Әділдік таразысын тең ұстаған

5

0

Ажалдың салған ісіне пенденің айтар уәжі жоқ, біреуге ерте, біреуге кеш құрығын салатын, уақытқа, адамға бағынбайтын құбылыс. Ардақты азамат Балтабаев Бақытбек Өмірзақұлынан қапыда айырылып қалғанымызға да жыл өте шығыпты.

Иә, адам – өмірге қонақ. Тумақ бар жер­де бақилық болу да – мына өмірдің заңдылығы. Бірақ сол өлшеулі өмірде артына өшпес өнеге қалдыру, көпшілікке қадірлі болу – екінің бірінің пешенесіне жазыла бермейтін бақ. Оған зиялылық, тектілік қажет.

Сырдарияның ағысы баяу көрінген­мен, астары терең. Өмірде де осы өзен секілді адамдар болады. Үндемейді, бірақ нардың жүгін көтереді. Бақытбек Өмір­зақ­ұлы сондай жанның бірі еді. 1950 жы­лы қазанда Сұлутөбе ауылындағы қа­ра­пайым ғана қазақтың шаңырағында дү­ниеге келген ол елге қызмет ететін аза­матқа айналды. Табиғаттың тілін ерте ұқты. Малдың жайын, елдің қамын түсі­ніп өсті. Сондықтан да оның таңдаған жо­лы кездейсоқ емес еді.

1973 жыл. Семей қаласы. Зоотехника­лық-малдәрігерлік институт. Бұл жай оқу орны емес, Бақытбектің болашағына бе­рілген жолдама болатын. Оны мал дәрігері мамандығы бойынша тәмамдап, туған жерге оралды.

Жас маман Сырдария ауданының Киров атындағы кеңшарында мал дәрігерлік учаскенің меңгерушісі болып еңбек жолын бастады. Мал – қазақтың байлығы, оны сақтау – жауапкершілік. Бақытбек бұл жауапкершілікті жете сезінді, сенім арт­қан азаматтарды жерге қаратқан жоқ.

1970-жылдардың ортасы. Ұйымдасты­ру­шылық қабілетімен ерекшеленген аза­матқа аудандық, облыстық комсомол коми­теттерінде нұсқаушы бо­лып, жастармен жұмыс істеу тапсырыл­ды. Жастар – елдің ертеңі, ертеңмен жұ­мыс істеу – бүгінге жауап беру. Осылайша ол өзіне артылған сенім деген ең ауыр жүкті көтерді.

Бақытбек Балтабаев Қазақстан ЛКСМ Сырдария аудандық комитетінің, Қызыл­орда облыстық комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, комсомолдық ұйымдар кабинетінің меңгерушісі болды. Сырдария аудандық комитетінің екінші хатшысы, аудандық халықтық бақылау комитетінің инспекторы, Қазақстан Компартиясы Сырдария аудандық комитетінің нұсқаушысы, ауыл шаруашылығы бөлі­мінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.

Тәртіп бар жерде талап бар. Бақытбек Өмірзақұлы талаптан тайған жоқ. Қай қыз­метте де әділдік таразысын тең ұстады.

Бірінші Мамыр кеңшарында партия ко­митетінің хатшысы, №4 қой фер­масының меңгерушісі, Мұстафа Шоқай атындағы ша­руашылық серіктестігінің, «Мұстафа Шо­қай-Ыдырыс» жауапкер­шілігі шектеулі се­ріктестігінің төрағасы болып еңбек етті.

Ел жаңа жолға түскен елең-алаң ке­зеңде көп адам абдырады. Ал кейбірі шың­далды. Бақытбек Өмірзақұлы нарықтың заманына сай шаруашылық ісін жүргізіп, елмен етене еңбек етті. Ауыл мемлекеттің жүрегі екенін ісімен ұғындырды.

Еңбегімен абыройға кенелген азамат 2010-2014 жылдары тағы бір міндетті мойнына алды. Сұлутөбе ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды. Әкімдік – билік емес, қызмет деп қараған ол ауылдың жо­лы, суы, жарығы, тұрмысы – бәріне мо­йын бұрды, қолдан келгенше түзеуге тырысты. Өйткені сол ауылдың өз перзенті еді.

Қызмет атқарған уақытында Қызыл­орда облыстық партия комитетінің пленум мүшесі, Сырдария аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық кеңестің депутаты болып сайланды. Бірнеше ме­дальді кеудесіне тағып, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бұл – халық сенімі, сенім – марапаттан биік. Бірақ оның ең үлкен марапаты елдің алғысы еді.

Бақытбек Балтабаев 2014 жылы зей­нет демалысына шықты. Зейнетке шы­ғу тоқ­тау емес, жаңа кезең болды. «Ұрпақтан ұр­паққа» қоғамдық бірлес­ті­гінің жұмысына араласып, кейінгі буынға бағыт беруге атсалысты.

Ол қарапайымнан күрделіге, еңбектен абыройға, адамдықтан азаматтыққа жеткен жолдың иесі еді.

Сырдария тоқтаусыз әлі ағып жатыр. Сол өзеннің бойында бір адамның өмірі тұтас дәуірдің шежіресіне айналды. Еңбекпен, елмен егіз өрілген, тағдырмен шыңдалған ғұмыр иесі шынында уақыт­пен бірге жоғалмайды, керісінше уақыт­тың өзіне айналады. Міне, біз баян еткен бекзат болмыс иесі Бақытбек Балтабаев осындай жан болатын.

Жүзбай ТАҢРЫҚБАЕВ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі