Адам саудасы – алаңдатарлық мәселе

148

0

Шілденің 30-ы – Адам саудасына қарсы дүниежүзілік күрес күні. Бұл күн адам саудасы құрбандарының ауыр жағдайы туралы хабардар етуге және олардың құқықтарын қорғауға арналған. Ал негізгі мақсаты – қоғамның назарын осы өзекті мәселеге аудару, алдын алу шаралары мен қауіпсіз миграция әдістері туралы ақпарат беру және зардап шеккендерге қолдау көрсету. 

Елімізде, оның ішінде біздің облыста адам саудасының құрбандарына арналған орталық бар. Ол  «Кіші кәсіпкер әйелдер қоғамы» қоғамдық бірлестігі деген атаумен 2000 жылы құрылған. 2010 жылдан бері халықаралық миграция ұйымының жобаларында әлеуметтік қорғалмаған топтарға және адам саудасының құрбандарына көмек көрсетумен айналысып келеді. 2017 жылдан қазіргі уақытқа дейін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Басқарма мемлекеттік тапсырыс аясында адам саудасының құрбандарына арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. 

– Орталықта 9 адам қызмет атқарады. Олар – заңгер, психолог, медицина қызметкері, әлеуметтік қызметкерлер. Орталық мамандарға арналған профильдік кабинеттермен жабдықталған және бенефициарларға кешенді қызмет көрсету үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған, 17 адамға арналған орын қарастырылған. Адам саудасының құрбандарын қорғау және осал мигранттардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы билік органдары мен ҮЕҰ арасында ведомствоаралық өзара әрекеттестікті күшейтіп, диалог алаңдарын құрумен айналысамыз. Біз үнемі ақпараттық акциялар, тақырыптық дөңгелек үстелдер, адам құқықтары мен балалар құқықтары жөніндегі өкілдер, миграциялық қызмет пен басқа да мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырамыз.  Сонымен қатар, Қызылорда облысы мен қаласының заңсыз адам тасымалы мен саудасына қарсы комиссия мүшесіміз, – дейді қоғамдық бірлестік төрайымы Салтанат Сыздықова.

Орталықта  8 түрлі тегін қызмет  ұсынылады.  Атап айтқанда, әлеуметтік-құқықтық,   әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық, психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени және әлеуметтік-еңбек қызметтері. Жылына орташа есеппен 28-30 бенефициарға қызмет көрсетеді. Жас шамасы 18-ден 78 жасқа дейін, бұл адам саудасының құрбаны болу кез келген жастағы және ер адамға да, әйел адамға да, балаға  да тән екенін көрсетеді. Биыл  жыл басынан бері 22 бенефициарға қызмет көрсетілген. Олардың ішінде 12 шетелдік, 10 Қазақстан азаматы болса, оның   6-ы әйел, 7 -уі ер адам, 9-ы бала. 

– Орталығымызға түскен кезде алғашқы медициналық тексеріс жүргізіледі, психолог және әлеуметтік қызметкермен әңгімелесу өткізіледі. Мәселелер анықталған жағдайда, бенефициарларға қажетті көмек көрсете алатын мекемелерге бағыттаймыз. Туу туралы куәлік, ЖСН, тұрақты тіркеу, анықтамалар, әлеуметтік көмек алуына көмектесеміз, қажет болса, білім алу мен медициналық тексеруден өтуіне қолдау көрсетеміз. Мысал ретінде біздің орталықтағы 5 адамнан тұратын отбасыны алайық. Олар 20 жылдан астам уақыт еңбек құлдығында болған. Нашар тұрмыс, тұрақты психологиялық қысым мен стрестің салдарынан олардың иммунитеті төмендеп, денсаулығы нашарлаған. Балаларда психикалық бұзылулар анықталған, білімі жоқ. Сондықтан оларға толық медициналық тексеру жүргізіліп, мамандардың тағайындауы бойынша ем-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар, біздің орталықта 30 жыл бойы ауыл шаруашылығында және фермаларда жұмысқа жегілген ер адамға қызмет көрсетілді. Ол тек тамақ пен тұрмысы үшін жұмыс істеген. Туу туралы, жеке куәлік сияқты құжаттары болмаған. Мектепте оқымаған, оқи да, жаза да алмаған. Қорқыныш пен уайымды азайту үшін психолог жұмыс жүргізді.  Оған қажетті құжаттар рәсімделді. Құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірге бенефициарымыздың анасын тауып, кездестірдік, олар 30 жыл көріспеген екен. Көбі тек білімсіз кісілер ғана адам саудасының құрбаны болады деп ойлайды, бірақ шын мәнінде бұдан кез келген адам зардап шегуі мүмкін. Қазіргі кезде саудагерлер алдаудың жаңа әрі күрделі тәсілдерін ойлап табуда. Ешкім бұл қауіптен сақтандырылмаған, – дейді Салтанат Елеусізқызы.

Маманның айтуынша, адам саудасының құрбандары физикалық еркіндігінен айырылады, құжаттары тәркіленеді, өзіне және  отбасына қауіп төнеді, қала ішінде еркін қозғала алмайды. Саудагерлер олардың құжаттары болмағандықтан көмек сұрауға әрекет жасағанда қылмыстық жазалау мен депортациядан қорқатынын пайдаланады.

Адам саудасының құрбандары көмек алу үшін үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдарға, мемлекеттік және құқық қорғау органдарына, халықаралық ұйымдарға, елшіліктер мен консулдық қызметтерге жүгіне алады. Сондай-ақ олар 11616 желісіне және 27-14-73 сенім телефондарына хабарласа алады.

Айта кету керек, ұйым  облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен, облыс, қала әкімдіктерімен, ұйымдасқан қылмыспен күрес (УБОП), Қызылорда облысы мен қаласының миграциялық қызметімен, білім, денсаулық сақтау басқармаларымен және бұқаралық ақпарат  құралдарымен ынтымақтаса  жұмыс атқарады.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»