Массаж мыңдаған жылдар бойы денсаулықты жақсарту үшін жасалады. Оның 80-нен астам әдісі, әсер етуі және басқа да ерекшеліктері, өзіндік техникасы, пайдасы және қарсы көрсетілімдері бар. Мысалы швед массажы қан айналымын жақсартса, тай массажы буындарды созып, икемділікті арттырады.
Массаж – жарақат алғаннан кейін қалыпқа келуге, бұлшық еттер мен терінің жағдайын жақсартуға, релаксацияға және күйзелісті басуға көмектесетін тиімді әдіс, бірақ оны жасатпас бұрын дәрігермен кеңесу қажет.
Адам денсаулығына пайдасын тигізетін массаж түрлері: швед массажы, тай массажы, лимфодренажды массаж, рефлексотерапия, бет массажы және «Су Джок» массажы.
Швед массажы – бұл ең көп таралған массаж түрі. Ол бұлшық еттердің үстіңгі қабатында жұмсақ, ырғақты, тоқылдату қимылдары арқылы жасалады. Бұл қимылдар буын қозғалысымен үйлеседі. Швед массажының техникасын XIX ғасырда профессор Пер Линг ойлап тапты. Техниканың ерекшелігі ретінде массаждың тек бұлшықеттерге ғана емес, буындарға да бағытталатынын айтуға болады.
Пайдасы мынадай: қан айналымын жақсартады, тыртық тінін бұзады, бұлшықеттердің серпімділігін қалпына келтіреді, буындарға икемділік береді, салмақ тастауға әсер етеді.
«Су Джок» массажын 1986 жылы оңтүстік кореялық ғалым Пак Дже Ву ойлап тапқан. Алақандағы және табандағы нүктелерге жасалады. Аяқтағы ісікті қайтарады, шаршағанды басады, қант диабеті, остеохондроз, гипертония, интракраниальды қысым, қан тамырларының спазмы, артроз, саусақ артрозы, асқазан-ішек патологиялары, бронх демікпесі, өкпенің қабынуы, инсульт және көру, есту, дәм сезу бұзылыстары, кекештену, несеп-жыныс мүшелерінің жұмысындағы ауытқулар кезінде де осы нүктелі массажға жүгінуге болады. Сонымен бірге «Су Джок» массажы жеңіл ауруға немесе суық тиюге де, сондай-ақ ауыр созылмалы ауруларға да тағайындалады.
Тай массажы – бұл дәстүрлі массаждан айтарлықтай ерекшеленетін емдік тәсілдердің бірі. Тай медицинасының бір бөлігі болып саналады және Қытай медицинасы сияқты денедегі энергия арналарымен жұмыс істейді. Пайдасы мынадай: қозғалысты көбейтеді, арқа ауруларын жеңілдетеді, күйзелісті басады, денені босаңсытады, ас қорытуды жақсартады, денсаулықты жақсартуға көмектеседі және ұйқының сапасын арттырады.
Рефлексология – бұл белгілі бір нүктелерге жұмсақ қысым жасау арқылы ағзаның жұмысын жақсартуға көмектесетін терапияның түрі. Бұл массаждың теориясы бойынша арнайы нүктелерге әсер ету арқылы күйзелісті жоюға және дене қызметін жақсартуға болады. Дәрі-дәрмекпен емдеуді толықтырады, бірақ оның орнын алмастырмайды. Рефлексологтар ауруға диагностика жасамайды және емдемейді. Бұл массаж түрі мына жағдайларда жақсы көмектеседі: мазасыздық, босану кезіндегі ауырсыну, артрит кезіндегі ауырсыну, шаршау.
Бет массажы – бұл бет терісінің контурын қалпына келтіруге, оның тонусын, түсін жақсартуға арналған процедура. Бет массажын үйде өзіңіз жасауға да болады, себебі өте жеңіл жасалады.
Пайдасы мынадай: қан айналымын жақсартады, ісінуді басады, беттің түсін ажарландырады, терінің серпімділігін арттырады, әжімдердің пайда болуын кешеуілдетеді. Бет массажын теріде жаралар мен күйік, бөртпелер мен тамырдың жарылуы секілді зақым келген жағдайлар болса жасатуға болмайды.
Лимфодренажды массаж – бұл денедегі лимфа сұйықтығының айналымын арттыруға бағытталған массаж түрі. Лимфа – ақуызға бай сұйықтық, ол ағзаның ішкі орта құрамдас бөлігі болып саналады және бүкіл денеде орналасады. Лимфа жүйесі – иммундық жүйенің бір бөлігі.
Массаж теріге жеңіл қысыммен, ұзын және жұмсақ қозғалыстармен жасалады. Негізгі мақсат – лимфа ағынын арттырып, оны түйіндер мен тіндер арқылы қозғауға көмектесу. Бұл техника лимфедема, ревматоидты артрит, созылмалы веноздық жеткіліксіздік, фибромиалгия ауруларын емдеуде әсер етеді.
Руслан НҰРҒАЗЫҰЛЫ,
балалар мен ересектер массажисі





