Әулеттің ғана емес, ауылдың ақылшысы

1352

1

Бір үй, бір әулет қана емес ауыл түгелдей сыйлап құрметтейтін аналар бар арамызда. Арал теңізінің құяр сағасындағы Қаратерең ауылындағы Асылбике апа – сондай адам. Көптің арасында суырылып сөйлеп, ешкімге елдің көзінше ақыл айтып, жарқырай көрінбеуі мүмкін. Бірақ, мейірім толы көзқарас, кімге болмасын жақсылық тілейтін жанашыр ниетін ауыл түгел танып алған. Отағасы Ерғали екеуі отау құрған елу жылдан астам уақытта бұл үйден қай жолаушы да риза көңілмен аттанатын.

Биыл Наурыз мерекесін ауыл­да қарсы алудың сәті түсті. Сонда тұрғындардың көбі «Ер­ғали ағаның үйіндегі нау­рыз­көжені айтсаңшы! Жылда көше беткейге қазан толы ас дайындап, жолаушының бәріне дәм татқызады» дескен. Біз де от­басындағы бұл дәстүр сонау 1988 жылдан басталғанын бала кезде естігенбіз. Кейінірек, осы дәстүрдің биыл неге бұзыл­ғанын үлкен ұлы Нұрлан аға­дан сұрағанымда «Әкем мен анам барда қонақ үзілмейді ғой. Биыл елдегі жағдайға байланысты көшеге қазан аспадық. Бірақ карантинге қарамастан көрші мен ағайын, таныстарымыз үлкендерге келіп амандасып, көжеден дәм татып кетті» деген болатын. Иә, бар мәселе бір кесе көжеде емес, көңілде екенін ұқтырғандай еді бұл сөзі.

Асылбике апаны ауыл ға­на емес, көршілес елді мекен тұр­ғындары да «ана мен бала­ның қамқоршысы» деп таниды. Балаға көз тигенде не әл­де­неден қатты қорқып, шошын­ғанда медицинаның өзі дәр­менсіздік танытатыны бар. Мұн­­дайда қазақ өзі де, сөзі де байыпты, елге тек жақсы аты шыққан, қасиет қонған адам­дарға баланың таңдайын бас­тырып, адыраспан, арша се­­кілді киелі шөптермен аластатып алған. Бұрын мұндай қазақы емді әр әулеттегі әже жасайтын. Асылбике апа қо­лына алған бөбек жылағанын бірден қойып, құлдыраңдап ойнап кететінін барған жанның бәрі айтады. Бойында осындай қасиет бар ана тек балаларды ғана қарайды. Жылда «Бегім ана» мұнарасына жол бас­тап, бізбен бірге барыңызшы» деп, қолқалап келетіндер бар. Қа­сиетті орынға тек қыз-келін­шектерге ғана баруға рұқсат етіл­­гесін, ешкімнің көңілін қал­дырып көрген емес.

Нұрлан аға «Әкеміз анам­ның күтіміне әбден үйренген. Біз қанша жағдайын жасасақ та, анамды іздеп отырады. Қа­зір көптен төсек тартып, тіл қатпаса да, әкемнен анам бір жерге барар алдында  рұқсат сұрайды» дейді.

Қанша жасқа келсе де, ерді сыйлаған, текті ананың болмысын түсіне бастағандай бол­дық. Отау құруларының өзіндегі түсіністік пен мейірім бұл отбасына әуелгі күннен орнық­қанын ұқтыратындай.

Арал аумағында жас кү­нінде балық аулап көрмеген жас жігітті кезіктірмейсің. Әсі­­ресе, көк теңізде тулаған тол­қын­мен тайталасып несібе терген ерлердің аман-есен орал­ған әр күні – тағдырдың сыйы. Ерғали аға да өзі ұнатқан қыз­ды ұзатып алып келеміз деген уәделі күні теңізге аттанып кеткен болатын. Көңілде уайым-қайғы жоқ. Сол күні дүлей дауыл тұрып кетер деп ойлапты ма? Жағадан едәуір ұзап кетіп, уәделі уақытта қыз­дың үйіне жету мұң болады. Қазіргідей уақыт болса, тойдың болмай қалуы да мүмкін бе еді. Бірақ, кешке көңілі көк теңізден де алай-дүлей болған жас жігіт үйіне келгенде таң-тамаша қалыпты. Ерғали тол­қынмен алысып жүргенде, ағайын-туыс, күйеу жігіттің орнына досы Құдайберген барып қалыңдығын үйге түсіріп қойыпты. Тәңірдің өзі сыйлаған қуанышты сол бір күннен кейін елу жыл бойы болмашыға жанжалдасып, бө­лі­ніп көрген емес.

Үлкен ұлдары Нұрлан аға сексенінші жылдардың соңында мектеп бітіріп, Ресей жерінде, одан кейін Оралда білім алды. Ол кезде орыстың жері түгілі облыс орталығының өзіне барып оқу үшін табандылық ке­рек. Сонда үлкендер жап-жас баланы шетке жіберуге қи­май, қорқасоқтағанда, «Бала­лар­дың үлкені. Мен оның аман-есен оқып келетініне сене­мін» деп анасы бірінші болып қолдау танытқан еді. Иә, үміт ақталды. Тұңғышы білім бәйгелерінде тек биіктен көрінді, бірнеше жылдан бері мектепте директордың орынбасары қызметін атқарады. Кей­де әртүрлі лауазымды орын­­дарға жұмысқа шақырған ұсы­­ныстар түседі. Сондайда әке мен анасының айтатыны: мансап қума, қызметіңе адал болсаң, абырой өзі келеді. Мұнан кейінгі ұлы Асхат та жоғары білім алып, Ақтөбеден ауқымды кәсіп ашты. Ал, бі­ліммен оза шапқан, мақтаулы үш қызы – бүгінде бір-бір әу­леттің келіні.  

Әдемі әндегі «жапырақ жай­ған бәйтерек, тереңге тарт­қан тамырын» деген теңеуді Ерғалидай әкенің отбасына айтсақ керек. Асылбике анадай ауылдың әрбір тұрғынына жанашыр, шамасы келсе әркімге көмектесуге дайын мейірбан жанның кең жүрегі, балаларына деген сенімі әрбір анада болса дейміз. Ал, ауылдағы әр үйде тазалық пен дархандық, кеңпейілділік болуы осындай қарттардың үлгі-өнегесінен, тәрбиесінен болса керек. 

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<