Әртараптандыру: Әрекет пен берекет қалай таразыланбақ?

816

0

Көктем де келді. Ел егінге шығатын мезгіл де алыс емес. Кейінгі жылдары Сыр диқандарын алаңдатқан су жағдайы биыл да жылы қабақ танытпай тұр. Деректер көңіл көншітпейді.

Қырғыз жеріндегі «Тоқтағұл» су қоймасында 10,3 млрд текше метр су бар. Бұл былтырғыдан 3 млрд текше метрге аз. Ал, сыйымдылығы 5,2 млрд текше метрді құрайтын «Шардара» су қоймасында қазір 3,9 млрд текше метр су жиналған. 

Мамандар егінді әртарап­тандыру мәселесін көтеріп отыр. Шынында, оған не кедергі? Ала жаздай атызынан су арылмайтын күріштің көлемін қысқарту арқылы бұл түйткілді шеше аламыз ба? Өзге қандай дақылдарды көбейтуге болады?

Ұшқары пікір ұшпаққа

шығармайды

Облыста инженерлік жүйеге кел­тірілген 250 мың гектардан астам жер бар. Оны аймақтың алтын қоры дейміз. Қарапайым диқан қауымының алдындағы негізгі міндет – сол бағалы байлықты тиімді пайдалану. Алтын қорды сақтап қалудың негізгі жолының бірі ретінде күріш шаруашылығы айтылып жатады. Себебі, бұл дақыл жердің тұзданып кетуіне жол бермейді.

– Кейбір азаматтар тарапынан оған байланысты түсінбеушілік бар. Күріш егісін қысқарту арқылы су тапшылығын шешуге болады  деген пікірді көлденең тартады. Аграрлық салада ауыспалы егіс тәртібі бар. Мәселен, күріш егілген алқапты тиісті кезеңде оны жоңышқа алмастырады. Осылайша ауыл шаруашылығы жерлерін сақтаудың жолы қарастырылған. Ал мұндай заңдылық сақталмаған жерде алқап тұзданып, тозуға көшеді. Сондықтан бұл мәселеге келгенде ұшқары ойлаған дұрыс емес, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.

Жалпы, ауыл шаруашылығы дақыл­дарын әртараптандыру мәселесі оңай шаруа емес. Сондықтан мамандар түрлі амалды таразылап көргеніміз абзал деп отыр. Жергілікті диқандар ұзақ жылдан бері күріш егеді. Оған маманданған. Демек, әртараптандыру мәселесіне кезең-кезеңімен көшкен абзал секілді.

Биыл облыста 188,2  мың гектарға егiн егу межеленіп отыр. Оның ішінде күріштің көлемі – 84,4 мың гектар. Былтырғыдан 5,1 мың гектарға азайған. Есесіне дәнді дақылдардың өзге түрле­рінің көлемі арттырылмақ. Оған қоса майлы, көкөніс-бақша дақылдарына да үлкен мән берілуде.

Қант құмайы және соя

Кейінгі жылдары өңірде қант құ­майы және соя секілді жаңа дақыл­дарды тәжірибеден өткізуге көңіл бө­лінді. Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу инсти­тутының мамандары сынақ жасап көрді. Алғашқы нәтиже жаман емес.

Алдымен қант құмайы туралы айтайық. Дақылдың біздің өңірге өте қолайлы екені анықталды. Топырақтағы тұзды өзіне сіңіреді, тамыры жерде қара шірік болып қалады, азоттандырады. Келесі жылы ол өскен кезде балауса күйінде орып, жермен қоса жыртып тастаған жағдайда биоорганика болады. Қант құмайы – жүгері секілді дақыл. Әлемде одан 50-ге жуық өнім алуға болатыны дәлелденген. Биоэтанол, спирт, қант шырынын алуға және одан қалған қалдықтан мал азығындық өнім өндіруге мүмкіндік бар. Балауса күйінде жем-шөп есебінде пайдалана аласыз.

– Негізінен Африкада өсетін дақыл суға оншалықты тәуелді емес. Тіпті, су тапшылығы болған уақытта да ол жасыл күйінде тұра береді, ылғалдығын сақтайды. Содан кейін су берсең, қай­тадан көктеп, жапырағын жая түседі. Мұндай жағдайда жүгері сарғайып, қурай бастайтыны белгілі. Оны өндіріске пайдаланған кезде екі-үш жылда өз шығынын толық ақтайды, – дейді институт ғалымдары.

Әлемде соя дақылына сұраныс өте жоғары. Қазақстанмен шекаралас Қытай бұл дақылды көп тұтынатын мем­лекеттер қатарында тұр. Оны сонау Арген­тинадан ұшақ арқылы алдырады. Осыған байланысты Алматы облысында тиісті жұмыстар қолға алынған.  Бұрын мұнда соя өсімдігі 50 мың гектардан аспаса, қазір 3-4 есеге дейін өскен. Әрине, өнімді экспортқа шығарудың өз талабы бар.

Институт ғалымдары бұл бағытта да тың ізденістер жасады. Одан мол өнімге қол жеткізуге болатыны дәлелденген. Десе де, әзірге аталған дақылдың көле­мін арттыруға қолбайлау болып тұрған жағдайлар бар. Біріншіден, оны егетін және жинап алатын техникалар қолда жоқ. Екіншіден, бұл бағытта тәжірибесі мол мамандар жетіспейді. Өзге де себептер жетерлік. Сондықтан бұған байланысты нақты жобалар жасау керек.

Жеміс-жидек неге аз?

Қазір базарға барсаңыз, көкөніс-бақша өнімдері сыңсып тұр. Бірақ, сол өнімдерді өсіруде өңірдің бәсекелік қабілеті өте төмен. Сырттан тасимыз.

Елімізде алма және өзге де жеміс түрлері Алматы, Жамбыл, Түркістан об­лыстарында өседі. Қызылорда облы­сында оңтүстік Жаңақорған, Шиелі ау­дандарының мүмкіндігін неге пайдалана алмаймыз?

Кезінде сол екі ауданда алма мен жүзім өсірген арнайы шаруашылықтар болды.  Жаңақорғанның «Юбилейный», Шиелінің «Алмалы» ауылдарында жай­қала өскен жеміс алқабына көңіл сүйсінетін. Қазір бәрі құрдымға кетті.

Қазіргі жағдайда Жаңақорған ауда­нында жеміс-жидек өсіріп өзгелерге үлгі көрсетіп жүрген азаматтар бар. Мә­селен, «7 KZ Сыр табиғаты» ЖШС басшысы Амантай Сарбасов аудан орталығынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының бойына шығатын тұста жайқалған жеміс ағаштары бар бақ өсіруде. Мұнда көшет өсіру питомнигі орналасқан. Серіктестік аталған істі төрт жылдай бұрын қолға алған еді. Былтырдан бастап жеміс-жидек көшет­терін өндіруді жолға қойды.

– Рас, кейінгі жылдарда өңірде жеміс-жидек өсіруге көңіл бөліне бастады. Бұл – қуантарлық жағдай. Десе де, оны қиын шаруа ретінде көретін жерлестеріміз аз емес. Әрбір істің ауыртпалығы болатыны белгілі ғой. Көпшілік арасында жеміс-жидек біздің жерімізге өсе бермейді деген қасаң пікір қалыптасқан. Барлық өнімді сырттан тасымалдауға мәжбүрміз. Ал өзімізде қаншама жер кәдеге аспай жатыр. Мен мына талдарды суару мақ­сатында арнайы скважина қаз­дырдым. Сондықтан су мәселесінде қиындық жоқ, – дейді бағбан.

Оның айтуынша, алдағы уақытта питомникті 50 гектарға дейін ұлғайту, арнайы цех ашу жоспары құралған.

Әрине, бастаманы тиісті мақсатқа жеткізу және ол жолда табанды еңбек ету нәтиже әкеледі. Десе де, әртараптандыру мәселесінде жақсы ұстанымға қол жет­кізу үшін әлі көп шаруа керек. Ғылым мен өндірістің үйлесімі нарықтық талаптарға сай іс-әрекет, ең бастысы, халықтың еңбекке деген құлшынысы әрі оны мемлекеттік қолдау, қысқасы, осының бәрі біздің бүгінгі қарекетіміздің бет-бейнесін ашып беріп отыр. Арғысы түсінікті болар.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<