы мен құрылыс мекемелерінде экономист болып еңбек етті, Қайраты – коррупцияға қарсы күрес қызметінде, полковник, Ерболы – төтенше жағдайлар қызметінен зейнетке шықты, полковник, Гауһары – облсотта бас маман, Жадырасы – аудандық статистика бөлімінде бас маман, әрқайсысы өз алдарына бір-бір әулет болып отыр. Тоқсанға келген ақсақал адал еңбегі арқасында ел мен үкіметтің, партия, кеңес органдарының, Су шаруашылығы министрлігінің мақтау грамоталары бар, медальдары бар талай марапаттарына ие болды.
Ойтүйін. Сонау балалық шақта анасы көп айтатын «Ие, Алла! Асымды адалдан бере гөр! Ұл-қызымды адал еңбек етуге жаза гөр!» деген сөз әлі де құлағынан кетер емес. Содан болар, қай кезде де ол адалдықтың ақ туын биік ұстады. Балаларын да сол адал еңбек арнасында тәрбиеледі. Бүгінде еңбегінің зейнетін көріп 90-шы жазын қарсы алған Оспан ақсақал еңбек пен адалдықтың тау тұлғасы іспеттес, елге қадірлі батагөй қария. Оның өмір жолы әлі талай шығармаларға арқау болар, бұл шағын мақалада біз тек оның өмір жолындағы кей тұстарға ғана назар аудардық, сол арқылы адал еңбектің адамдық, азаматтық шыңына шығарарын жеткізбек болдық.
Алдажар ӘБІЛОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі,
филология ғылымдарының кандидаты





