Жапон ғалымы, Хоккайдо университетінің профессоры, философия докторы Уяма Томохико Токио мен Мәскеу бірігіп, 2001 жылы шығарған Мұстафа Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» атты кітабына жазылған алғы сөзінде: «ХХ ғасырдың бас шенінде Ресейдің өз ішінде және оның төңірегінде Абдурашид Ибрагим, Мирсаид Сұлтанғалиев, Заки Валидов (Тоған), Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов, Махмуд Бехбуди, Абдурауф Фитрат, Файзулла Қожаев, Мехмед Эмин және тағы басқа көптеген мұсылман ұлы реформаторлары мен революционерлері шоғыры пайда болды» дейді де жаңа азат жолдан «Тіпті осы жұлдыздардың ішінде Мұстафа Шоқаев (1890-1941) немесе Шоқай бірегей орын алады деп жазып еді.
Қандай тұлға болмасын оның ата-тегі, дүниеге келген отбасы, өскен әлеуметтік ортасы, көрген тәрбиесі мен өнегесі оның болашағының негізін қалайтыны белгілі. «Жұлдыздар ішіндегі бірегей» Мұстафа Шоқай Сыр еліне танымал Торғай датқа шаңырағында, би-болыс Шоқайдың отбасында дүниеге келді, туасы зерек ауылдағы төрт жылдық медресені екі жылда бітіреді. Орыс қоныс аударушылары мен Ресей патшасының жергілікті шенеуніктерінің әділетсіздігін басынан өткізген Шоқай баласының өз құқығын өзі қорғай алуы үшін әрі қарай орысша оқығанын қалайды. Мұстафа 1899 жылы үш жылдық Перовск училищесіне түсіп, оны 1902 жылы аяқтайды да, оқуын Ташкенттің ерлер гимназиясында жалғастырады. Орысша сауатын жап-жақсы жетілдіре түсіп, қоғамдық өмірге араласа бастайды. Түркістан өлкесінің орталығы Ташкентке жан-жақтан келген әртүрлі ұлт өкілдерінің өтініш-арыздарын шешуге қатыса отырып, жергілікті халықтың әлеуметтік теңсіздігін көзімен көріп, жүрегімен сезеді.
Мұстафа Шоқай өмірінде Санкт-Петербург университетінің заң фа-культетінде оқуы ерекше маңызға ие болды. Ең алдымен, берісі Ресейдің, арысы Еуропаның білімі мен ғылымынан сусындады, алғырлық қабілетімен сол кездегі орыс қауымындағы демократиялық үрдістерді бойына сіңірді. Сондай-ақ оның саяси-әлеуметтік көзқарасының қалыптасуында Орталықтағы Ресей мұсылмандары қоғамдық ұйымдарының жұмысына тартылуы, әсіресе 1-ші Мемлекеттік думаның мүшесі, кейін «Алаш» партиясының негізін қалаған, Алашорда үкіметінің басшысы болған Әлихан Бөкейханның орны бөлек болды. Ұлы тұлғаның ұсынысымен Мұстафа 1916 жылғы қарашада Мемлекеттік думаның Мұсылмандар фракциясының Кеңесші бюросына қызметке орналасты.
Осылай Ресей орталығындағы бас-аяғы 6-7 жылға созылған уақыт Мұстафа Шоқайдың нағыз саяси университетіне айналады. Бұған оның 1917 жылғы сәуірдің басында Петербургтен Ташкентке кетер алдында өзіне бұрыннан таныс, сол тұста Петербург жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің төрағасы Николай Семенович Чхеидземен кездескендегі әңгіме тақырыбы дәлел бола алады. Оның сұрағына байланысты Мұстафа Шоқай Түркістан автономиясын құруға әзірлік жасап жатқанын айтады. Бұл сөзден шошынған Чхеидзе автономия елді дереу дербестікке, бөлінуге апаратынын айтқанда, Мұстафа орыс революцияшыл демократиясы ұлттардың бостандығы туралы талай жылдан бері көтерген ұранына берік болса, бөлінуден қорқудың реті жоқ екенін жеткізеді. Бұл, біріншіден, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының автономия үшін күресінің басталғанын көрсетсе, екінші жағынан, сол кездегі Ресейдің биік лауазымындағы кісімен осылай сөйлесуі Мұстафа Шоқайдың саяси өресін, шынайы қайраткерлік болмысын танытқан еді.
Тағдыр Алаш ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілеріне ерекше қайраткерлікпен қоса шығармашылық қуатты да кем бермеген болатын. Медальдің екі бетіндей бұл қасиеттер Мұстафа Шоқайға да тән еді. Әсіресе, жалынды жанр болып саналатын публицистика саласында туындылары әлемге танылған тұлғаның өзі өмір сүрген Кеңес дәуірінің қоғамдық тынысын тап басып шынайы тануымен, мәні мен мазмұнының байлығымен, айрықша батылдығымен, ерекше өткірлігімен сипатталады.
2012-2014 жылдары жарық көрген он екі томдық шығармаларының толық жинағына тоғыз тілде жазылған мыңнан астам мақалалары мен хаттары, түрлі құжаттар енген. Мақалалардың 502-сі орыс тілінде, 300-ден астамы түрік-шағатай, 130-ы француз тілдерінде болса, 30 мақала ағылшын, неміс, поляк, қазақ, өзбек тілдерде жазылған. Грузин тілінде де бір мақала бар. Бәлкім аударма болуы.
Мұстафа Шоқайдың сонау Ташкентте 1917 жылдың маусымында шығып, 1918 жылғы сәуір айының ортасында жабылған «Бірлік туы» газетінің негізін қалауы әрі оның алғашқы редакторы болуы, Түркістан өлкесі мұсылмандары Ұлттық орталығының бастамасымен 1917 жылдың сәуір айынан бастап шыққан «Улуғ Түркістан» газетінің редакция алқасына кіруі, бұл басылымдардың жұмысына белсене араласуы, оның ұйымдастырушылық және журналистік публицистік қабілетін танытатын алғашқы қадамдар болды. Осы тәжірибелер Кеңес үкіметі Түркістан Мұқтариятын жойып, өзін шет елге кетуге мәжбүр етіп, әуелі 1919-1920 жылдары Грузия Демократиялық Республикасында болғанда жетіле түсті. Мұстафа Шоқай жергілікті бірнеше басылымдарға белсенді қатысып, өзі де газет-журнал шығарды. 60-тай мақаласы жарық көрді. Большевиктер Тифлисті басып алғаннан соң Түркияға ығысып, 1921 жылдың мамырында Францияға жетті. Парижде орналасқаннан соң берісі Түркістан, әрісі бүкіл түркі халқының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресіне кірісті. Енді өзінің ой-білім күшіне, қаламның ұшына жүгінді.
1921-1922 жылдары жалынды публицист «Воля России», «Слово», «Социалистический вестник», «LeTemps», «Оrientet Occident» басылымдарына қатысып, өзі сонау Петербургтен жақсы танитын кешегі Ресейдегі Уақытша үкіметтің басшылары, қазіргі эмигранттар А.Ф.Керенский мен П.Н.Милюковтың «Дни» және «Последние новости» газеттерімен тұрақты қатынасты бастап еді. Бұл қадамға баруға Мұстафа Шоқайды екі жағдай мәжбүр етті. Оның бірі – күнкөріс қамы болса, екіншісі – әзір басқа күрес алаңының жоқтығы еді.
Арада қайшылықты жайлар жетіп жатса да, 1921 жылдан 1927 жылға дейін жоғарыда аты аталған газеттерде 150-дей мақала жарияланды. Алайда, Мұстафа Шоқайдың орыс демократиясы өкілдерінің Түркістан ұлттық қозғалысына сенімді одақтас бола алмайтынына көзі жетеді. Оған негізінен А.Ф.Керенскийдің теріс көзқарастары себеп болды. Сондықтан өз халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын Түркістан Ұлттық Ұйымының дербес басылымының қажеттілігін айқын сезінген Мұстафа Шоқайға бұл бағытта Польшаның премьер-министрі болған Ю.Пилсудскийдiң алға қойған мiндеттерiнен туындаған «Прометей» қозғалысы көмектеседі. Содан ТҰБ ұйымының шешімімен «Йени Түркістан» журналы 1927 жылдың маусым айынан 1931 жылдың қыркүйегіне дейін Стамбулда шықты. Мұстафа Шоқай «Йени Түркістан» деген мақаласында: «Біз Түркістан сөзін ұлттық бірліктің, ұлттық-мемлекеттік бірліктің символы ретінде, өзбектерге, қазақтарға, қырғыздарға, башқұрттарға, түркімендерге, тәжіктерге ортақ үй ретінде, қазір жасанды ұлттық-мемлекеттік шекаралармен бір-бірінен бөлінгендердің барлығына мәдени орталық ретінде қайта тірілтеміз» деп жазды.
Түркістан Ұлттық Бірлігі ұйымы жұмысының Еуропаға ауысуы «Йени Түркістан» журналымен қатар жаңа басылымды қажет етеді. Ондай басылым «Яш Түркістан» журналы болды. Көлемі жағынан шағын болғанымен бүкіл түркі жұртының азаттығы мен тəуелсіздігін ту еткен 1939 жылдың тамызына дейін жарық көрген журнал Мұстафа Шоқайдың шығармашылық жұмысына ерекше қарқын, айрықша мазмұн берді. Ол осы журналдың тұңғыш «Біздің жол» атты мақаласында: «Егер біз халқымыздың ұлттық тəуелсіздігі жолындағы талаптарының мəн-мағынасын бұзбай, күшін əлсіретпей, «Яш Түркістан» беттерінде көтере алсақ, онда бəріміз үшін қасиетті жəне аса ауыр жауапкершілік артқан міндеттердің бір бөлігін өтеген болар едік» деп жазды.
«Яш Түркістан» журналында жарияланған мақалаларында Мұстафа Шоқай Ресей үкіметінің отарлық саясаты, осыдан туындаған проблемалар, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы Ақпан жəне Қазан төңкерістері, Алаш қозғалысы, Түркістан Мұхтарияты, басмашылар көтерілісі, большевиктердің ұлттық аймақтардағы өрескел саясаты жан-жақты қатаң əшкереленді. Азаттық пен тәуелсіздіктің туын биік көтеруімен бірге оларға жетудің жолы, алда тұрған саяси мұрат пен мақсат нақты қойылды. «Яш Түркістанның» бес жылдығына (1934 ж.) орай жазған мақаласында Мұстафа Шоқай «Қазір «Яш Түркістанды» оқымайтын Түркістан эмиграциясының бірде-бір ошағы жоқ. Араб елдерінен, Түркиядан, Персиядан, Үндістаннан, Ауғанстаннан, Қытайдан, Қиыр Шығыстан және басқа да елдерден түсіп жатқан хаттар «Яш Түркістанның» таралым ауқымына, оған үлкен құрметпен қарайтынына толық дәлел бола алады» деді. Егер бұл журналды түрлі елдердің жиырмадан астам қоғамдық ұйымдары мен жеке адамдар алып отырған болса, оның 885 данасы 19 мемлекетке және Мәскеу, Тифлис, Баку және Түркістанға тараған болатын.
Өз кезіндегі халықаралық жағдайды жетiк бiлген Мұстафа Шоқай шығармашылығының 1920 жылдардан бастау алып, ал 1930 жылдан кейін негізінен орыс, француз, ағылшын, неміс, поляк және түрік-шағатай тілдерінде жазылған 150-дей мақаласында Англия, АҚШ, Аустрия, Германия, Италия, Жапония, Қытай, Польша, Палестина, Франция, Чехославакия, Шығыс Түркістан, т.б. елдердің сыртқы саясатына, жалпы халықаралық өмірдің өзекті мәселелеріне саяси сараптама жасады. Ыстамбұл, Париж, Берлин, Варшава, т.б. қалалардың тиісті мінбелерінде сөз сөйлеп, большевиктердің түркі халықтарына жасаған озбырлық саясатын барынша әшкереледі. Бұл материалдардан, бейнелеп айтқанда, автордың Жер шарын алақанға салып, ондағы мемлекеттер жағдайын көріп отырғанындай әсер аласың. Тіпті сол мемлекеттің астанасында отырып, бар мәліметті қолында ұстап отырғандай сезінесің.
Батыс елдерінің кеңестік кезеңдегі Түркістан мәселесін қандай дәрежеде білетіндігі мен түсінігін тану мақсатында Мұстафа Шоқай 1924 жылдан 1933 жыл аралығында Лондонда алты-жеті рет болды. Корольдік Халықаралық қатынастар институтында жасаған баяндамасына берілген алғыс хатта институт кеңесінің төрағасы Н.Малькольмнің: «Құрметті Шоқаев мырза! Сіздің «КСРО және Қытай Түркістаны» атты тақырыпта жасаған баяндамаңыз үшін Корольдік Халықаралық қатынастар институты кеңесінің атынан алғысымды білдіремін. …Сөйлеген сөзіңізге тыңдағандар шын ықылас қойып, риза болды» деуі Мұстафа Шоқайдың халықаралық өмірдің сұңғыла сарапшысы ретінде танылуы болатын.
Бір ескеретін нәрсе – Мұстафа Шоқай халықаралық тақырыптардың қандайына қалам тартса да туған елі, Түркістан өңірін әсте есінен шығармайды. 1932 жылы жарық көрген «Қиыр Шығыста» атты мақаласында «Біз мейлі Қиыр Шығыста болсын, мейлі басқа бір жақта болсын, қашан да Ресейдің беделі түсіп, жеңілістерге тап бола беруін күтеміз» деп жазуы тегіннен-тегін емес. Өйткені орыс-жапон соғысында Ресейдің жеңіліске ұшырағаны оның тепкісіндегі елдер үшін орасан зор жеңілдіктер әкелген болатын.
Мұстафа Шоқайдың қайраткерлігі мен білімпаздығы, адалдығы мен әділеттілігі, мәмілегерлігі мен шешендігі эмиграциядағы Ресей, Әзербайжан, Грузия, Кавказ, Украина, Еділ-Орал, Ресей өңірі халықтарының жетекшілерімен, Қытай, Ауғанстан, Иран, Жапония, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания, АҚШ, Италия, Голландия, Франция, Германия, Польша, Мысыр және тағы басқа елдердің саяси, қоғам қайраткерлері және шығыстанушы ғалымдарымен, Өзбекстан мен Қазақстандағы туыстары және жолдастарымен, барлығын есептегенде жүз қаралы кісімен түрлі тілдегі, түрлі деңгейдегі, түрлі наным-сенім мен ұстанымда жазысқан хаттарынан айқын байқалады.
Көптеген хаттар мазмұнынан замандастарының Мұстафа Шоқайды Орталық Азияның бірден-бір маманы ретінде танып, одан кейбір дереккөздерді анықтағысы, тереңірек білгісі келгені байқалады. Пенсильванияда (АҚШ) тұратын Д.Федоров Уайт 1936 жылы 28 ақпанда жазған хатында орыс отарындағы Түркістан тарихы туралы кітап жазумен шұғылданып жүргенін, соған байланысты материалдар, кітаптар сұраған болатын. Мұстафа Шоқай 1936 жылы 19 наурыздағы жауап хатында Түркістан туралы кітаптардың барлығы, бірақ отарлық жағдайдағы қарым-қатынастардың субъектісі ретінде Түркістан туралы кітаптың табылмайтынын, көтеріліп отырған тақырыптың өте қызық екенін атап көрсетіп, күнделікті жұмысының көптігіне қарамай, мүмкіндігінше хат иесінің талабын қанағат-тандыруға тырысатынын айтқан еді. 1938 жылғы 17 мамырдағы хатында «Прометей» басшыларының бірі, эмиграциядағы әзербайжандық қайраткер Мұстафа Векилли аттасына: «Кавказ бірлестігіндегі» жікшілдіктерге тоқталып: «Біздің ұлттық күштерімізді біріктіру туралы мәселеде Сіздің көмегіңіз бен қолдауыңызды күтемін. Себебі біздің ісімізге Сіздің жаныңыздың ашитынын білемін» деп жазып еді. Бұл пікір Мұстафа Шоқайдың эмиграциядағы мұсылман эмигранттарының көшбасшысы екендігінің нақты дәлелдері болатын.
Мұстафа Шоқай Францияда жиырма жылдан астам саяси қызмет үстінде кейде әділеттілік үшін айтысқа да барған, көзбен көргені де, ойға түйгені де мол, түркі тектес эмигранттардың кемел көсемі ғана емес, түйінді сөздің шешені де болды. Бұған энциклопедиялық білімдар тұлғаның Кеңес үкіметінің ұлттық саясаты, Түркістанның азаттығы үшін күрес, ұлтшылдық, шовинизм, автономия, тәуелсіз ұлттық мемлекет, олардың мәні мен мазмұны, оларға жетудің амалдары мен жолдары, қоғамдағы саяси қайраткерлер мен зиялы қауымның орны, оларға қойылатын талап-тілектер, т.б. тақырыптар туралы саяси әлеуметтік ой тұжырымдары мен нақыл сөздері толық дәлел бола алады.
Тәуелсіздік Мұстафа Шоқайдың бүкіл саяси қызметі мен шығармашылық мұрасының негізгі тақырыбы болды. 1929 жылдың аяғында дүниеге келген, Түркістан азаттығы үшін күрестің жалынды туына айналған «Яш Түркістан» журналының тұңғыш санында жарияланған «Біздің жол» атты мақаласында күрес былайша тұжырымдалды: «Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды». Бұл ойлар әрі қарай жетілдіріле, дамытыла түсіп: «Большевиктер «Түркістан республикалары түрі – ұлттық, мазмұны – пролетарлық деседі. …Ал біздің мұратымыз – Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» деп күрес мақсатын айқындады.
Осы аса қасиетті ұлттық мемлекет туралы мұратты Мұстафа Шоқай 1936 жылы Берлин радиосынан Түркістан жастарына арналған сөзінде: «Түркістанның мақсаты – өзінің құрылысы – миллет үкіметін құрып, дербес боп, өз алдына бір өкімет болып тұру» дей келе, «Түркістанды» былайша керемет бейнелеген болатын: «Біздің құбыламыз – өзіміздің атажұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат, бір мұхаббат уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек! Түрік халқы – батыр халық, түрік халқы – арыстан, ер халық».
Мұндай қажеттілік неден туды деген сұрақтың болуы заңды. Мұстафа Шоқай бұған да барынша толық және жан-жақты жауап берді. Большевиктер орнатқан Кеңес үкіметінің ұлттық саясатының өзіндік сипаты мен себептерін, негізгі мақсатын терең түсінген саясаткер «Орыс тепкісіндегі Түркістанның ұлттық қозғалыстарынан. Жеңілмес ұлтшылдық» атты мақаласында «Дүние жүзінде Түркістаннан басқа да көптеген елдер бар. Ол жерлерде де үстем ұлттың озбырлығынан жәбір шеккендер аз емес. Алайда дәл орыстың отаршылдық саясатындай сұмдықтарды тарих әлі көрген жоқ» деп Ресей отарлығының өзгеден ерекшелігін ашып көрсетті. Әуел бастан қанағатсыз болып жаратылған Ресей туралы «Қиыр Шығыста» деген мақаласында: «Ресей – дүние жүзінде ең қомағай, ешқашан тойымы жоқ мемлекет. Ол жерді қанша көп иемденсе, соншалықты араны ашыла түседі. «Тәбет тамақ үстінде ашылады» деген мақал Ресейдің осындай ашкөздігіне байланысты шыққан десе де болады» деп жазды.
Мұстафа Шоқай Тәуелсіздік үшін күрестің стратегиялық мұратын айқындап қоймай, оған жетудің тактикалық жолдары мен амал тәсілдерін көрсетіп, оны тұрақты толықтырып отырды. Бұл «Ұлттық еркіндік және азаттық жолы» деген еңбекте былайша бейнеленді: «Бәрiнен бұрын өз қатарымызды, түркiстандық бiрлiгiмiздi күшейтейiк.
Түркiстанның жұдырықтай жұмылған ұлттық бiрлiгiн Ресейден айырылу үшiн күресiп келе жатқан басқа халықтардың ұлттық майдандарымен тығыз үйлестiре отырып, орыс империализмiне қарсы қуатты күш ұйымдастырып, бiрге қимылдайық». Бұл мақалада тағы да мынадай мәнді тактикалық мәселелерге де көңіл аударылды: «Орыс империализмiне қарсы күрес майдандағылардың ұлтын, дiнiн, нәсiлiн, партиясын тергеп-тектемейiк, алаламайық. Тек осындай жол ғана бiздi ұлттық азаттыққа жеткiзе алады…». Сонымен қатар табиғатында соғысты сүймейтін, азаттық үшін күрестің бейбітшілік жолымен ғана болуын ойлайтын автор: «Мұндай күрес, әрине, ұрыс соғыс түрінде емес, түсіндіру, иландыру, ұлттық ар-намысты ояту арқылы жүргізілуі тиіс» деді.
Мұстафа Шоқай ұлттық тәуелсіздікті тікелей халықтың ұлттық рухымен байланыста, ажырағысыз қарады, олардың себебін, даму үдерісін тәуелсіздіктің орнауымен түсіндірді. «Большевизм – түрікшілдіктің жауы» атты мақаласында: «Ұлттық рухсыз ұлт тəуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нəтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тəуелсiздiгi аясында өсiп дамиды, жемiс бередi» деді. Және ұлттық рухтың шынайы ұлтшылдық үдерісінде қалыптасатынын терең таныған қайсар тұлға халқымыздың мәдени және рухани саладағы жетістіктерінің барлығын ұлтшылдық қозғалыстың нәтижесі ретінде санады.
Осы сәтте Мұстафа Шоқай «Ұлттық зиялы» атты мақаласында аса бір маңызды мына бір ойларға назар сала кетейік: «Батыс білімін» «Шығыс рухымен» ұштастыру үстіндегі Түркия тәжірибесі біз үшін аса құнды. Біздіңше, дүние тарихында бұрын-соңды көтерілмеген жетістіктердің түпкі себептері – Түркия ұлттық күштерінің Еуропа тәрбиесін алған түрік зиялылары мен шығыс зерделі зиялылары түркі менталитетін (Mentalitet) сәтімен үйлестіре алуында жатыр».
Жүрегі елім, Түркістаным, сүйікті халқым деп соққан, Шығыс пен Батыстың білім-ілімін қос қанат еткен жалынды публицист, тамаша тарихшы, қайсар қайраткер, халықаралық деңгейдегі саяси сарапшы бірнеше тіл білген Мұстафа Шоқай әлем айдынына еркін жүзді. Энциклопедиялық білімдар тұлғаның артында қалған, мәңгі өлмейтін идеялары мен ой-тұжырымдарын бойымызға қуат ете алсақ, бүгінімізді байытып, келешегімізді кемелдендіруге қосар үлесіміз мол болар еді.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдардың докторы,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры






