Екі жүз жылдық тарихтың дүбірлі тойы өтуде. Қызылорда қаласындағы мерейтойлық шараның алғашқысы Алаштың бас ақыны Абайға арналған. Әдеби жыр марафоны Абай аллеясында «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атауымен өткізілді.
Бүгінге дейін қазақта Абайдан асқан ақылшы жоқ. Себебі, Абай –ұлттың ойлау деңгейін келесі кезеңге көтерген тұлға. ХХ ғасырдың 20-жылдарында «Жаңа әдебиет» журналында «Мен қалай жаза бастадым» деген айдар болған. Сонда Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер алғашқыда қалай жазғандарын еске алады. Бәрінде бір ұқсастық бар. Абайды оқыған, содан кейін ғана жаңа деңгейге көтерілген. Үлкен өркениет қалыптаспаған Жидебайда отырып-ақ, адамзаттың ой кеңістігін еркін аралап, ұлт ретінде жойылмаудың формуласын айтып кеткен тұлға елді ел болуға шақырды.
Жыр марафонына «Таным», «Абайтану» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, педагогика ғылымдарының кандидаты Абат Жолдасова, балалар ақыны Рахат Наурызбаева, жазушылар Мұхамеджан Нұрханов, Несібелі Рахмет, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қадиша Қорғанова қатысып, Абайды толық меңгерсек қана рухани тұрғыда жаңғыратынымызды басып айтты. Сондай-ақ, белсенді жас оқырмандар ақын өлеңдерін жатқа оқып, үш тілде өмір жолын баяндады. Жыр додасы ел есінде Абайдың қара сөздері мен әндерін де қайта жаңғыртты.
Қазақ хәкім атауын тек екі адамға арнап айтқан, соның бірі – Абай. Қызылордадағы үшінші жүз жылдықтың бастауында хәкім Абайдың ұлықталуы маңызды қадам болды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<