Сурет ашық дереккөзден
Оңай жолмен табысқа кенелемін деп, артынан сан соғып қалғандар қатары көбеймесе, азаяр емес. Жылдан жылға жаңа түрлері белең алып барады. Елімізде ғаламторда отырып, жұрттың жылдар бойы жинағанын әп-сәтте соқыр тиынына дейін қалдырмай қағып алатын алаяқтарға қарсы шаралар күшеюде. Соған қарамастан жылтыр дүние мен қызыл ақшаға қызығып, опық жегендер қатары толастамай тұр. Сандарға көз жүгіртсек, елімізде өткен жылы алаяқтыққа байланысты 40,8 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл – біз білетіні ғана. Білмейтініміз қаншама?! «Өлімнен ұят күшті» деп «жұрттың алдында масқара болмайын», «алданғанымды ағайын білмесін», «арыздансам қайта-қайта құқық қорғау органы шақырып, мазамды алады» деген оймен құқық қорғаушылардан жасырғандар да жетіп артылады. Егер олардың бәрін тізбектесек, ресми санның шарықтап шығары анық. Осы ретте заңды сауал туындайды. Неге алаяқтар көбейді? Мұның себебі неде? Неге халық арбауға жиі түсіп жүр? Кеңінен тарқатайық…
96 миллиард теңгені қалтаға басқан
Өткен жылдың қаңтар-қараша айларында ҚР Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде «Алаяқтық» бабы бойынша жоғарыда айтқанымыздай 40,8 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,6%-ға өсіп отыр.
Мұндай құқық бұзушылықтардың жартысына жуығы интернет-алаяқтық, яғни 19,9 мың жағдай орын алып, жылдық өсім 5,8%-ды көрсетті. Сондай-ақ, төлем карталарын пайдалану бойынша 267 жағдай, кредит беру саласында 53 жағдай, ақшалай қаражатты қарызға алу жолымен 41 жағдай және т.б. алаяқтық әрекеттер тіркелген.
«Алаяқтық» бабы бойынша ең көп қылмыстық құқық бұзушылықтар Алматыда (8,5 мың жағдай), төмен көрсеткіш біздің өңірде (615 жағдай) тіркеліп отыр.
Өткен жылдың он бір айының қорытындысы бойынша алаяқтық құқық бұзушылық жолымен келтірілген залал 96,5 млрд теңгені құрады. Оның басым бөлігі 54,2 млрд теңге мемлекетке, 3,7 млрд теңге заңды тұлғаларға, 38,5 млрд теңге жеке тұлғаларға залал келтірілген. Бұл алаяқтар айылын әлі де жимай тұрғанын көрсетеді.
Түрленген тәсіл
«Саламатсыз ба? Сізді мен үлкен жобаға шақырғым келеді. 10000 теңгеге зат алып, 100000 теңге табысқа шығуға болады. Қаншама жан миллиондап табыс табуда».
«Саламатсыз ба? Мен банк менеджермін. Сіздің депозит есеп-шотыңыздан ақшаңыз алынуда» деп басталатын хабарлама мен телефон қоңыраулары бәріңізге таныс болар. Күніге болмаса да күнара осындай қоңырау адамдарға жиі соғылады. Банктің атын жамылған алаяқтар өз тәсілдерін күнде өзгертіп отырады. Қазір қоңырау шалғаны былай тұрсын, «Whats App» мессенджері арқылы жақын адамдардан ақша сұраған хаттар келуде. Жақынының жаны қысылғанын көріп тұрған адам ойланбастан беретіні анық. Осыған қарап алаяқтардың нағыз психолог екенін аңғарасың. Расымен, адамның ең бірінші неге әуестенетініне, неге қызығатынына оның психологиялық ерекшеліктеріне, жауап беруіне, сөйлегеніне қарай отырып тез алдап, пайдаланып кетеді.
Қазақстандағы, Орталық Азиядағы және Моңғолиядағы Kaspersky зертханасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, былтыр еліміздегі қолданушылардың үштен біріне жуығы телефон алаяқтығына тап болған. «Kaspersky Who Calls» мәліметтері бойынша, 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында спам-қоңыраулар алған еліміздегі пайдаланушылардың үлесі 76,2%-ды құраған. Сонымен бірге шамамен үштен бірі яғни, 30,3%-ы алаяқтарға тап болған. Жыл өткен сайын мұндай қоңыраулардың саны артып келеді. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығында 74,7%-ы спамға тап болса, екінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 85,8%-ға жеткен. Жыл аяғына қарай алаяқтар белсенді бола бастаған. Олар қоңырау шалған пайдаланушылар үлесі 23,2%-дан 42%-ға дейін өскен.
Зертхана сарапшылары алаяқтардың дәлелденген схемаларды пайдаланатынын айтады. Олардың алаяқтық айласының ішінде құқық қорғау қызметкерлері ретінде хабарласатын қоңыраулар да бар. Шабуыл жасаушылар ондайда адамды тергеумен айналысып, әңгіме барысында оның жеке ақпаратын немесе банк картасының деректемелеріне қол жеткізеді.
−Алаяқтарды тану қиын емес. Ондайлар өзімізге де хабарласады. Мынаны ескерген жөн, банк қызметкерлері ешқашан карта номері, құпия сөздер туралы ақпаратты сұрамайды. Біз тек акция немесе қызметтік шарттар өзгерген жағдайда, пайыздық өзгерістер орын алғанда ғана хабарласамыз. Дегенмен оның барлығын біле тұра алданып қалатындар да баршылық. Егер бөгде адамдар хабарласып, сіздің шотыңыз арқылы аударымдар жүріп жатқанын айтса, қандай да бір сілтемеге кіруді ұсынса, шұғыл түрде банкке бару немесе жедел түрде анықтамалық телефон желісіне қоңырау шалу қажет. Ешқашан бейтаныс қоңырау шалушының айтқанын орындауға болмайды. Сондай-ақ көбіне банк қызметкері сұрақ қойғанда таңдауды тұтынушының өзіне қалдырады. Ал кредит рәсімдеу тұтынушының өзін суретке түсіру арқылы жүзеге асады, − дейді «Форте банк» акционерлік қоғамының бөлшек-сауда бизнес бөлімінің басшысы Бахытбек Әбдіқайыров.
Сонымен бірге танымал алаяқтықтың бірі – жүлде ұтып алу. Бұл схемаға сәйкес пайдаланушыларға автокөлік не одан бөлек бағалы сыйлық ұтып алғаны туралы хабарланады. Содан кейін олар өз деректерін енгізуді талап ететін фишинг сайтына бағытталады. Нәтижесінде олардың деректері алаяқтың қолына түседі. Сондай-ақ алаяқтар жүлдені өңдеу үшін пайдаланушылардан шағын комиссия төлеуді сұрауы да мүмкін.
Алаяқтықтың енді бір кең тараған түрі – Іnstagram желісі арқылы тауар сату. Ол күнделікті тұрмыста қолданылатын заттар, косметика, киім-кешек болуы мүмкін. Олар мүлдем жоқ тауарды жеткізіп береміз деп халықты алдайды. Мысалы өткен жылы Айс Мұратова есімімен танылған Арайлым Қожамұратова Қытай мен Қазақстан арасында арзан тауар әкелемін деп қаншама адамнан 30 млрд теңгені жинап, қалтасына басты. Бұл аздай елімізде жиһаз, төсеніштер береміз деген желеуге сеніп сан соғып жатқандар да кездеседі. Сол үшін тауарға тапсырыс бермес бұрын интернет дүкені туралы мәліметті толық тексеріп алған жөн.
− Телефондағы алаяқтық тек Қазақстанда емес, сонымен бірге басқа елдерде де негізгі киберқауіптердің бірі болып қала береді. Мұндай жағдайлардың көбеюі шабуылдаушылар схемаларының әлі де тиімді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Олардың арбауына алданып жатқандар әлі де көп. Алаяқтар енді мессенджерлер арқылы қоңырау шала бастаған. Айта кететін жайт, шабуылдаушылар өздерінің схемаларын күн тәртібіне бейімдей алады, – деп ескертеді Kaspersky зертханасының Қазақстандағы, Орталық Азиядағы және Моңғолиядағы басқарушы директоры Валерий Зубанов.
Қаржы пирамидасының қайығына отырғандар да көп
Өзінің жұмысын әртараптандырып үлгерген алаяқтықтың бірі – қаржы пирамидасы. Олар да әлеуметтік желіге көшті. Өздерін инвестициялық ұйым ретінде көрсетіп, жоғары және тұрақты табыс әкелуге уәде береді. Мәселен, өткен жылы «Chia-Tai» қаржы пирамидасының Қызылорда қаласындағы құрылымдық бөлімшесін басқарған күдікті ұсталды. 1992 жылы туған қызылордалық азаматша Қызылорда қаласы аумағында 2022 жылдың қарашасы мен 2023 жылдың сәуірі аралығында, қаржылық пирамида құрып, тартылған қаражатты қабылданған мiндеттемелердi қамтамасыз ететiн кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбаған. Түрлі бағадағы дәрілік препараттар пакетіне инвестиция жасау арқылы күнделікті табыс табуға болатынына халықты сендірген. Осылайша 26 салымшыға жалпы көлемі 26 130 190 теңге болатын аса ірі мөлшерде мүліктік залал келтірген.
Сонымен қатар түрлі сағаттар, алқалар, сақиналар және басқа зергерлік бұйымдарды, сондай-ақ шетелге тегін саяхат сапарлары мен құны шамамен 2000 доллар тұратын басқа да тұрмыстық тауарларды сатып алу арқылы тұтынушыны өзіне тартатын «Qnet» компаниясына алданғандар да өңірімізден табылады. Осыған байланысты 3 күдікті қамауға алынды. Қызылорда қаласының аумағында «Qnet» компаниясының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырған азаматтар желілік маркетинг және электрондық коммерция деген желеумен Қызылорда қаласының 35 тұрғынынан 2019-2022 жылдар аралығында 44 млн теңгеге жуық ақша тартқан. Тергеу барысында жәбірленушілердің компанияға 840 мыңнан 1 млн 200 мың теңге көлемінде қаржы салғаны анықталды.
− Елімізде 2021 жылдан бастап жобалық тәсілдің және қазіргі заманғы IT құралдарын енгізудің арқасында жалпы қаржы пирамидаларымен күресте оң динамика байқалады. Былтыр 10 мыңға жуық сайттар мен аккаунттар бұғаттауға енгізіліп, оның 7,8 мыңы бұғатталды. Сондай-ақ жарты миллионнан аса оқырманы бар 62 чат пен 51 аккаунт бейтараптандырылды.
Ал Qnet және Chia-Tai пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 40 салымшыға 53 млн теңге сомасына келтірілген залал толық өндіріліп, 47 млн теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынды, − дейді Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Майра Оралбаева.
Міне, бұл біздің білетініміз ғана. Түрлі қаржы пирамидасының соңынан әлі де еріп жүргендер қаншама? Өкініштісі − оңай жолмен тез баюды көздейтіндердің арамызда көптігі. Халық әр жылдары қаржы пирамидасына оңбай алданып, талай рет таяқ жеп келе жатса да, сабақ алар емес. Ал мұны психолог Жұмагүл Тасболатқызы адамдардың қаржылық сауаттылығының төмендігімен байланыстырады.
− Жалпы алаяқтарда әлеуметтік инженерия деген тәсіл бар. Ол дегеніміз − алданушы немесе құрбан болушы адамды тез шешімге келуге асықтыру немесе қоқан-лоққы көрсету яғни кибербуллинг жасау деген сөз. Алаяқтарға көп жағдайда балалар мен жасөспірімдер және зейнеткерлер жиі құрбан болып жатады. Себебі осы санаттағы адамдар сенгіш болып келеді. Бұл жағдайды психологиялық тұрғыда екі жақты қарауға болады. Біріншіден, алаяқтардың құрбандары болатын адамдарда эмоционалды интеллект жоқ, сол себепті олар жиі манипуляцияның құрбаны болады. Екінші жағынан бұндай адамдарда критикалық ойлаудың жоқтығы. Мысалы олар алаяқ алдап жатқанда ондай болмауы мүмкін ғой деп тексеріп ізденбейді. Бұл қаржылық сауаттылықтың төмендігін білдіреді, − дейді психолог.
P.S. Әлемнің кез келген жерінде отырып алаяқтар өз ойларын іске асырады. Айласын түрлі жолмен асыратын олардың ойына құрық бойламайды. Қаржы пирамидасының қаупі жайлы елімізде көпшіліктің жетесіне жеткізіп-ақ айтылып келеді. Соны біле тұра адамдардың бір нәрсе ұтып қалармын не бұйырып қалар деген оймен өзінің алдыңғы ісінен сабақ алмай қайта ұрынатындарын қайтерсіз?
Шыны керек, адамдардың бірін-бірі алдауға, арбауға дайын тұратын, аңқау елге арамза молда болғысы келетіндер қатары көбейген қазіргі қоғамда өз-өзіңе бекем болмасаң қиын. Бұл ретте біз әрбіріңізді қаржылық сауатты болуға шақырамыз.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<