Жақында Шиелі ауданы Майлытоғай ауылының бір топ тұрғындарымен жүздестік. Олар газет арқылы өздерінің арыз-тілектерін құзырлы орындарға жеткізуді өтінді.
Айтпағымызды бірден сол кісілердің сөзінен бастайық.
Сейітмұрат Торғауытов, ауыл тұрғыны, еңбек ардагері:
– Біздің ауыл кеңестік дәуірде «1-Май» совхозының №4 фермасы болды. Аталарымыз дария жағасындағы жиде талы, шеңгел, жыңғылы қалың бұл жердің шұрайлылығын, аң-құсқа бай тоқшылығын мегзеп «Майлытоғай» деп атап кеткен. Алайда, біз аға ұрпақ кейінгі буынға осы ел-жұрттың қамын жеп, ат үстінде өмір кешкен Әжібай бидің атын аманаттауды қалаймыз.
Бұл пікірді ауыл тұрғындары бірауыздан түгел қолдап отыр. Осыны айғақтайтын жалпы көпшілік қатысқан жиналыстарымыздың хаттамасын 2018 жылдан бері аудан әкіміне бірнеше мәрте жолдап, қанағаттанарлық шешім таппадық.
Біресе пандемия, біресе санақ науқаны, біресе мораторий, ақырында әкім ауысып кетеді де, біздің даусымыз жартасқа айқайлағанның жаңғырығы болып қала береді.
Қонысбек Сәдібеков, осы ауыл тумасы, Қызылорда қаласының тұрғыны, зейнеткер:
– Деректерде Әжібай Қарпықұлы 1791-1866 жылдары өмір сүрген делінеді, халық аузында ірі денелі, сабырлы мінезді, сұлу кісі болған екен дейтін сөз қалған.
Ол Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін қолдаушы және оған белсене қатысушысы тарихи тұлға. Осыған байланысты Ресей үкіметінің қысымы мен қуғынына ұшырап, Сарыарқадан Сыр бойының Қоқан хандығына қарайтын Шиелі өңіріне көшіп келіп, қоныстанған. Әжібайдың халық ішінде өте ықпалды екенін таныған Қоқан ханы оны өз руының датқасы етіп бекіткен. Алайда, Әжібай атақ алдым демей, сол биліктің өзіне де қарсы бас көтерген батыр.
Сонымен бірге Әжібай төрт Қыпшақтың төбе биі атанған. «Төрт Қыпшақ» деп отырғаны – Түйішке, Көкмұрын, Қитаба, Шашты аталықтары. «Төбе би» – үлкен атақ, қазіргіше алсақ, жоғарғы сот. Міне, бидің осындай тұлғасы құрметтеліп, марқұм болған соң оның мүрдесі Қожахмет Ясауи пантеонына жерленген.
Осы бір елім, жерім, келешегім деген тұлғаға өзі өскен, ұрпағы тараған ауыл атын беру қай жағынан алғанда да сауапты да өнегелі іс болады.
Сәрсенбай Піртаев, Майлытоғай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Біздің ауылдық округ аты Майлытоғай болып сақталып қала береді. Ал, ауыл атын Әжібай би есімімен атауды барша тұрғындар қолдап отыр. Тарихи тұлғаның атын ауылға беру елдігіміздің, бірлігіміздің, ұрпақ тәрбиесінің бір көзі болмақ.
Осы хабармен Алматыдан бидің ұрпағы Гүлбаршын Зайырова арнайы келіп, аталары жатқан күмбез қорымды жаңғыртып, оның мемлекет қорғауына алынуына ықпал жасайтынын айтып қуантып отыр. Кәсіпкер қыз осыдан біршама уақыт бұрын Мұстафа Шоқайдың туған жері Наршоқыға граниттен белгі қойдырған болатын.
Ауылдан алты шақырым Итаяқ көлі деп аталатын маңда қамкесектен өріліп, шамамен 1940 жылдары салынған егіз күмбез әлі құламай тұр, мұнда бидің балалары мен бәйбішесі жерленген. Бидің баласы Тоқпамбет те би болып, ел ішінің бірлігін сақтаған белгілі есім. Оның аты Бұдабай ақынның жырларында да кездеседі.
Аудан басшылығы біздің ұсынысымызды қолдап, ауылға тарихи тұлға Әжібай би есімі беріледі деген сенімдеміз.
…Ауыл тұрғындары осылай дейді.
Кешегі кеңестік кезеңде атам аты ауылға, көкем аты көшеге деп Ленин мен Калининді айтпағанда мыңдаған мекен Мамаев, жүздеген ауыл Чапаев болған жоқ па?
Мемлекетіміз тәуелсіздігін алған тұста өз жеріміздің, елдігіміздің қорғаушысы, қамқоры болған тұлғалардың атын өзіміз тұрған ауылға беруге тоңтеріс қарайтындар әлі де бар.
Біз ауылдарға кісі есімін қоюдан бірнеше мәселе ұтамыз. Біріншіден, есімдер мен атаулар арқылы әр дәуірдің ескерткішін, құнды шежіресін сақтаймыз. Екіншіден, әрбір адамда ата-бабамның қаны тамған жерді көзімнің қарашығындай қорғап, құрметтеуім керек деген сезім оянады. Үшіншіден, сол топырақта туып, халық перзенті дәрежесіне дейін көтерілген аталарымыздың аты көпшілік аузынан күн сайын аталып, ұрпақ жадына орныға түседі. Келе-келе ол кісінің тұлғасы, ерлік істері, адами бейнесі өнеге бастауына айналады.
Ендеше, Майлытоғай тұрғындарының ұсынысына байланысты ономастика, антропономия негіздемесі жасалуы шарт.
Батыр атанған, би болған аталарымыздың аты өлмесін, өнегесі өшпесін дейміз.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»





