Облыс орталығында «Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту орталығы» деген мемлекеттік мекеме бар. Орталықтың аты айтып тұрғандай, бұрын сотты болғандармен жұмыс жасайды. Негізгі миссиясы – халықты әлеуметтік қорғау саласында жазасын өтеген адамдарға еңбек және тұрмыстық орналасуына жәрдемдесу, құқықтық, психологиялық көмек көрсету.
Сөз басында айтып кеткендей, бейімдеу және оңалту орталығы республика бойынша ең бірінші Павлодарда ашылған. Содан соң Шымкент, үшінші болып Қызылордада осындай мекеме жұмыс істеуде. Ашылғанына 5 жылға жуықтаған орталықтың көмегіне жүгінушілер жылдан-жылға артқан. Көбіне-көп жұмысқа орналасу жағынан мәселе туындайтын көрінеді. Бір ғана мысал, орталықта 2016 жылы 269 жазасын өтеген адамға арнаулы әлеуметтік бағыт берілген. Сол жылы 40 адам жұмысқа орналасса, 47 адам орталық ұсынған жұмыс түрінен бас тартыпты. 2017 жылы 275, 2018 жылы 320 адам орталықтың көмегіне жүгінген. Қарасаңыз, көрсеткіш саны жылдан-жылға өсіп келеді. Былтыр 314 адам есепке алынып, 169 адам жұмыспен қамтылған. Ал биыл 365 адам есепке алынса, 129 адам түрмеден босап шығып, оның 12-сі тұрақты жұмысқа тұрған. Қалғандарымен де тиісті әлеуметтік жұмыстар жүргізілуде.
– Жазасын өтеп келушілерді кәсіпкерлік негізін үйрететін курсқа оқытып, мамандық игеруіне мүмкіндік жасап жатырмыз. Әсіресе, кәсіп ашам не техникалық мамандықты игерем дейтін мұндай азаматтарға бізден қолдау жеткілікті екенін баса айтқым келеді. Мұнда әр келушіге әлеуметтік карта толтырылып, орталықтағы психолог пен заңгер тиісті көмегін беріп отыр. Арнайы грант ұтып, шаруасын жасап жүргендерді нақты мысал ете аламын. Былтыр 7 адам қайтарымсыз грант арқылы қаражат алса, биыл 13 адам осындай өз бизнес жобаларын қорғап, кәсіп бастады. Біреуі тігінмен айналысса, келесісі шаштараз ашты. Техникалық мамандықтармен көмек көрсетіп жүргендер де бар. Келесі жылға 40 адам өтініш білдірді. Ынталылар көп. Сонымен қатар келгендерді түрлі спорттық шараларға қатыстырып, шахмат, футбол, волейболдан сайыстар өткізіп келеміз, – дейді орталық басшысы Бақыт Нұртазаев.
Бақыт Әбдіқаппарұлының айтуынша, карантин кезінде құрылысқа келетін сырттағы өзбек ағайындардың жолы кесілді. Бұның жақсы жері, орталыққа тіркелген, бұрын сотты болған азаматтар уақытша болса да құрылыс жұмыстарына тартылған. Екінші бір жаңалық, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы да бұларға көп көмек берген. 14 адам осы бағдарламаның арқасында жұмысқа кіріпті.
Деректерге үңілсек, Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Ресей мен АҚШ-тан кейінгі түрме мен ондағылардың саны жөнінен үшінші орында болыпты. Сол жылдары 107 мың адам темір тордың ар жағында болса, бүгінде ол көрсеткіш азайған. Тұңғыш Президент-Елбасының «Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» атты Ұлт жоспарындағы басты тапсырмаларының бірі – бас бостандығынан айыру орнынан босатылған әрбір адамға қоғамда өз орнын табуға көмектесу. Сонымен қатар, 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында бас бостандығынан айырумен байланысты емес қылмыстық жазаларды орындауға жауап беретін пробация қызметін құру туралы міндет қойылған болатын. Демек, мемлекет саясатының нәтижесінде қылмыстық көрсеткіш бұрынғыдан көп азайды, сонымен бірге біз жоғарыда айтып кеткен пробация қызметінің есебінде тұрады. Түрмеден жазасын үлгілі тәртібімен немесе рақымшылыққа ілігіп, түрлі жеңілдікпен босатылған азаматтар айына екі рет осы пробация орталығына келіп тіркеледі. Бұдан басқа, белгілі бір аумақта ғана жүріп, кешкі сағат оннан кейін үйінде болуы керек. Бостандықта болғанымен, бірқатар заңмен бекітілген түрлі шектеулер бар.
– Биыл 365 адамға құқықтық, психологиялық көмек көрсеттік. Оның 339-ы пробация қызметінің есебінде тұр. Қалған 26 азамат толық жазасын өтегендер. Осылардан 88 адам қалалық жұмыспен қамту бөлімі арқылы жұмысқа тұрды. Олар көбіне-көп жұмысқа орналасудағы қиындықтарды айтады. Сондай-ақ кейбір тұрмыстық тапшылық, жетіспеушіліктен де көмек сұрайды. Денсаулығына байланысты ауруханада жата алмай жүргендерді де емдеттік. Құжаттарын жоғалтқандар да бар. Орталық қызметкерлері осы жұмыстарды үйлестіреді, – дейді Б.Нұртазаев.
Қысқаша анықтама бере кетсек, «Пробация» – латын тілінен аударғанда «сынау» деген мағына. Сондай-ақ бұл, бостандығынан айырмайтын жазаға кесілген немесе мерзімінен бұрын шартты жазаға босаған сотталушыны бақылап қана қоймай, оған еркін өмірге бейімделуге, жұмысқа орналасуына, білім алуына көмектесу деген сөз. Қылмыс жасағанына қарамастан, оның түрмеге отырмауына мүмкіндік беру. Ол үшін қылмысқа барған адам сот міндеттеген шарттардың барлығын орындауы керек. Осылайша, байқаусызда сүрінгендерді түзеу мекемесіне отырғызбай, қайта тәрбиеленуіне мүмкіндік беріп, әлеуметтік мәселелері болса, шешуге ықпал жасайды.
– Егер бұрын сотты болған немесе олардың туыстары қандай да бір құқықтық не әлеуметтік көмек сұраса, біз қолдан келгенше демеу беруге дайынбыз. Кейде ойсыздықпен темір торға түсіп, жазасын өтегендер арасында өз ортасынан орын таппай, үйренген «орнына» қайта оралып жүргендер де бар. Тек, жұмыс берушілер олардың бұрынғы тағдырына бей-жай қарамай, қатарға қайта қосылуына себепші болып, бізге көмек көрсетсе деген тілек бар. «Айыбын мойнына алып келсе, атасының құнын кешетін» ақылды жұрттың бүгінгі ұрпағы осыны түсінсе екен, – дейді бізбен тілдескен қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту орталығының басшысы Б.Нұртазаев.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<