Ән әуелеген жылдар еді

285

0

Қазақ – әнмен тербетіліп, әнмен оянған халық. Олай дейтінім «әу» демейтін қа­зақ жоқ. Біздің бала күнімізде әншілер сау­сақпен санаулы болатын. Аты-жөн­де­рін түгел білетінбіз. Қазір әнші көп. Бұған қуануға болады. Айта берсін, қала­ғаныңды тыңдайсың. Жаратушым қазақ елін ән мен жырдан айырмағай!

Расында, ән – өмірдің сәні. Жақсы ән – жанға азық, ол – рухани тәрбиенің көзі. Ұлы Абай айтқандай, «құлақтан кі­ріп, бой­ды алар» әндер жалғасын тауып, кө­бейе берсе екен.

Біздің балалық және бозбала шағымыз өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғы мен алпысыншы жылдарға тұспа-тұс келді. Осы кезең қазақ сазгерлерінің жүректі баурайтын, жан-дүниеңе керемет сезім сыйлап, көкірегіңе қона кететін әндерін шырқау биікке әуелеткен жылдар еді. Мектеп партасындағы біз:

– Ұстазым менің, ұстазым

Өзіңмен өткен қыс-жазым

Қалдырған ізің мәңгілік

Жадымда тұрар жаңғырып, – деп ән қайырсақ, есейгесін «Әлі есімде» әнін үйреніп:

– Әлі есімде, әлі есімде сол бір кез,

Көз алдымнан кетпей қойды-ау мөлдір көз, – деп ағымыздан жарылдық.

Бұл екі ән Ұлы Отан соғысының арда­гері, аса талантты композитор Әбілахат Еспаевтікі болатын. Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарованың орында­уын­дағы «Ұстазым» әні бүгінде «Қазақ радио­сының» алтын қорында сақтаулы. Мектеп қабырғасындағы жас ұрпақ осы ғажайып әнді айтып, өсіп келеді. Еспаев әндерінің тақырыбы сан алуан. Отан, бейбітшілік, пат­риотизм, достық және махаббат лирикаларын қамтиды. Белгілі ақын, қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиевтың сөзі­не жазылған «Аққуым» әніне тоқтала кетейік:

– Аққуым аспанда емес, жерде менің,

Үніңе тоқсан толқып тербелемін,

Келгенде шын айтуға, сыр айтуға,

Болып жүр көктен алыс жер дегенің.

Сен жырлайсың «Гәкку» деп,

Мен жырлаймын «Аққу» деп,

Саған ғана құмармын,

Болсадағы аққу көп…

Әнді Қазақстан­ның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұр­мағанбетова құйқыл­жыта орындайды. Та­ныс сөз, таныс әуен болғандықтан ба, тың­дай бергің келеді.

Әбілахат ағаның ел аузынан түспей келе жатқан басқа да әндері жеткілікті, біз соның үшеуіне ғана тоқталып өттік. Замандастары Еспаевты «Қазақ әндерінің королі» деп атайды екен.

Әбілахат Еспаевты ұстаз тұтқан Шәм­ші Қалдаяқовтың әндері «Қазақ радиосынан» күн құрғатпай беріліп тұратын. (Ол кезде телевизор жоқ) Әдепкіде Мұзафар Әлімбаевтың сөздеріне жазылған «Ақ­маң­дайлым», одан «Ақсұңқарым» шық­ты. Авторлар біріншісін жігіттің қыз­ға арна­ғаны, екіншісін қыздың жігітке арна­ға­ны депті. Мәтініне зер салсақ, расында соған келеді.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін бір-бір шумағын қайырмасымен қоса жазайық:

– Көкмайса Алатаудың бөктерінде,

Гүл тердік жастық шақтың көктемінде,

Алдымнан арманымдай жарқ етіп ең,

Көңілімді жеткізгендей көкте күнге.

Айналдым Ақмаңдайлым,

Асылым бал таңдайлым,

Жалында жас дәуренде,

Ұялма, жан сәулем де,

Жақсылықтың жоқ сәулем, ерте-кеші

Жадырашы, назданшы еркелеші.

Енді «Ақсұңқарымға» ойысайық:

– Есімде гүл терген кез көктем еді,

Есті қыз ер жігітті шет көре ме,

Қапысыз қайрылмастай құлай сүйсең,

Құрбыжан құр бекерге өкпелеме.

Батырым баяндым,

Дархан той базарлым,

Ақкөңіл аяулым Ақсұңқарым.

Аяла гүліңді,

Ұмытпан үніңді,

Бір жырла жырыңды Ақсұңқарым.

Екі дос қаздай, жадырап жаздай,

Жұбыңды жазба, Ақсұңқар!

Тыңда да бірге, сында да бірге,

Шыңда да бірге Ақсұңқар, Ақсұңқар!

Екі керемет ән жастың да, жасамыстың да жүрегін тербеді. Әндерді алғаш тың­дағаннан-ақ ұнатып, жеріне жеткізе орын­даған Халық қаһарманы, жезтаңдай әнші, әлемге әйгілі Роза Бағланова апамыз екенін білеміз. Бүкіл қазаққа ән сал­­дырып, «вальстің королі» атанған Шәм­­ші Қалдаяқовтың «Қайықта» әні тың­дау­­шысын да, айтушысын да махаббат толқы­нымен тербеді. Оқырманның бір кәдесіне жарар, ән мәтінін толық берейік:

– Болсақтағы жаңа таныс,

Жүзсек те алғаш қайықта,

Ұшқыр қиял кетті алыс,

Бұйырмашы айыпқа.

Самал болар толғандырған,

Айдын шалқар көл бетін,

Сәулем мені ойландырған,

Сенің жарқын келбетің.

Көлдің жүзін нұрландырып,

Тұр ма сенің дидарың,

Сол бейнеңді тұрған күліп,

Су бетіне қимадым.

Ескегіңді берші маған,

Мен есейін, сен еспе,

Су күлкісі сылдырлаған,

Сенің күлкің емес пе?!

Ашылғандай айдын көлде,

Үлкен өмір есігі,

Су бетінде қайық бейне,

Махаббаттың бесігі.

Жылжы қайық осы көлде,

Жыр толтыршы жаныма,

Махаббаттың бесігінде,

Тербелейік тағы да.

Біздің кезімізде оқу жылының басында 3-4 күн оқытады да, сабақты жиып қойып, мектептің жоғары сынып оқу­шы­ларын күріш жинауға апарады. Біз оған үйренгенбіз. Егінжайға барғанша-қайт­қан­ша қосылып әндетеміз:

– Балауса қыз едің бір кезде,

Шашыңа ақ бантик байлаған.

Өзгеріп кетіпсің бұл күнде,

Көркіңе көз тастап ойланам, – деп дауыс созамыз. «Ақ бантикті» аяқтай сала:

– Сол бір кез есімде, жағасы бұлақтың,

Айлы жаз кешінде сырласқан ұзақ түн.

Сүйкімді бейнеңді жүректе сақтадым,

Арманым сол жерден сен едің тапқа­ным… Бұл – «Қайдасың» әні. Жарықтық Шәмші, сезімді сағынышқа жалғай білген, дүниеге бір келіп-кеткен құбылыс ғой.

1966 жылдың қысы болса керек, ауылға Ақтөбеден концерт келді. Әртіс­тердің ішінде (әрі жетекшісі болар) қа­зақшаға судай, өзін осы жаққа құдамын деп таныстырған Геннадий Шульга деген әнші бар екен. «Сырласу вальсі» деген жаңа бір әнді тыңдадық. Вальс екпініндегі әдемі әнді өзі аккордеонына қосылып, тамаша орындаған:

– Түн жамылып келеміз,

айсыз ашық аспан,

Төбемізде жұлдыздар үнсіз

жымыңдасқан,

Бара жатқан зымырап,

байқалмайды уақыт,

Бұл не деген қуаныш,

бұл не деген бақыт?!

Алақанда алақан, күлімдейді көзің,

Құшағымда қуаныш, қасымда

сен өзің,

Күйге толы көңілмен араластық биге,

Қандай ыстық осы шақ,

асықпа сен үйге.

Мектеп бітіретін жылымыз еді, сыныптастар түгел барғанбыз. Шіркін жас дәурен, сезімтал едік! Әннің әсеріне беріліп кеттік пе, концерт аяқталғасын да үйге асықпадық.

Мұны әуелде Шәмшінің әні екен деп жүрсек, ақын Әнуарбек Дүйсенбиевтің сөзіне жазылған Әсет Бейсеуовтікі екен.

Әннің шығу тарихын айтайық. Алматы түні. Әсет таза ауамен тыныстайын деп бір сәт балконға шыққанда, көше бойында қол ұстасып бара жатқан қыз бен жігітті кө­реді. Біршама уақыт оларға қарап тұрған композитордың күйсандыққа келіп отыр­ғаны сол-ақ екен, вальс екпінімен шал­қыған бір әсем саз төгіле береді. Міне, бұл «Сырласу вальсі» еді.

Әсет Бейсеуов көбіне-көп әннің эстрада жанрын қамтыды. Шығармашылық бай­ланыста болып, біраз әндерінің сөзін жазған ақын Серік Тұрғынбековтің мынадай сөзі бар: «Әсет қазақ эстрадасының негізін қалап, оны дамытты. Әндері лек-легімен, толқын-толқын болып шығып жататын. Әндерінің көптігі, үйлесімділігі және тақырып ауқымдылығы жағынан оған ешбір композитор таласа алмайды».

– Бір дәуірдің түлеп ұшқан

жастары едік,

Бәріміз бір өмір жолын бастап едік,

Армандастар қайда,

абзал достар қайда?

Замандастар, қарлығаштар

қайда екен?!

Осылай басталатын Әсеттің «Ар­ман­дастар» әні әлі күнге құлағымызда. Үйге қайтуға асықпаған манағы бозбала мен бойжеткендер, бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған еңбек ардагерлеріміз. Бір-бірімізді іздейміз, кездесіп тұрамыз.

Мәдениет министрлігінің тапсыр­ма­­сымен 1969 жылы ақын Оспанхан Әу­бәкіров, балетмейстр Равиль Сүлей­менов­ті ертіп келіп, Әсет Бейсе­уовтің Жалағаш ауданында «Алтын арай» ән-би ансамблін құрғанын көп жұрт біле бермейді.

Жақсы ән тудыру терең толғаныс пен табиғат барген талантқа байланысты екені ақиқат. Соны жүрекпен тербесе, оған жақ­сы мәтін тап келсе, сөз жоқ, халық сүйіп тыңдап, сүйіп айтатын ән болары анық.

1960 жыл. Шілде айының орта тұсы. Алматыдағы кітап дүкенін аралап жүріп, Ілия Жақанов көкшетаулық ақын Еркеш Ибраһимнің «Қарлығаш» атты өлеңдер жи­нағын кездестіреді. Көп ойланбастан кітапты сатып алып, жұмыс орнына қай­тып оралады. Оқи бастаған ол тұнып тұр­ған лирикаға тап болады. Сөйтіп отыр­ғанда бөлмеге «Ақмаңдайлым», «Ақ­сұң­қарым», «Қайықта» деген әндерімен дүр­кіреп тұрған Шәмші Қалдаяқов кіріп келеді. Ілия оқып отырған кітабын Шәм­шіге ұстата салып:

– Шәке, қарашы, мұн­да «Жалғыз қа­йық» деген өлең бар екен. Сенің қайығыңа қарағанда мына қайық мұңға толы сияқты. Айлы түн. Көл жа­ға­сы. Түнгі көріністі айнытпай берген. Өлең­нің өн бойынан екі ғашықтың мөлдір се­зімін аңдауға болады. Бір кездері екеуі осы қайықпен армансыз серуендеген сыңайлы. Кейіпкер сол ғашығын сағы­нып, өткен күндерін мұңая еске алады. Ал қайық болса, жағада тапжылмай тілсіз тұр. Қандай тамаша сурет, – деп тамсанады Ілия.

– Рас айтасың, – дейді Шәмші.

Ілия Жақановтың ойынан:

– Қараңғы түнде мұңайып,

Толқынға малып тұмсығын,

Жағада жалғыз тұр қайық,

Маңайда меңіреу тыныштық.

Менің де сәулем жабығып,

Ойлардан небір айықпай,

Отыр ма екен сағынып,

Осынау жалғыз қайықтай, – деген өлең жолдары кетпейді. Көп толғанады. Содан тамаша ән туады. Ән болғанда қандай?!

Дирижер, дәулескер күйші, композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Куә бол» әні шыққан бойда «Досмұқасан» тобының орындауында керемет қызығушылық тудырды. Әсіресе жастар жағы іліп алып:

– Көзімді жұмсам да көрем сені,

Еседі арманның қоңыр желі,

Куә бол Алатау бақытыма,

Куә бол көк терек көлеңкелі.

Куә бол, жұлдыз,

Куә бол, айым,

Куә бол, Алатауым, –

деп өз жүректерінің қалауындай қосыла шырқап кеткен.

Нұрғисаның жаныңды елжірететін «Әкеме» әнін тыңдамаған, оны айтпаған ұрпақ жоқ та шығар бәлкім?!

– Жас едім өмірге еркін бойламаған,

Күні ертең не боларын ойламаған.

Шарықтап кетсем де алыс

қанат қағып,

Өзіңдей қамқор адам қайда маған?!

Нұрғисаның осы әнін талай-талай ән­ші орындады, бүгіндері де орындалып жүр.

Ұрпақ жалғасуда. Асқар таудай әке болмысын ардақтаған әнді бала біткен айта жүрер. Тұманбай Молдағалиевтің сө­зіне жазылған «Құстар әні» – Нұрғиса Ті­лендиевтің ән жанрындағы шырқау биігі. Қайталанбас хас таланттың қайта­ланбас туындысы. Онсыз да белгілі, мә­тініне тоқталмай-ақ қояйық.

Әріден бастау алып елмен біте қай­насқан, көңіл көкжиегін нұрға бөлеп, өмірдің сәніне айналған ән өнерінің кешегісі тарих, бүгінгісі құнды, болашағы да жарқын болары сөзсіз. Тұтастай бір дәуірдің әндерін әуелетіп, қазақ даласын тербеген атақты композиторлардың ішін­де Ілия Жақановтан басқасы (Ілия ағамыз жүз жасасын.) қазір арамызда жоқ. Олар ұмытылмайды, әндерімен бірге жасай береді.

 Темірбек ЕСЖАНОВ,

 Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі