Әлем «дөңгеленіп» барады

995

0

Осы күні әлемде жасы 18-ден асқан 650 миллион адам, 120 миллион бала артық салмақтың азабын тартып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы семіздік пандемиялық сипат алғанын, денсаулық сақтау жүйесінің шығын өсіміне себепші екенін мәлімдеді.

Семіздіктің себебі неде?

Біріккен ұлттар ұйымы өткен жылы «ауыр салмақты» мемлекеттердің тізімін түзді. Көшті Америка және Мексика бастады. Бұл – әрбір үшінші американдыққа, әрбір алтыншы ересек мексикандыққа тән мәселе. 1970-2000 жылдар аралығында АҚШ халқы өткен ғасырдың орта шенімен салыстырғанда фастфуд пен лимонадты бірнеше есе көп пайдаланды. Алпауыт мемлекет көшелерінен бойы 175 сантиметрге, салмағы 250 келіге жуық адамды оңай әрі жиі кезіктіресіз. Мексикандықтарды да сорлатқан – тәттіге үйірлігі, жүре тамақтанатын және бір орында тапжылмай отыратын өмір салты.

Хуан Педро Франко 2017 жылы 35 жасында Гиннес рекордтар кітабына енді. Ол бала күнінде-ақ толық болды. 10 жыл бұрын көлік апатына ұшырап, төсекке таңылды. Қимыл-қозғалыстың аздығынан бұрынғыдан бетер тола бастады. Салмағы 591 келіге жеткенде дәрігерлер көмекке келіп, отаның, терапия мен диетаның арқасында Франко 2019 жылы 330 келі салмақ тастады. 44 жасында 444 келі тартқан ұлыбританиялық Мартин Кит те – Гиннестің кейіпкері. Әуелі ота жасатып, кейін арықтау үшін диета ұстағаннан 2014 жылы қайтыс болды. Ол мүшкіл халге түсуіне тек өзін кінәлаған. Өйткені гамбургер, майға қуырылған картоп, бәліш сияқты тамақ түрлеріне қатты құмартқан.

Сарапшылар семіздіктің себебін физикалық жүктеменің аздығына, адамдардың тұз, натрий, қант, трансмайларға толы өнімді көбірек тұтынатынына әкеп тірейді. Коронавирус пандемиясы кезінде мұның өзектілігі тіпті артты. Адамдар бір-бірінен оқшау өмір сүрді. Көбі жұмыссыз қалып, тамақтан үнемдеуге тура келді. Фастфуд желілеріндегі тапсырыс көлемі соған сай арта түсті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қаққандай, COVID-19 пандемиясынан кейін әлем семіздік пандемиясының құрсауында қала ма деген қорқыныш бар.

«Пп-марафон» пайдалы ма?

Ауыр салмақты адамдар саны әрбір 10 жылда 10 процентке көбейіп отырған көрінеді. Жаһандық проблемадан еліміз де шеткері қалмады. Қазақ Тағамтану академиясының 2019 жылғы зерттеу қорытындысына көз салыңыз: бұл мәселе әйелдердің 55,5, еркектердің 49,2 процентіне тән. 1-14 жас аралығындағы әрбір жетінші баладан артық салмақ (9,2 процент) пен семіздік (5,5 процент) байқалды.

Семіздік сергелдеңіне түскендердің бірі – қызылордалық Гүлмира Молдақожаева. Оның азабынан кейіпкеріміз дұрыс тамақтану мен дене жаттығуының арқасында арылды. Әлеуметтік желідегі жарнама арқылы өзі сияқты қыз-келіншектермен қатар диета ұстап, алғашқы айда – 10, екінші айда – 7, одан кейін 3 келі тастады.

– Суды көбірек ішуге көшіп, күріш, картоп, наннан бас тарттым. Тамақтану режимі өзгерді. Фитнес залына баруды, одан басқа бос уақытта велосипед тебуді, секіртпемен секіруді дағдыға айналдырдым. 10 күн ашығу диетасын ұстадым. Енді бұрынғыдай 58 емес, 52-өлшемді киім киетін болдым, – дейді Г.Молдақожаева.

Оның айтуынша, темірдей тәртіп кемі жарты жылға жалғасуы тиіс. Бірақ белгілі себептерге байланысты оны орта жолдан қалдыруға тура келген. Ойға алғанын орындау үшін кім-кімге де түзу ниет, соған талпыныс керек. Келесі кейіпкеріміздің сөзі осыған саяды.

– Салауатты тамақтану, спорт өте жақсы жәрдемдеседі. Ұйқың сергек боп, көңілді жүресің. Диетаны көп адам қалтаға салмақ деп қателеседі. Жоқ, ол – үйде барды дұрыс тұтыну. Айырмашылығы – бұрынғыдай майға қуырып емес, суға асып жейсің. Жеміс-жидек пен көкөністі көбірек пайдаланған жөн, – дейді Айнар Тәжібаева.

Арықтағысы келетіндерге Instagram әлеуметтік желісі мен WhatsApp мессенджері әжептәуір көмекші. Әсіресе, қыз-келіншектер үшін. Өздері ортақ чат ашып алған, оны «пп-марафон» дейді. Анығы – дұрыс тамақтану марафоны (правильное питание). Бір-бірімен бейне-фотоесеп алмасып, бір-бірін ынталандырып отырады.

Диетолог-кеңесші Анар Әбжәлиева шектен тыс салмақ қосқан жандарға арнап осындай марафон ұйымдастырып келеді. Олардың қатарында жас та, жасамыс та бар.

Жарнамасы жалт-жұлт етіп…

Диетолог – кейіпкеріміздің қосымша мамандығы. Семіздіктің зардабын өзі де бастан өткергесін 3 жыл бұрын осы жолға бет бұрды.

– 2017 жылы артық салмақтың кесірінен төртінші баламды кесарь тілігі арқылы босандым. Босанар кезде 130 келі болдым. Тамақтану тәртібін өзгерту нәтижесінде 8 айда 82 келіге бір-ақ түстім. Мұның пайдасын көрген соң қазір қыз-келіншектерге кеңес беріп жүрмін. Марафонға қатысқандар арасында 35-40 келіге дейін жоғалтқандар, артынша құрсағына бала бітіп, ана атанғандар бар, – дейді А.Әбжәлиева.

Диетолог дұрыс тамақтануды тоқтатқан адам қайта салмақ қосуы мүмкін екенін ескертті. Сондықтан күнделікті аз-аздан 5 реттамақтану және уақыт ұзақтығы 3-4 сағаттан аспауы керек. Осы орайда «Таңғы асты өзің іш, түскі асты досыңмен бөліп іш, кешкі асты жауыңа бер» деген орамды сөз ойға оралады.

– Май мен қантты шектемейміз. Оны алмастыратын кептірілген жеміс, табиғи балды түске дейінгі уақытта тұтыну қажет. Майдан да мүлдем бас тартуға болмайды. Мысалы, бадам, кешью жаңғақтары, 1 ас қасық зәйтүн майы қосылған салаттар ағзаға керек май, қант пен ақуыздың орнын толтырады. Көп адам біз ұсынған тағам түрлерін қымбатсынады. Бірақ жарма фастфудыңыздан арзан, 180-250 теңге шамасында әрі денсаулыққа пайдалы, – дейді ол.

Дәрігерлер «семіздік – зат алмасуының бұзылуы салдарынан адамның дене мүшелерін май басуы» деп түсіндіреді. Тіпті оны созылмалы, эндокринді-мультифакторлы ауру ретінде қарастырады. «Семіздіктің сегіз аяғы бары» рас.

– Ол жыныстық дисфункция тудырып, омыртқа және бел, атеросклероз, артериалды гипертония, миокард инфаркті, инсульт, қант диабеті сияқты дертті қоздырады. Артық салмақ ересек адамдарда ғана емес, балаларда да кездеседі. Өйткені көбі тоя тамақ жеп, аз қимылдайды, – дейді Қызылорда қалалық №5 емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері Мақпал Алматова.

Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова былтыр қарашада Қазақстанда балалардың шамамен 20 проценті семіздікке шалдыққанын айтып, Премьер-министрге сауал жолдады.

– Оның негізгі себебі – энергетикалық баланстың бұзылуы, оның ішінде калория, май, тұз және қант мөлшері жоғары тағамдарды тұтынумен байланысты. Зиянды тағамға әуестікке әсер ететін негізгі факторлардың бірі – агрессивті маркетинг, – деді депутат.

Өйткені, ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының зерттеушілері мәлімдегендей, телеарналар құрамында қант бар және энергетикалық сусындарды, шоколадты жиі жарнамалайды. Сенатор көздің жауын алған жарнама балалардың қызығушылығын туғызбай қоймайды деп есептейді.

Аштық сияқты аса қауіпті

Денені май басу адам өміріне қаншалықты зиян екенін ғалымдар түрлі жолмен дәлелдеп келеді. Британия университетінің өкілдері «ол қартаю процесін жылдамдатады», Массачусетстегі жалпы клиникалық аурухана зерттеушілері «сүт безінің обырын емдеуге кедергі» деп дабыл қақты. Ал Нью-Йорк университеті жанындағы Гроссман атындағы медициналық мектеп оқымыстылары семіздікті коронавирус жұқтырған науқастар үшін рактан да қауіпті фактор қатарына қосты.

Ғалымдардың назарын аударған актуалды мәселе ислам дінінде о бастан құпталмайды. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Мен өз үмметім үшін 4 нәрседен қауіптенемін: үлкен қарын, ұзақ ұйқы, жалқаулық және иманның әлсіздігі», – деген. Ішіп-жеуге шек қойылған тағы бір хадисте: «Тамақтанған шақта асқазанның үштен бірін – тамаққа, үштен бірін – суға, үштен бірін ауаға қалдырыңдар. Алланың қатты ашуланған ыдысы – асқа толы асқазан», – делінеді. Әбден тойып тамақтанудың адамға қаншалықты зиян екенін, ауру-сырқауға апарып соғатынын бір ғана хадис айқындап тұрғандай. Асты белгілі бір мөлшерде тұтыну денеге сіңімді болатынын, бойға қуат беріп, іс-қимылды жеңілдете түсетінін дәрігерлер де, ғалымдар да мақұлдайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы асыл дінімізде қатаң айыпталған мәселені аштық секілді аса қауіпті санайды. Болжам бойынша 2030 жылға таяу одан әлем халқының 41 проценті зардап шегеді. Қытай, Үндістан, АҚШ, Индонезия, Бразилия, Мысыр 10 жылдан кейін семіз балалардың саны жөнінен алғашқы бестікте болуы мүмкін. Көз алдымызда әлем «дөңгеленіп» барады…

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<