Биыл жарыққа шыққан жаңа кітаптар ішінде «Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» деп аталатын танымдық дүние бір жарым ғасырлық тарихы бар мәдени ескерткіштің өткені мен бүгінінен мол мағлұмат береді.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жарық көрген тарихи деректі еңбектің авторлары: Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» Ұлттық сыйлығының иегері Нұрсұлтан Мықтыбай және Қызылорда қалалық «Айтбай» мешітінің имамы Асхат Асқарұлы.
Кітап Алматы қаласы, «Дәуір» баспасынан шыққан. Онда «Айтбай» мешітінің 150 жылдық тарихы терең тарқатылып, архив деректеріне сүйене отырып жазылған түрлі мәліметтер оқырманға барынша түсінікті баяндалған. Айталық, Сыр өңіріндегі ең көне сәулет ескерткішінің арғы-бергі тарихында айқын ізі қалған саяси оқиғалар әсері, аңыз бен ақиқат арасы айқындалып, сондай-ақ ел ішінде айтылып жүрген алыпқашпа әңгімелерге тұжырымды жауап берілген.
Кітаптың кіріспесінде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Тұтас дәуірдің жүгін арқалаған» деген тақырыптағы мақаласы жарияланған.
«Асыл дініміз Исламның ең үлкен құндылықтарының бірі – мешіт. Шариғатымызда «Мешіт – Аллаға иман келтірген мұсылмандар жиналып, намаз оқитын, өзге де құлшылықтарын жасайтын қасиетті мекен» деген ұғымды білдіреді.
Қазақ жерінде мешіт салу ісі кейбір ғасырлардағы жаугершілік, шапқыншылыққа ұшыраған кезеңдерді қоспағанда, бір тоқтаған емес. Еліміздегі ең көне мешіт ретінде 893 жылы Тараз шаһарында салынған құлшылық үйі, кезінде «Кедер» деп аталған қазіргі Құйрықтөбеде болған имандылық орны, Маңғыстаудағы IX-X ғасырларда салынған «Шақпақ ата» мешіттері саналады. Жалпы Испиджаб, Баласағұн, Фараб, Сығанақ сияқты көне қалаларымызда небір зәулім мешіттер болғандығына тарих куә. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз салдырған жертөле (қылует) мешіттен бастап, Құнанбай қажы тұрғызған ғибадат үйіне назар аударсақ, мешіттердің халқымыздың өмірінде қаншалықты үлкен маңызға ие болғандығын көреміз.
«Алаштың анасы» атанған Сыр өңірінде де тарихы тереңнен бастау алатын Алланың үйлері жетерлік. Солардың арасында биыл іргетасы қаланғанына бір жарым ғасыр толып отырған «Айтбай» мешітінің орны мүлде ерекше. Себебі, ол – Қызылорда облысындағы ең көне құлшылық үйі ғана емес, сонымен қатар, сәулет өнерінің де ең ескі ескерткіші болып табылады» деп жазады Наурызбай қажы Тағанұлы.
Кітапта баяндалғандай, «Айтбай» мешітінің құрылысы 1875 жылы басталып, 1878 жылы толық аяқталған. Осы орайда мешітті кім салғаны немесе салдырғаны туралы дәлел-дәйексіз, тіпті ел ішінде дау тудырған әңгімелер бар екенін айтып өтуіміз керек. Кітап авторлары осы даулы тақырыпты архив деректері арқылы анықтап, нүкте қойыпты.
Өзбекстан Республикасының Ұлттық архивінде «Сырдария облысындағы діни құрылыстар» деп аталатын үлкен томның ішінен табылған бір құжатта «Проект каменной мечети, предпологаемый к постройке в форте Перовском Туркестанской области купцом Айтбаем Балтабаевым» деп аталатын мешіт жобасының сызбасы (1878 жыл) сақталған екен. Осы дерек «Айтбай» мешітін көпес Айтбай Балтабаевтың салғандығына айқын дәлел болады.
Мешіт ғимараты алғаш рет 1979 жылы маңызды мәдени ескерткіш санатында мемлекеттік қорғауға алынған. Кітапта келтірілген деректерге сүйенсек, осы жылы облыстық мәдениет басқармасының бастығы Ж.Үмбетов Халық депутаттары Қызылорда облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы Ш.Бәкіровке арнайы хат жазып, «Айтбай» мешітін мемлекеттік қорғауға алу туралы ұсынысын жеткізеді. Арада 20 күн өткенде аталған комитеттің шешімімен Қызылорда облысы бойынша 28 жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген «Айтбай» мешіті мемлекет қорғауына алынған. Тағы бір дерек, Қазақ ССР министрлер советінің қаулысымен 1982 жылы еліміздегі бірқатар мәдени ескерткіштердің мемлекет қорғауына алынғаны нақтыланған. Оның ішінде Қызылорда облысынан тізімге алынған 21 мәдени нысан қатарында «Айтбай» мешіті де бар. Аталған мешіттің құжаты 1980 жылы жасалды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, ел өмірінде орын алған саяси оқиғалар, «Айтбай» мешітін де айналып өтпеді. Мешіт үйі 1940-1970 жылдарда жатақхана, мал өсірушілер мектебі, корей театры, ауылшаруашылық бөлімі ретінде пайдаланылды. Ал 1988 жылы мешіт ғимаратын облыстық филармонияға беру туралы шешім қабылданған. Алайда Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібектің өңірге келген сапарында «Айтбай» мешітіне қатысты мәселе де арнайы қаралып, ғимаратты филармонияға беру туралы шешімнің күші жойылып, мешіт қалпында қалдырылады. Бұл туралы мемлекет және қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір өзінің бір мақаласында жазған екен.
«Айтбай» мешітінде ең алғашқы имам 1888-1917 жылдар аралығында Ысқақ Ғайыпов болса, одан бері – 2024 жылғы бас имам Асхат Асқарұлына дейін он үш имам ауысқан екен.
Сол 1989 жылдары (Өзбекәлі Жәнібековтің ықпалымен) діни нысан ретінде қайта пайдалануға берілген «Айтбай» мешітінің имамы Жалағаш ауданының тумасы Ыдырыс Ақмырзаев есімді кісі. Атақты «Көкілташта» білім алған, ел ішіндегі өте сауатты имамдардың бірі болған. Ол кісі осы мешітте 1993 жылға дейін имам қызметін атқарған. Күні бүгінге дейін халық арасында есімі құрметпен аталады.
Тарихи деректер негізінде жазылған кітаптың ішіндегі әрбір тақырып нақты айғақтармен беріліп, бөлек-бөлек қорытынды жасалған. Жалпы оқырманға арналған танымдық еңбек тарихи маңызды деректерімен құнды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





