Алақанына құт дарыған

777

0

15 қазан – Ауыл әйелдерінің бүкіләлемдік күні. Бұл күнді атап өту идеясы 1995 жылы Бейжіңде өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының IV әйелдер конференциясында ұсынылып, қолдау тапқан. Осы жылдан бастап әлемде ауыл әйелдерінің күні аталып өтеді. Деректерге көз салсақ, олар жер шары тұрғындарының төрттен бір бөлігінен астамын құрайды екен.

Тақырыптың төркініне бойлап, ауыл әйелдеріне айрықша көңіл бөлудің себебін қарастырдық. Әлемдік көзқарас бойынша олар көп жағдайда өздерінің жерге деген құқықтарын қорғай алмайды, өмірлік маңызы бар қызметтерге қол жеткізу мүмкіндіктері жоқ. Әлемде ауылдық жерлерде тұратын миллиондаған әйел кедейшілікте өмір сүреді екен. Сол себепті олардың қоғам өміріндегі үлесі көптеген елде елеусіз қала береді.

Иә, әлемнің әр бұрышында табиғи жағдайына, тұрмыс салтына қарай қалыптасқан өмір сүру дағдысы бар. Ал біз өзіміздің қазақы ауылдың өміріне ой жіберейік. Шындығын айтсақ, ауылдың тұрмыс-тіршілігінде қала өміріне қарағанда біршама айырмашылық бар. Соның бірі – ауыл отбасылары көпбалалы болып келеді. Оларды тәрбиелеп өсірудің де өзіндік қиындықтары бар. Айта кетейік, бала тәрбиесінде ананың орны бөлек.

Тағы бір өзіміз білетін жайт, әр отбасында күнкөріс көзі ретінде мал ұстап, оған қажетті күтім жасайды. Төрт түліктен алатын ағарғаннан бірнеше тағам түрлерін әзірлейді. Бұрын ауыл әйелдері ошаққа от жағып, ас әзірлеп, самаурынға шәй қоятын. Күнделікті нанды ауладағы пешке, табаға көметін. Келіге тары түйіп, күбіге айран піседі. Бақша егіп, көкөніс, жеміс-жидегін жинап алады. Одан тосап қайнатып, тұздықтар дайындайды. Сондай-ақ, ертеректе әр шаңырақта бір-бір киіз үй болатын. Жаз шыға киіз үйді тігіп, қысқа қарай жығатын. Оны күтіп-ұстаудың, құрып-жинаудың машақаты өз алдына. Текемет басып, кілем тоқып, сырмақ сыруды айтпай-ақ қоялық. Иә, оңай емес, әйтсе де осы тірліктердің бәрін әйелдер атқарады.

Ал енді осы кезең – тәуелсіздіктің отызыншы жылындағы өзгерістерге тоқталсақ, ауыл тұрғындары да заманауи технологияның жетістігін кеңінен қолданып отыр. Жоғарыда аталған күнделікті үй тірлігінің көбі тұрмыстық техникалардың мойнына артылған. Ал әйелдердің қоғамдағы орнына келсек, арнайы білімі бар мамандардың қай салаға да жұмысқа орналасуына еш кедергі жоқ. Сол сияқты, кейінгі жылдары кеңінен өріс ала бастаған кәсіпкерлік саласында әйелдердің үлесі артып келеді, оның ішінде ауыл әйелдері де аз емес. Бұдан бөлек, қоғам талабына үн қосып, халықтың мұң-мұқтажын шешуде жергілікті мәслихаттар мен Парламент қабырғасында белсенділік танытып жүргендері де бар.

Бүгінде әлемдік ақпарат кеңістігіне зер салсақ, жақсы жаңалығымен қатар, жаға ұстататын жайттар да жетіп артылады. Осы тұрғыдан келгенде отбасы құндылығын сақтап, бала тәрбиесінде барынша мұқият болу қажеттігі басты мәселеге айналып отыр. Ал жоғарыда айтып өткеніміздей, бала тәрбиесінде бірінші кезекте ананың орны оқшау тұрады. Оның үстіне, ауыл баласының тәрбиесінде үлкен салмақ жатыр. Айталық,  салт-дәстүр, әдет-ғұрып дейтін ұлттық ерекшелігіміздің түп тамыры сол алақандай ауыл топырағынан бастау алған. Сондықтан болар, кішіпейілділік, төзімділік пен табандылық ауыл балаларына тән қасиет.

Қазір елімізде әйелдердің қоғамдағы орнына байланысты аса көп айырмашылық жоқ. Тек тұрмыстық жағдайына келгенде ауыл әйелдерінің көптеген қиындықтарды артқа тастап, нәзік болмысымен өздеріне артылған жауапкершілік жүгін қайыспай көтеріп келе жатқанын айтып өткеніміз жөн. Алақанына құт дарыған ауыл әйелдеріне айрықша көңіл бөлініп, арнайы күн белгіленгені олардың аяулы болмысын айқындай түседі.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<