Ә.Нұрпейісов: «Артыма қарамай өлуім керек!»

243

0

22 қазан – классиктің туған күні. Әбекеңнің арамыздан алыстағанына үш жыл. «Бала, қалайсың?» дейтін қоңыр дауысын сағынасың. Жылы жымиысы түске кіреді. Бұл – сондай сағыныштан туған бір үзік сыр еді…

Иә, Нұрпейісов туралы айтылмаған не қалды? Бір қарағанда бәрі айтылған секілді. Осымен бітті ме?.. Жоқ, за­ман өзгерген сайын, қоғамдық құнды­лықтар орын ауыстырған сайын, ең негізгісі – ұрпақ ауысқан сайын Нұр­пейісовтің жаңа оқырмандары мың­дап, миллиондап табыла береді. Жазу­шының шығармашылығы жай­лы талайлардың тамсана айтқан пікір­лерін оқи бастасақ, кеш батып, қас қараяр еді. Ағамыз 98 жыл өмір сүрді. Бұл біреулерге сонша ұзақ уақыт се­кілді елестеуі мүмкін және осынша жасқа келгелі жазған-сызғаны үш-ақ кітап па деп те, қорашсынуы ғажап емес-ті. Сол үш кітап жазушының жанқиярлық адал әм азапты еңбегінің арқасында жазушының атағын да, Арал халқының бет-бейнесін де әлем­ге танытты. Шындығында Әбекең кітап­тан соң кітап шығарып, көпіртіп көп дүние жазған жоқ. Қағазға түскен туын­дының ыстық-суығына қарамас­тан бірден баспаға ала жүгіріп, қа­лам­ақыға қарық болайын да деген жоқ. Жастау кезінде Әбекеңнің де қа­ра­жаттан қиындық көргені белгілі. Бас­падан шыққалы жатқан кітабын «үстінен тағы бір қарап шығайыншы» деп қайтарып алып, кітаптың өң бойын жалпақ тілмен айтқанда «қызыл ала қан қылып», қайта жазып, қайта өңдеп, табандап үш-төрт жыл баспа төңірегіне жоламай кеткендігі – бүгінгілер үшін аңыз-ертегі. Әрбір шығармасына аса жауапкершілікпен қарап, әрбір сөйлем түгілі әрбір сөзді де «мидың мың гра­дустық домнасында» қайнатып ба­рып, арадан біршама уақыт өткен соң қайта үңіліп, ойынан шықпаған тұсы болса, бастан-аяқ қайта жазудан тартын­бай­тын, қашан өз ойынан шыққанша бір тыным көрмейтін Әбекең секілді жан­пида қаламгерді өз басым кеше де, бүгін де көргенім жоқ.

Бірде Әбекең Астанадағы бір ау­руханада жаңа босанған жас келін­шек­тей басын сүлгімен таңып алып, беліне көрпеше орап, ақ тер-көк тер боп, «Қан мен тердің» соңғы басылымын шиедей етіп, қырнап-сүрнеп жатты. Хал-жа­йын сұрауға барғанбыз. Мынадай жан алып, жан беріскен жағдайды көр­генде, «Қап, бекер келдік-ау» деп, жа­зушыға анау айтқандай жәрдеміміз ти­месе де, ең құрығанда уақытына бө­гет болмайықшы дегенбіз. Өзім біле­тінде Әбекең көп адамды жанына жа­қындата бермейді, ал керек адамды өзі іздеп тауып алады. «Келдің бе?» де­ді біраздан соң, бізге күлімсірей қа­рап – кәне, не әкелдің!» Бұл – көңіл-күйінің жақсылығының белгісі. Ке­лі­ні беріп жіберген сәлемдемеден ауыз тиді де, қағазға қайта шүйлікті. «Аға-ау, не істеп жатырсыз, елдің әл­де­қашан рухани дүниесіне айналып кет­кен «Қан мен терді» бүйтіп»… де­ге­німше болған жоқ, артынша: «Сен­дер не білесіңдер. Қазір заман басқа, заң басқа. Оқырманның талғам-тү­сінігі өзгерді. Оқырманды аяу керек, сондықтан «Қан мен терді», яғни үш кітапты сығымдап, артық-ауыз эпизодтарды қысқартып, бір кітаптың аясына сыйғызғалы жатырмын…» де­ді. «Ойпыр-ай!.. Талай кереметтер сы­зылып кетпесе нетсін!» «Оны өзім бі­ле­мін. Әрине, маған да оңай емес, де­генмен менің артыма қарамай өлуім керек! Осы сөзді ұмытпа!..» «Артыма қарамай өлуім керекті» екі мәрте қай­талады.

Көзінің тірісінде, мұнан үш жыл бұ­рын үш кітаптан тұратын сол «Қан мен тер» бір кітаптың аясына сы­йып, жаңа редакциямен басылып шық­ты. «Қан мен тердің» нешінші рет басыл­ғандығын кім білсін. Оқыдық, оқыдық та таңғалдық. Кітап ауызға салсаң еріп жүре беретін қант қиығындай тәт­ті­лігі өз алдына, бар тірлігіңді жиып қо­йып, қашан соңғы нүктесіне дейін бас алмай оқитындай келісті дүние бо­лып шыққан. Еламан, Ақбала, Тә­ңір­берген, Сүйеу, Судыр Ахмет, Қа­лен, Дос, Мөңке, Қарақатын, т.б. ке­йіп­керлер бір тылсым құпиясымен бұрынғыдан да бізге қарай жақындай түскен тәрізді. Жазған шығармасы қа­шан өз ойынан шыққанша түзетуден шаршамайтын және «іштен шыққан шұбар жыланды» аямайтын, әрі жа­ңа дүние тудырғандай содан кере­мет ләззәт алатын, бұл шаруаға бо­йын­­дағы соңғы демі қалғанша бар қай­рат-жігерін арнайтын осы жан­қиярлық еңбегі аңызға айналған жер жүзінде бір қаламгер болса, ол сөз жоқ – Нұрпейісов екендігіне тірі жан­ның талас­пайтындығы анық. Бұл турасында, Гера Бельгер кө­кем айт­қандай, «Нұрпейісов үш ауыз теле­грам­маның өзін ойланып-толға­нып, үш күн жазатын адам»… дей тұр­ған­мен, әрбір сөзді, әрбір сөйлемді елек­тен өткізуден жалықпайтын Нұр­пе­йісов қайталанбайтын әрі ешкімге ұқ­самайтын дара тұлға! «Қан мен тер­дің» алғашқы кітабы «Ымырт» 1961 жылы жазылып біткен-ді, міне, алпыс жылдан астам уақыттан бері три­логияның қанша тілге аударылып, қанша мақтау-марапатқа ие болып, қан­ша рет басылып шыққандығын өзі­ңіз-ақ безбендей беріңіз! Сірә, қа­лам ұстаған пендеге мына дүниеде мұнан артық бақыт бар ма?! Былайғы тірлікте жай сөйлеп, жайлап бабымен жүретін кісі секілді болғанымен туған әдебиеттің, туған елдің, атамекеннің тағдыры таласқа түскен сәттерде сол жайбарақат мінезді аяқасты ұмытып, алған бетінен, айтқанынан қайтпай түз гранитіндей қатып қалатын Нұр­пе­йісов бұған келгенде де жалғыз, бұған келгенде де сирек жаратылыс!

«Қан мен тер» сюжетінің жазушы басына қалай, қашан келгендігін бар­шаларыңыз жақсы білесіздер. Әбекең­нің мұнан жүз жыл бұрын Арал те­ңі­зінің жағалауындағы Құланды по­сел­кесінің Үшкөң ауылында дүниеге келгендігі белгілі. Қай жылы мектепке барғандығын, одан соң әр жылдары үзіп-үзіп бірде Шалқарда, бірде Арал­да оқығандығын қайталап жатып қай­теміз. 1942 жылы мектепті бітірген бойда армия қатарына шақырылады. Табандаған төрт жылын майдан дала­сында өткізеді. Әкесі, өзімен тетелес екі ағасы елге оралмай, соғыста опат болады. Әбекеңнің архивінде әкесінің майданнан ұлына жазған сәлем хаты сақталған: «Сен, балам, аман-есен елге орал, мына біз бастан кешкен бар қиындықтың жалғыз куәгері өзің, бәлкім кейіннен осыларды шамаң жет­се қағазға түсірерсің» дейтіндей не­меурін танытады. Әбекең әке ама­натына адалдық танытқандай, 46-шы жылы аман-есен елге оралады.

Соғыстан кейінгі ашқұрсақ ел іші­нің жағдайы тайға таңба басқандай бел­гілі ғой. Туған ауылында біраз ау­нап-қунап мауқын басқан соң, 23 жас­тағы жас жігіт 47-ші жылдың сар­ша тамызында ауылдан шыққан ат арбаға ілесіп, Арал қаласына жол тар­тады. Күн ыстық, қисалаңдаған ат арба. Екі көзінің жылтырағаны бол­­маса, былайғы әңгімеге мүлдем зауқы соқпайтын арба үстіндегі қартаң кісі Әбдіжәмілдің бары мен жоғын да есінен шығарып алған-ды. Бірақ қа­лай болғанда да Аралға жету – арман. Митың жүріс жалықтырған соң жас жігіт арбадан түсіп, жаяу аяңға көшеді. Аптап, айнала ысыл­даған қызыл құм, жаяу адамды шөл қинайды. Сол сапарда болашақ жазу­шы­ның басына нелер келіп, нелер кет­педі дейсіз?! Арал өңірінің күллі та­рихы көз алдынан өтеді. Көз алда­рындағы жалғыз теңізден басқа арқа сүйері жоқ, оның өзі кешеге дейін Аза­мат соғыс жылдарында орыс көпес­терінің шалқып өмір сүрулері үшін жаралғандай, ал жағалаудағы жарлы-жақыбай балықшылар соларға жалданып, өлместің күнін көргенін кімнен жасарарсың. Соғыс, тағы да соғыс, ашаршылық, турасын айтқанда, Арал өңірінде өмір сүрген халықтың маңдайлары жарқырап, қалқарази тір­лік кешкендері шамалы. Жан аямай еңбек еткен адал тердің де ақталғаны – ауыз жарымас бірдеме. Қан мен тер, қан мен тер! Арал қаласындағы жақын ағасы Байғабылдың үйіне жет­кен бойда Әбдіжәміл бір бет қа­ғазға «Қан мен тер» деп баттитып жа­зып қояды. Бұл тақырып болашақ жа­зу­шыны нағыз азап апанына алып ке­леді. Осыдан соңғы табандаған он бір жыл трилогияға деректер мен жан­­ды құжаттар іздеуге арналады. Ұзын сөздің қысқасы, «Қан мен тердің» алғашқы кітабы «Ымырт» – 1961 жылы, «Сергелдең» – 64 жылы, «Күйреу» – 70-ші жылы жазылып бі­теді. «Жазылып бітті» – біздің сөзіміз, ал Нұр­пейісов соңғы демі біткенше үш кітаптан тұратын кесек романды қырнап-сүрнеумен, қысқартумен, кей­­бір эпизодтарды қайта жазумен арпа­­лысты да жүрді. Міне, қарап отыр­саңыз, атақты романның өмірге келгеніне де табаны күректей алпыс жылдан астам уақыт болыпты. Бір адам­ның ғұмырына татитын уақыт беде­рінде сонан бері қанша өзгеріске түсіп, қанша мәрте жаңа редакциямен еліміздің әртүрлі баспаларынан жаңа кітап боп басылып шықса да, «Қан мен тер» ешқашан дүкен сөрелерінде шаңға көміліп жатқан емес. Қалам ұстаған пендеге бұдан артық мақтау-марапаттың қажеті қанша?!

Мақтау-марапат демекші, Әбекең де ұзақ ғұмырында талайдың түсіне кіретіндей, талай марапатты иеленген. Ең бастысы, одақтың, КСРО-ның мем­лекет сыйлығының лауреаты атанды, ондай абыройлы атаққа ие болған біздің елімізде үш-ақ қаламгер бар, олар – М.Әуезов, Ж.Молдағалиев және Ә.Нұрпейісов! Ал Қазақстанның Еңбек Ері атағын ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан алды. Қалған майда-шүйде орден-медаль­да­ры­ның бәрін көзінің тірісінде архивке өткізіп жіберген-ді.

Әбекеңнің болмыс-бітіміне, шығар­машылық лабораториясына таңғал­май­тын, таңданбайтын адам кемде-кем. Бәлкім, кім біледі, Әбекеңше жаз­ғысы келетін, шығармашылық шы­­ңы­на Әбекеңше жетіп жығылғысы ке­ле­тіндер сірә да, аз болмас. Бірақ басы ашық ақиқат, Нұрпейісов қайта­лан­байды, Нұрпейісов – жалғыз, Нұр­пейісов – тарихта аты-жөні алтын әріп­термен жазылып қалатын ұлы жа­зушы! Әбекеңнің шығармашылығы, «ар ісіне» адалдығы, ханнан да, қара­дан да қаймықпай пікірін ашық айта­тын батылдығы, туған әдебиетін мой­ны озық әлем әдебиеті деңгейіне кө­те­­рудегі жанқиярлық еңбегі, дана­дай дарқан ақ көңілі, кейде кез кел­ген нәрсеге сене қалатын баладай аң­қаулығы; ал жазуға келгенде, әр­бір қазақ сөзінің салмақ-дәрежесін тара­зыға салып, безбендеуге келгенде әлгі жайма шуақ мінездерді аяқасты ұмы­тып, сұрланып, «суырылмайтын ше­гедей» қатып қалатын… Ә.Нұрпейісов жайлы кешегі «алыптар тобы» көр­некті өкілдерінің аузынан шыққан ыс­тық лебіздерін, замандастары, құрдас­тарындай әзілдесетін, еркелейтін бү­­гінгі жер басып аман жүрген үзең­­гілес інілерінің қағазға түскен жазба­ларын жинағанда неше том боларын кім білсін. Француз Арагон, ресейлік Юрий Казаков, Сергей Баруздин, Анатолий Ким, Николай Афанасьев, Лев Аннинский, Леонид Теракопян, Ва­линтин Оскоцкий, испандық Августь Видаль, қырғыз Шыңғыс Айтматов, башқұрт Мұстай Кәрім, немістер Лео Кошут, Ральф Шредер, қазақстандық Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхаметжан Қаратаев, Та­хауи Ахтанов, Серік Қирабаев, Қалтай Мұхамеджанов, Зейнолла Қабдолов, Шерияздан Елеукенов, Герольд Бел­гер, Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сей­дімбеков, Дулат Исабеков, Төлен Әб­­­діков, Смағұл Елубаев, т.б. қалам­герлер Әбекең жайлы ағынан ақта­рылып, жүрекжарды ниеттері мен ті­лек­терін білдірді. Бұл жарасымды көш әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Адамзаттың Айтматовы былай дейді: «Мен Нұрпейісовтің кітаптарын баяғыдан бері оқып келемін, оның та­лантты да тартымды прозасына бая­ғыдан бері ғашықпын, одан көп нәр­сені үйрендім, онымен сан рет сыр­ластым да. Онымен әр кездескен сайын оны жаңа қырынан көргендей бола­мын да тұрамын. Адам ретінде, сұх­баттас-сырлас ол әманда терең, са­лиқалы да сабырлы…» Зейнолла Қаб­долов: «Егер де «Қан мен тер» қазақ тағдыры мен тұрмысындағы Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңді қамтыса, «Соңғы парыз» сол халықтың кеңес дәуіріндегі тағдыр-талайын қамтыған. Дей келгенде, Нұрпейісов трилогиясы мен дилогиясы – Отанымыздың ғасыр­лық тарихының айнасы…» Дулат Иса­беков: «Әбдіжәміл Нұрпейісовті қа­зақ қауымына ғана емес, бұрынғы бүкіл кеңестік кеңістікке, қала берді дүниежүзі оқушыларына та­ныстырып жатудың қажеті жоқ. Шы­ғар­маларының құндылығы мен тар­тымдылығы жөнінен ұлы Мұхтар Әуез­овтен кейін қазақ әдебиетінің мерейін көтеріп келе жатқан ірі қалам қайраткері…» Жә, бұл қағазға түскен ойларды соза беруге де болар еді…

Әбекең күллі қалам ұстағандарды үнемі таңғалдырумен келе жатыр. Жасы 80-нен асқанда «Соңғы парыз­ды» берді. Роман әлі күнге дейін біздің оқырмандардың да, шетелдіктердің де ауыздарынан түспей келеді. Ана жы­лы АҚШ-та қос роман ағылшын тілінде жарық көрді. Жоқ, айтайын дегеніміз бұл емес, айтайын дегеніміз – Әбекеңнің шығармашылық әдіс-тәсілі де ешкімге ұқсамайды. Мәселен, «Қан мен тердің» соңғы кітабы «Күй­реу» менің пайымдауынша асқан ше­берлікпен, шабыттана жазыл­ған ке­ре­мет шығарма! Өзінің айтуын­ша, ро­манның соңғы эпизоды, Тәңірберген­нің мына жарық дүниеден баз кешіп, өзі бастап апарған орыс әскерлерінің туған ауылын қалай тонағандығын көріп, тіршіліктен түңілген сәтіндегі жан тебіренісі алдымен қағазға тү­сіпті. Яғни кітап соңынан басына қа­рай жазылған. Ал «Соңғы парызда» да Бәкизаттың кеудесінен жаны әлде­қашан шығып кеткен Жәдігердің ап-ауыр басын тізесіне қойып, суықтан паналап күйеуінің кеудесіне кірген бір шөкім торғайды үсік шалған ебе­дейсіз қолымен қалқалап, жаңа атып келе жатқан күн көзіне қарап, аспанға ұшырып жіберетін тұсы бар-ау, міне осы соңғы тарау, соңғы аккорд та ал­дымен жазылыпты. Бұған қайтіп таң­ғалмайсың! Тағы қайталайын, мұн­дай тапқырлық пен шеберлікті Нұрпе­йіс­овтен басқа тірі жанның жүзеге асы­руы екіталай.

Қоңырау соққан сайын: «Бала, қа­лайсың?» деп сұраушы еді. Жасымыз жетпіске жақындағанша Әбекеңе бала болдық та жүрдік. Қазір олай деп, біздің хал-жайымызды сұрайтын пенде жоқ. Жазушының сол қоңыр дауысы құлақ түбінде үнемі қоңыраулап тұрады. Ес­тігің келеді, жиі-жиі түске кіреді, сағынасың… Туған ел алдындағы, туған әдебиеті мен атамекені алдындағы соңғы азаматтық парызын толық өтеп, артына қарамай жазам деген дүниесін жазып кеткен Абыздың аруағына әркез бас июге әзірміз! Қайдағы көрегендік?! Біздікі асыл Ағамыздың дүние есігін ашқан күні елеусіз өтпесінші дейтін ниет қана…

 Қуаныш ЖИЕНБАЙ,

 жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері