Айдынды жырдың Айнұры

481

0

Фото: автордан

Жыр – көнеден келе жатқан киелі өнер. Ал оның иесі болу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні һәм бағына бұйыра салмайтыны ақиқат. «Кие біткен адамға, дүние бітпейді», дегенді оқығанымыз бар еді. Әсіресе өмірден қыршын кеткен жандар жайлы еске алсақ кие қонған өнер иелерінің расымен де дүние жайында ойламағанын айқын аңғарамыз.

Сыр сүлейлерінің заңды жалғасы, терең жырдың арнасы Жиенбай жыраудың немересі, Үрістембек жыраудың бел баласы 1946-1973 жыл­дар аралығында өмір сүрген небәрі 27 жасында жыр жұлдызындай ағып түскен, қазақтың күміс көмей Көшенейі атанған жырау Көшеней Рүстембеков еріксіз еске түседі. Көшеней жайында белгілі режиссер Болат Мансұров өзінің естелігінде: «Көшеней Рүстем­беков өшіп бара жатқан жыраулық өнердің қайта өрлеуіне тың түрткі болды» деген болатын. Шындығында киелі өнердің жалғасып, үзілмеуіне Көшеней жырау себепші болды. Өнердің өлкесі жыр жұлдызының ағып түскенін күні бүгінге дейін еске алып, жадынан шығарған емес. «Жақсының аты өшпейді, Дүниеден ерте көш­кенмен» деп Сейітжан ақын жырлағандай, өз перзенті халық жадында мәңгі сақталады. Көшекеңнің кейпіне еніп, Қорқыт баба қобызының сарыны мәңгіге қалған киелі Қармақшыдан шыққан, бар-жоғы 22 жасында сұм ажалдың қармағына ілінген жалынды жас жыршы Айнұр Ешбаева болатын.

Айнұр Ешбаева Жосалы кентінде 1975 жылдың қыркүйек айының 9 жұлдызында қарапайым отбасында дүниеге келген. Өзінің жыр бастауында:

Сұрасаң руым Алаша,

Тарихы терең тамаша.

Жырау бабам Күндебай,

Мақам мен сазы жаңаша.

Ұрпағы соның Айнұрмын,

Шығады терім таң аса.

Жақұтын жырдың жинайын,

Бал жинаған араша.

Есімі Бостан әкемнің,

Сүйреді алға шанаша.

Анамның аты Катима,

Көз тойған көркі қараса.

Нағашым Алтын Мәметек,

Түйесін сояр қаласа, – деп, топқа кірерде бала болса да, көне жыраулардың сарынымен тектіліктің туын жықпай жырмен жорғалатып, мақпал мақамымен иіріп салар талантқа тән құбылыс еді.

Айнұр Бостанқызы шын мәнінде киелі өнердің жаңа жанған жұлдызы еді. Ес білгелі ата жырға құштар болуы тегін емес. Кешегі Нартайдың жанында жүріп, жыр жырлаған Күндебай Алдоңғаровтың ұрпағы. Ата-анасының төр қонақтары Қали Шыңғысов, Шәмшат Төлепова, Сантөре Пірманов, Бидас Рүстембеков, Бейбіт Ахметов, Алтай Үсенов, Қуан Байқожаевтар сол кездегі шоғырлы өнердің зиялы қауымы еді, қарашаңырақта бас қосып, талай-талай өнер мерекесін жасады. Айнұр өнер өлкесіне осылайша өз қосын тікті. Өнердің өз адамы болды. Жырау Бидас Рүстембековтен дәріс алып, Жиенбай жырау мектебінің көрнекті өкіліне айналды. Жыр анасы атанған Шәмшат Төлепованың көзі тірісінде батасын алып, екінші Шәмшат деп те аталып жүрді. Қармақшының қарлығашы ұядан ұшып, 1990 жылы Қызылорда қаласына келді. Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің күй класына оқуға түсіп, белгілі күйші Ерболат Мұстафаевтан дәріс алып, 1994 жылы тәмамдаған. Жанына жырға, күйге, әнге құштар жандар жи­налды. Көпшіл, қамқор, думаншыл Айнұр Ешбаева бір сәт жолыққан жан­ның жадында мәңгі қалған. Онымен сапарлас, аралас, жұмыстас тіпті өмі­рінде бір көрген жандар естелік айтып тауыса алмайды. Себебі бойына біткен өнерді бағалағанға иіле алған жан.

Аз өмірінде облыстық халық шы­ғармашылық орталығында, Қызылорда телеарнасында қызмет атқарған. Оның жыр қорында Сыр сүлейлері Ешнияз салдан бастап, Базар жырау, Омар ақын, Тұрмағамбет, Кете Жүсіп, дүр Оңғар, Сейітжан, Жиенбай жы­раулардың шығармалары орын алды. Сәбит Дөнентаевтің «Талап» деген толғауын ерекше шабытпен орын­дайтын. «Қарлығаш пен Дәуіт» мысалын, «Көрұғлы» жырын, Тұр­мағамбеттің «Рауа бану» дастандарын мың құбылта, көне жыраулардың тылсым тынысымен орындағанда, қалың тыңдарман бөлек әлемге енгендей кейіпте болатын. Ұстазы Бидас жырау әр мақамның ерекшелігін ұғындыра отырып, орындаушылық шеберлігін шыңдай, бойындағы талантты аша білген қас шебер. «Тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе»  демекші ол Айнұр жайлы сөз қозғалса, жанарына жас толады. Айнұр Ешбаева киелі жыраулық өнер арқылы елге танылды. Еліміздегі өткен неше дүркін байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Кеңшілік Мырзабековтің «Көз алдымда тұрсың сен..» сөзіне жазылған Айнұр Ешбаеваның әнін уақытында Мақпал Жүнісова, Елена Әбдіхалықова орындап кеңінен таратса, кейіннен Эльмира Қанатбаева бейнебаян түсіріп көпшілікке ұсынды. Бойын жасырып жүріп, топқа түскенде қара ілестірмей кететін жүйріктігін мойындатқан Айнұр жолдасы Рахматтула Жолтаев­пен бірге жол апатына ұшырап, шіліңгір шілдеде Шиелінің жерінде 22 жасында қапыл дүние салды. Туған жері де, келін боп түскен елі де есімі ардақтап, еске алу кештерін өткізіп келеді. Осы жылы Айнұр Ешбаеваның 50 жылдығына орай облыстық филар­мония жанынан құрылған Жыраулар үйінде «Айдынды жырдың Айнұры» атты және Қармақшы аудандық Көшеней Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен «Жақұтын жырдың жинаған» атты еске алу шаралары өтеді.

1996 жылы «Сыр күмбез» атты бағдарламада журналшы Несібелі Рахметоваға берген сұхбатында өнерге ізінен ерген сіңлісі Айгерім келе жатқанын айтқан. Бүгінде жырау Айгерім Ешбаева топқа түсіп төселген өнерпаз. Жүз жырау шыққан елде Шәмшат апамыздың шырақшысы, Айнұрдың көзіндей болып жыраулық өнерге қызмет етуде. Жасынан жанына еріп, еркелеп өскен сіңлісі Назерке Бостанқызы облыстық жыраулар үйінде қызмет жасауда. Осылайша оның өнердегі ғұмыры жалғасуда.

Серік ЖАҚСЫҒҰЛОВ,

жырау,

ҚР мәдениет саласының үздігі